Ат бәйгесі
Толыбай батырдың 250 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық ат бәйгесі өтті.
Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Серік Сермағамбетов шабандоздарға сәттілік тіледі. Тай бәйгесінде 15 шабандоз 2 айналым бойынша 5 шақырым қашықтықта бәске түсті. Шижаға ауылынан келген Базарәлі Төреахметовтың «Алау» атты торы тайы бірінші келді. Құнан бәйгесінде 9 ат 6 айналым бойынша 12 шақырым қашықтықта жарыс жолына шықты. I орынды Шиелі ауданынан Әбдіғани Шорабаевтың «Айда» атты тұлпары иеленді. Аламан бәйгесінде 11 тұлпар бақ сынады. Бірінші болып қазалылық Қонысбай Досжановтың «Абырой» атты торысы келді. Ат бәйгесінің барлық түрлерінде 5 жүлделі орын тағайындалды. Жеңімпаз және жүлдегер атанған шабандоздарға демеушілердің жүлделері тапсырылды.
Облыстық спартакиада жеңімпазы
Ауыл спортшыларының «Алтын күз-2022» спартакиадасында 108 ұпай жинаған аудан құрамасы жеңімпаз атанды.
Қазалылықтар футбол, қол добы, тоғызқұмалақ, баскетболдан әйелдер командасы, үстел теннисінен жеңіс тұғырынан көрініп, 1-орын алды. Ал, баскетболдан ерлер командасы және шахматтан 2-орынға, бес асық, асық ату, қол күресі, волейболдан ерлер командасы 3-орынға қол жеткізді.
Ардагерлер сайысы
Әлеуметтік жоба аясында аудан ардагерлерінің қатысуымен балық аулаудан сайыс өтті.
Сайысқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Мереков, «Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ш.Құндақбаев, «Сыр дидары» газетінің аудандағы меншікті тілшісі Қ.Төреев, сондай-ақ бір топ еңбек және тыл ардагерлері қатысып, балық аулау шеберліктерін ортаға салды. Спорттық шарада ардагерлер ерекше белсенділік танытты. Сайыс нәтижесімен жеңімпаз атанған ардагерлерге арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Үздіктерді қабылдады
Аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауыл спортшыларының «Алтын күз-2022» спартакиадасына қатысқан спортшылармен кездесті.
– «Алтын күз-2022» спартакиадасында алдарына жан салмай жеңіс тұғырынан, үздіктер қатарынан көрінген жерлестеріміз гір көтеру, қазақ күресі және шахматтан 1-орын алды. Ал, президенттік көпсайыс, көкпар, бес асық, теңге ілуден жүлделі 2-орынға, футбол, аударыспақ, қол добынан 3-орынға қол жеткізді. Бұл – үлкен жетістік, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, аталған спартакиадаға Жалағаш ауданынан 160-қа жуық спортшы қатысып, облыс бойынша 3-орынды иеленді. Кездесуде үздіктер қатарынан көрінген командалар мен спортшылар марапатталды.
9 айдың есебі
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Тереңөзек кенті әкімдерінің 9 айда атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.
Сырдария ауданына қарасты елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытудағы жобалар мен оған қатысушылар мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, ауылдағы қоғамдық-саяси ахуал мен басқа да көрсеткіштер талқыланып, мәселелерді шешу жолдары айтылды. Газдандыру бойынша Қалжан ахун мен С.Сейфуллин ауылы мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыру үшін өтінім тиісті министрлікке жолданған.
Қарттарға құрмет
Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында «Жастар одақтары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ғасырға жуық өмір сүрген аналар жас отбасымен кездесті.
Отбасылық құндылықтарды насихаттай отырып, аналарға ізет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шарада жас отбасылар аманат арқалап, үлкен кісілердің батасын алды. Ақтоған ауылының тұрғыны 90 жастағы Күләндә Ержанова, Алғабас ауылының 94 жастағы тұрғыны Аққатша Зиадинова, 85 жастағы Патшагүл Қуандықова, Тұран ауылының 99 жастағы тұрғыны Әлима Алдажұмановаға сый-сыяпат табысталды.
Науқан межесіне жетті
Биыл егілген 6072 гектар күріш дақылын жинау жұмыстары толығымен аяқталды.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында аудан әкімдігі мен сала мамандары тарапынан жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде диқандар күріш егуді және суға бастыруды ерте көктемнен қолға алып, вегетациялық кезеңнің соңына қарай орын алуы мүмкін су жетпей қалу қаупін сейілтті. Осылайша, күріш дақылының өткен жылмен салыстырғанда өнімділігі артып, қазіргі таңда орташа есеппен әр гектардан 54 центнерден Сыр маржаны алынды.
Дайындаған Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<