«Ауыл аманаты» – ауыл халқына
Аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішевтің төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жиын өтті. Пилоттық жоба ауыл халқының табысын арттыруды көздейді.
Жиынға ауыл әкімдері, кәсіп ашуға ынталы тұрғындар мен кәсіпкерлер қатысты. Кездесу барысында ауыл азаматтары сұрақтары мен ұсыныстарына нақты жауап алды.
Ақынды еске алды
ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Жетіскен Мәкенәлінің 70 жылдығына арналған жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз сөйлеп, ақынның жары Марияш Мардановаға арнайы сый-құрмет көрсетті.
Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан 12 талапкер қатысып, бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі I орынға Арал ауданынан келген Алтынбек Қыстаубаев ие болды.
Келер жылдың қамына кірісті
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың төрағалығымен өткен жиында алдағы жылы егін егу, әртараптандыру және суармалы технологияларды қолданысқа енгізу мәселелері қаралды.
Биыл аудан бойынша 24 мың гектардан астам егін жиналды. Күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім алынып, қамбаға 76,6 мың тонна астық құйылды.
Мәжіліс барысында аудан әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жеке қабылдады
Аудан әкімі Асқарбек Есжанов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындар өтiнiш-тiлектерiн жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.
Қабылдауда 7 азаматтың өтініші қаралды. Аудан басшысы мәселелер бойынша заңдылығына қарай шешім қабылданатынын айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырма берді.
Ауыл жастарымен кездесті
Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев «Айдарлы», «Жетікөл», Аманкелді, «Іңкәрдария» ауылдық округтерінің белсенді жастарымен кездесті. Басқосуда жастар өздерін ойландырып жүрген сауалдарын қойып, алдағы жоспарлар туралы пікір алмасты.
Д.Байдушев жастар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныс-тілектерді назарға алып, оңтайлы шешімін табуына аудандық бөлім басшылары мен ауыл әкімдері тарапынан жұмыс жасалатынын жеткізді.
Ақындар Тәуелсіздікті жырлады
Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры!» атты аймақтық жастар айтысы өтті. Жыр додасына алты ақын қатысты.
Облыстың жас ақындары жырдан шашу шашып, көрермен қошеметіне ие болды. Қазылар шешімімен айтыстың бас жүлдесін аралдық ақын Бексұлтан Орынбасаров иеленді. І орынға Шиелі ауданының ақыны Шыңғыс Құдайберген, ІІ орынға қармақшылық Сырым Әділбек, ІІІ орынға Қызылорда қаласынан келген Бақдәулет Әбілдаев лайық деп танылды.
Ауылдарды аралады
Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов және аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков Манап, «Талап», Жаманбай батыр ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті. Әр кездесуден соң аудан басшысы ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді.
Аудан басшысы биыл «Бірлік» және «Қыраш» ауылдарына газ жүргізу толық аяқталып, алдағы жылы «Шалқия», Құттықожа мен «Төменарыққа» газ тарту жұмыстары қолға алынатынын айтты. Одан кейінгі жылы Сыр мен тау беткейіндегі елді мекендерге газ құбыры тартылады. Жоспарға сәйкес 3-4 жылда ауданға толықтай газ келеді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<