Аудан жаңалықтары

441

0

Желілер жаңарып, газ тартылады

Қала әкімі Асылбек Шәменов «Қосшыңырау», «Қарауылтөбе» және «Ақжарма» ауылдық округтерінде халықпен кездесу өткізді.

Кездесуде тұрғындар ішкі көшелерді асфальттау, жайылымдық жер, жарықтандыру, ауызсу, газ желісін жүргізу, электр бағаналарын жаңарту сияқты өзекті мәселелерді көтерді.

Қала әкімі «Қарауылтөбеде» электр желілері жаңартылатынын, келер жылы «Қосшыңырауды» газдандыру басталатынын айтты.

Оқу-жаттығу өтті

Аудан орталығында «Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.

Оған аудан әкімінің орынбасары Қ.Әбсұлтанов қатысып, аудан деңгейінде төтенше жағдай орын алған кезде оны жоюға жұмылдырылатын азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдардың әзірлігін тексерді.

Сондай-ақ, инженерлік қызметтің әлеуетін бақылап, техникаларымен танысып, қысқа дайындығын бағамдады. Бұдан бөлек, аудандағы полиция, төтенше жағдай және өрт сөндіру қызметтері де қысқа дайын екендерін баяндады.

Шалғай ауылдарды аралады

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев шалғайда орналасқан елді мекендерге арнайы барып, тұрғындармен кездесті.

Биылғы он айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, «Бозкөл», «Кәукей» және Абай ауылдарынан амбулатория ашу үшін жоба-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын айтты.

Тұрғындар түрлі ұсыныстарын, ой-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі көтерілген мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Халықпен кездесулерде аудан прокуроры Дарын Әбіш те сөз сөйлеп, елімізде алғаш рет прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе берілгенін айтты.

Жүлдегер оқушыларды қабылдады

Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов «Ментальді арифметика» бойынша республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанған оқушыларды қабылдады.

Қабылдауға 11 оқушы, ата-аналар мен мектеп мұғалімдері қатысты. Әділбек Ерсұлтанов білім бәсекесінде топ жарғандарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Жалпы ауданда «Ментальді арифметика» үйірмесі жұмыс жасайды. Қазіргі таңда бұл үйірме оқушылары бірнеше рет Шымкент, Алматы, Астана қалаларындағы олимпиадаларда жүлделі орындар алған.

«Ақсудағы» кездесу

Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың ауылдарға жұмыс сапары «Ақсу» ауылында қорытындыланды.

Алдымен атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталған аудан басшысы елдің талап-тілегіне құлақ түрді.

«Ақсу» тұрғындары келер жылы «көгілдір отын» игілігін көреді. Электр желілері толық жаңартылады. Ауылға кіреберіс жол жөнделеді. Он ауылдық округте учаскелік полиция инспекторларына тұрғын үй берілетін болады. Олардың қатарында «Ақсу» ауылы да бар.

Жәрменке өтеді

Бүгін, яғни 26 қараша күні Қызылорда қаласында Сырдария ауданы мен «Байқоңыр» ӘКК АҚ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізеді.

Тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер өз өнімдерін қала тұрғындарына ұсынбақ. Жәрмеңке Жаңқожа батыр көшесі («Реалбаза» алды) өтеді.

Байқаушылар марапатталды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы науқанында белсенділік танытқан байқаушылар марапатталды.

Марапатты аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова табыстады.

Айта кетсек, 20 қараша күні өткен сайлауға аудан бойынша 48 402 сайлаушы тіркеліп, 39 сайлау үйінде дауыс берді. Сайлаудың әділ және ашық өтуін 7 қоғамдық ұйымнан жіберілген байқаушылар қадағалады.

МӘМС мәселелері

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахимов Жаңақорған ауданы тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Ауданда 12 мыңнан астам сақтандырылмаған азамат болса, оның 3,5 мыңға жуығы жалдамалы қызметкерлер.

Бөлім басшысы МӘМС төлемдері 12 ай ішінде болуы тиіс екенін еске салды. Дербес төлеушілердің жарналарын бір жыл бұрын төлеуге мүмкіндігі бар. Есеп беру кездесулерінің соңында МӘМС мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау өтті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<