Аумақ ұлғайып келеді
Қызылорда. Қала әкімі Ғанибек Қазантаев Талдыарал елді мекенінде болды. Ең алдымен ауыл шетінен көшіп келушілерге арналған жер учаскелеріне жүргізілетін инфрақұрылым жұмысының жай-жапсарымен танысты.
Қазірдің өзінде 250-ге жуық тұрғын орналасатын аумаққа тас жол төселген. Алда электр бағаналары орнатылып, ауызсу желісі тартылады. Мақсатты шаруа жыл соңына дейін аяқталады. Қала әкімі ақсақалдардың ұсынысына сәйкес, амбулатория мен футбол алаңын салу және ауызсу мұнарасын орнатуға мүмкіндіктер қарастыратынын айтты.
Ән падишасы – Роза
Арал. Аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық артисі, КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы, күміс көмей әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына орай «Ән падишасы – Роза» атты шығармашылық кездесу өтті.
Кездесудің қонағы ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сыздықовтар отбасылық ансамблінің мүшесі, әнші Базар Қостаева болды. Ол Аралға жолы түскенде Роза Тәжібайқызының шаңырағында болып, дастарханынан дәм татқанын айтып, өнер иесінің пайымы, бекзат болмысы, тектілігі жайлы әсерлі естеліктерін бөлісті. Мәдениет орталығының директоры Маруся Нұрмағамбетова кеш қонағына құрмет көрсетті.
Жылу мәселесі пысықталды
Қазалы. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі «Қазалы-Теміржолжылу» филиалына барып, жылу орталығын аралады.
Айта кетейік, Әйтеке би кентін орталықтандырылған жылу энергиясымен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы қамтамасыз етеді. Мәселен, орталықтан 12 теміржол, 65 тораптық және бюджетке қарасты 23 мекеме жылу энергиясын алады. Сонымен қатар, 4 бесқабатты, 69 екіқабатты тұрғын үй және 194 жеке тұрғын 2 мешіт жылумен қамтамасыз етіледі. Қазір тұтынушыларға жылу қалыпты берілуде. «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы директорының кеңесшісі Нұрылда Әбілдаевтың айтуынша, жылудың орталықтан шығу температурасы 74 градусты көрсетсе, қайтуы – 58 градус.
Көне жәдігерлер көрмесі
Қармақшы. Әрбір қолөнер туындысы – өз заманындағы адамдар мәдениетінің үлгісі, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақты көрінісі. Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» тақырыбында көрме жасақталып, оны №183 мектебі мен №250 мектеп-лицейінің оқушылары тамашалады.
Көрмеге аудан қолөнер шеберлерінің туындылары, музей қорында сақталған ағаштан және жүннен жасалған заттар қойылды. Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының ұмытылып, назардан тыс қалып бара жатқан этнографиялық жәдігерлерінің сырын халыққа түсіндіріп, кеңінен насихаттап жеткізу.
Өзекті тақырыптар талқыланды
Жалағаш. Аудан әкімі Асылбек Шәменовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Онда үш мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімі аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Г.Жарылқасынова жалпы құжат айналымы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, жергілікті атқарушы органдардағы орындаушылық тәртіптің жағдайы туралы айтты. Аудан басшысы құжатайналым жүйесіне бақылауды күшейтуді тапсырды.
Екінші мәселе бойынша коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және халықты жаппай ревакциналауды күшейту туралы аудандық аурухананың бас дәрігері Е.Мақсұтов баяндама жасады. Аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Б. Нұрмаханов өз саласы бойынша хабарлама жасады.
Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды
Сырдария. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бірқатар ауылдық округтерде болып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады.
Шаған ауылының тұрғындары жол, жарықтандыру және аяқсу қажеттігін айтып, ұсыныстарын білдірді. Бұл елді мекенде Әби Омаров, Аябек Төлебаев көшелерін асфальттау мен жарықтандыру бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар ауыл көшелерін ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізуді ауыл әкіміне тапсырды.
Жылды қорытындылады
Шиелі. Ауданаралық аурухананың мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың төрағалығымен жылдық есеп беру жиыны өтті.
Есептік кездесуде аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әмірұлы 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, ауданда Ызакөл мен Ақтам медициналық бекеттерінде жаңа амбулатория ашылды. Аудандық емханаға толық жабдықталған лабораториялық, стоматологиялық, окулистік, лор, акушер-гинекологиялық, елді мекендерге арналған профосмотрлық-скринингтік тексеру жүргізуге жылжымалы көлік берілді. Сонымен қатар ол осы жылға арналған жылдық жоспармен таныстырды. Басқарма басшысы атқарылған жұмыстарға тиісті бағасын берді.
База жасақталды
Жаңақорған. NEET санатындағы жастардың дерекқор базасын жасақтау, оларды жоспарлы оқыту, жұмыспен қамту мен әлеуметтендіру бүгінгі күн тәртібіндегі ең маңызды мәселеге айналып отыр.
Осы бағыттағы аула аралау жұмыстарының нәтижелі әрі жүйелі болуы үшін аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінен құралған жұмысшы топ 3 бағытта кент, ауылдық округтерді аралап, консультативті қызмет атқаруда.
Жұмысшы топ Жайылма, Сүттіқұдық, Қожамберді, Төменарық, Сунақата, Екпінді, Байкенже, Жаңарық, Қыркеңсе, Машбек, Өзгент, Қожакент, Аққорған ауылдық округтерінде ауыл әкімдерімен кездесу өткізіп, жастар арасында сауалнама жүргізді.
Жұмыстар ақпан айының соңына дейін үздіксіз жалғасып, нақты нәтижеге бағытталмақ.
Дайындаған
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<