Су айдындарына жіберілді
15 миллионнан астам шабақ су айдындарына жіберілді. Ала жаздай күтіммен өсірілген су маржандары Кіші Арал теңізі мен көлдер жүйесінің экоқорын молайта түспек.
«Қамыстыбас» тұқымбағы мемлекеттік тапсырыс негізінде жыл сайын майда шабақ өсіріп, су айдындарына жіберіп отырады. Оның әрқайсысы тарыдай уылдырықтан өсіп шығады.
«Қамыстыбас» балық питомнигінде 100-ден аса қызметкер бар. Балық қорын молайту жұмыстарының тұрақты жүргізілу нәтижесінде Сырдария өзенінің төменгі сағасындағы су тоғандарында балықтың бірнеше түрі қалыптасты. Бұл жолы су айдындарына ақ амур, дөңмаңдай, тұқы балықтардың шабақтары жіберілді.
Жаңа кәсіпкерлік нысан
Әйтеке би кентінің орталығынан жаңа кәсіпкерлік нысан – «Marlen» сауда орталығы ашылды.
Жеке кәсіпкер Тәжімұрат Қайрат Төремұратұлы 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында аудан халқына қызмет көрсетуде. Нысанда 15 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ғимараттың бірінші қабатында «Marlen» азық-түлік супермаркеті, екінші қабатында «Бану» сұлулық салоны мен киім бутиктері бар.
Ұстаздар ұлықталды
Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде «Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы, қасиетіңе бас иелік мәңгілік» тақырыбында Ұстаздар күніне орай мерекелік концерт өтті.
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады. Салтанатты іс-шарада бірқатар ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы, және облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Білім саласының ардагерлеріне де айрықша құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Құқық бұзушылықтың алдын алу
Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен арнайы мәжіліс өтті.
Жиынға облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, аудан әкімі Асқарбек Есжанов және сала ардагерлері қатысты.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғат Лекеровтің 9 айда атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Сондай-ақ аудан көлеміндегі мәселелер талқыланып, шешу жолдары айтылды.
Тұрғындар өтініші басты назарда
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Тереңөзек кентіндегі О.Мәлібаев, Қ.Бөдеев көшелерін аралады.
Көше тұрғындарының өтінішіне сәйкес, О.Мәлібаев елді мекенін аббаттандыру, көше бойындағы тағзым алаңын қайта жаңғырту, балаларға арналған ойын алаңы, демалыс орнын салу жобасы дайындалуда. Ал, Қ.Бөдеев көшесін жөндеу және аяқсу жеткізу үшін жұмыстар жасалуда. Елді мекеннің тұрғындары көтерген ұсыныстың бірі – жаңадан клуб пен балабақша құрылысы еді. Бұл мәселені шешу мақсатында жер телімдерін нақтылау бойынша ұсыныс енгізуді аудан әкімінің орынбасарына жүктеді.
Шиелі марафон – 2022
Республика күні қарсаңында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан тұрғындары арасында «Шиелі марафон – 2022» жүгіру марафоны өтті.
Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты жандандыру мақсатында өткен шараға 300-ге жуық аудан тұрғындары мен жастар қатысып, бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Нұржігіт Тұраров, 2-орынды Нұртас Қыдырбаев, 3-орынды Георгий Березов иеленді. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар мен дипломдар берілді.
Мониторинг жұмыстары
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев кенттегі «Заңғар», «Береке», «Ғани», «Қарабура», «Магнит» секілді ірі сауда үйлеріндегі 19 түрлі азық-түлік бағаларына мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Т.Зейдалиев кәсіпкерлерге картоп, сәбіз бағаларын 150-160 теңге, пиязды 80 теңгеден асырмай сату керектігін түсіндірді. Тұтынушылар жұмыртқа бағасының көтеріліп жатқанына алаңдайтынын жеткізді, сөрелерде кейбір азық-түлік бағалары жазылмағанын атап өтті. Сұранысқа сәйкес баға белгілері қойылмаған ішінара әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына бағалары жазылып қалпына келтірілді. Сондай-ақ, жұмыртқа бағасының өсу себептеріне түсініктеме жасалды.
Дайындаған: Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<