Қалалық мемқызметшілер жеңімпаз
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай Қызылорда қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында 7 спорт түрінен дәстүрлі спартакиада өтті.
Дүбірлі додаға қала мен аудандардан 25 команда және 1000-ға жуық мемлекеттік қызметші қатысып, бақ сынады. Аса тартысты бәсекелер нәтижесінде Қызылорда қаласы әкімдігі 1-топ бойынша жалпыкомандалық есепте 35 ұпай еншілеп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды 29 ұпаймен Қазалы ауданы әкімдігі иеленсе, үшінші орын Жаңақорған ауданы әкімдігінің командасына бұйырды.
«Күлпеттің» тұсаукесері
Аудандық мәдениет үйінде орталық кітапхананың ұйымдастыруымен айдынды Аралдан түлеген Мәдениет қайраткері, жазушы, журналист, «Меценат. Кз» әдеби байқауының тұңғыш жеңімпазы Шархан Қазығұлдың шығармашылығына арналған «Парасат биігіндегі жазушы» атты кездесу кеші болды.
Оған аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов қатысып, жазушыға деген жылы лебізін білдірді. Кеш барысында жазушының «Күлпет» кітабының тұсаукесері өткізілді. Шархан Қазығұлдың 2022 жылы жарық көрген «Күлпет» романы «Меценат.Кз» жобасының әдеби байқауында озық шығып, авторға ай сайын 500 доллар көлемінде өмірлік сыйақы тағайындалған.
Көше тұрғындарының бірлігі
Аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі М.Шоқай, О.Сүлейменов, Б.Бәймішев, Біржан сал көшелері тұрғындарының ұйымдастыруымен «Бірлігі бекем ел тату» атты тағылымы мол іс-шара өтті.
Жиынға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов мазмұнды шараны өткізген азаматтарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың құттықтауын жеткізіп, бірқатар азаматтарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Мұнан соң арнайы қонақ болып басқа қалалардан келген бұрынғы көше тұрғындары сөз алып, бірлігі бекем ағайынға алғысын айтты. Артынша бақилық болған жандардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды. Бұдан кейін қалың көпшілік көше тұрғындарының арасында өткен гір көтеру, қол күрес және қой көтеру сынды спорттық сайыстарды тамашалады.
Еркін форматтағы кездесу
Аудан әкімі Жандос Еркінбек Қуаңдария және Т.Көмекбаев ауылдық округтерінің халқымен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуде аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Биыл Қуаңдария ауылында облыстық бюджет есебінен Ерімбет және Бейбітшілік көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Т.Жұбандықов көшесінің бойындағы балалар ойын алаңына жасанды төсеніш және ауылға трансформатор сатып алынбақ. Одан бөлек, 5 көшені жарықтандыру үшін жоба-сметалық құжаттама әзірлеу және сараптамадан өткізуге қаржы қаралып отыр.
Жазғы демалыс басталды
«Ақтерек» сауықтыру лагерінде жазғы демалыс маусымы басталды. Лагерьдің ашылу салтанатына аудан әкімі Асқарбек Есжанов, ардагерлер, ата-аналар қатысып, балалардың алдағы жазғы демалысына сәттілік тіледі.
Биылғы маусымда «Ақтерек» сауықтыру лагеріне 6 ауысымда 442 бала, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде 2028 бала, облыстан тыс лагерьлерде 150 баланы демалдыру жоспарланып отыр.
Еңбек лагері ұйымдастырылды
Аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық жастар ресурстық орталығы мен Бесарық ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Жастар. Еңбек. Нәтиже» атты аудан жастарының екі күндік еңбек лагері өтті.
Шарада еңбек пен шыдамдылықты ұштастырған аудан жастарының жаңа қырынан танылуына бірегей мүмкіндіктер берілді. Еңбек лагері жастарға қызықты өмірлік тәжірибе жинаумен қатар, ұмыт болған ұлттық құндылықтарды ұлықтауды, еңбек адамдарының тынымсыз еңбегіне алғаусыз алғыс айтуды үйретті. Жобада еңбек адамы Бейбіт Белгібаевпен кездесіп, еңбек жолына, жетістіктеріне тоқталды. Қатысушылар ауылдың тыныс-тіршілігі, тарихы және шаруашылықтың жұмыстарымен танысып, серке тартудан, қой көтеруден, күбі пісуден, сиыр сауудан, арқан тартудан, ләңгі тебуден, ұршық иіруден, ат ерттеуден, қамыр жаюдан сайысқа түсіп, бақ сынады.
Он жылдық белес
Шиелі кентінде орналасқан «Асқар» ЖШС жеке балабақшасының құрылғанына 10 жыл толды.
Мектепке дейінгі білім беру желісі кеңейіп, балдырғандарға қызмет көрсетуді қолға алған балабақша ұжымы он жылдық белеске толағай табыстармен келді. Он жыл көлемінде материалдық-техникалық базасы нығайып, педагог кадрлардың біліктілігі артып, жыл сайын түлектерін мектеп қабырғасына шығарып салатын балабақшада қазіргі таңда 75 бала тұрақты тәрбиеленіп келеді.
Балабақша ұжымы мен бүлдіршіндерін мерейлі мерекелерімен Шиелі ауданы білім бөлімінің басшысы Жібек Орынбайқызы мен «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Мүбаракұлы құттықтап, қызметкерлерді алғыс хаттармен марапаттады.
Қаңылтыр цехы іске қосылды
Жас кәсіпкер Мейірбек Изататуллаұлы қаңылтыр шығару цехын іске қосты.
Отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, ішкі нарықты реттеуді көздеп отырған ол бұл кәсіптің пайдасы да барын айтады. Жалпы өнім ауыл, аудан орталығында ғана емес, облысқа және көршілес Түркістанға да жөнелтіледі. Баға базардан сәл төмендеу, қаңылтырлар 2 мың теңгеге дейін, ал, арнайы беттері 230 теңге төмен сатылады. Шикізаттың басым көбі Қытайдан әкелінеді.
Дайындаған
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<