Аудан жаңалықтары

380

0

«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ»

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті.

Байқауға қатысқан 21 отбасының ішінен 7 отбасы түрлі номинация және жүлделі орындармен марапатталды. Сондай-ақ, «Еңбекқор отбасы» аталымын Иманғалиевтер, «Ұстаздар отбасы» аталымын Баймановтар,   «Өнерлі отбасы»  аталымын Бектұрғановтар, «Өнегелі отбасы» аталымын  Есжановтар иеленді.

Ал байқаудың ІІІ дәрежелі дипломымен «Қызылөзек» ауылынан Сапаржановтар, ІІ дәрежелі дипломмен Қызылорда қаласынан Сұлтан отбасы марапатталса,   І орынға Қызылорда қаласынан Байұловтар отбасы лайық деп танылды.

АУЫЛДА ЕМХАНА САЛЫНУДА

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Райым ауылдық округі «Қызылжар» елді мекенінде және «Бөген» ауылдық округінде жаңадан салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты.

Тұрғындар ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқан өзекті мәселе биыл шешімін тапты. Жалпы сомасы 400 млн теңгеге жуықтайтын жоба осы жылдың қазан айында аяқталмақ. Нысан іске қосылғанда аптекалық бекет, қабылдау және оқшаулау бөлмесі, лаборатория, физиотерапиялық емдеу мен күндізгі емдеу кабинеттері жұмыс істейді. Амбулатория бір мезгілде 20 адамды қабылдап, 14 тұрғынға стационарлық ем қабылдауға лайықталған. Ал «Бөген» ауылдық округінде іргесі қаланған дәрігерлік амбулатория 2 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға қызмет көрсетеді.

ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Аудан орталығынан 14 шақырымдағы Абай ауылында дәрігерлік амбулаторияның  іргетасы қаланды.

Бұл рәсімге аудан әкімі Мұхтар Оразбаев және ауданның зиялы қауымы қатысты. Аудан басшысы халық игілігі үшін салынатын денсаулық нысанының сапалы әрі уақытылы аяқталуы назарда болатынын айтты.

Жалпы сомасы 400 млн теңгеге жуық қаржыны құрайтын жобаны  «Аман-Құрылыс» ЖШС жүзеге асырады. Ауданда биыл 3 ауылда дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды.

ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Ауданның құрылғанына 95 жыл толуына орай «Жаңажол» ауылдық округінде «Ән-жырым саған, туған ел!» атты өнер фестивалі өтті.

Өнер мерекесіне аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жұлдызхан Байназарұлы қатысып, ауыл тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.

Салтанатты іс-шарада жергілікті өнер майталмандары әуезді ән-жырларымен, мың бұралған көркем билерімен жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

АУЫЛ ЖАСТАРЫНА АРНАЛҒАН АЙМАҚТЫҚ САЙЫС

Ауданда жастар саясатының жүзеге асырылуы қарқынды.

Ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, достық қарым-қатынас орнату мақсатында Мырзабай ахун, «Еңбек», «Таң» ауылдық округтерінде 3 спорт түрінен аймақтық сайыс өтіп, жеңімпаз командалар марапатталды.

Жалпы 2023 жылдың маусым айына дейін жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 80 шара өткізіліп, оған 3500-ге жуық жас қатыстырылған.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ ӨЗГЕРІС

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесіп, жаңадан қабылданған «Әлеуметтік кодекстің» ерекшеліктері туралы  талқыға салды.

Айта кетейік, елімізде жаңадан «Әлеуметтік кодекс» қабылданып, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді. Осы кодекс арқылы 16 заң және 100-ден астам заңға тәуелді акт жүйелендірілді.

Кодекске сәйкес 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыспен қамту орталықтары таратылып, орнына «Мансап» орталықтары ашылды. Әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесуде жаңадан құрылған орталықтың қызметі түсіндірілді.

«ҚАН ТАПСЫРУ» АКЦИЯСЫ

«Қан тапсыру» акциясына аудан әкімі Нұржан Ахатов, аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков және ауыл әкімдері, мекеме басшылары мен қызметкерлері, бас-аяғы 80-нен астам ерікті қатысты.

Алдымен ерікті түрде қан тапсырушы азаматтардың денсаулық жағдайы жан-жақты тексерілді.

Акцияға қатысып, көмекке мұқтаж бір азаматтың болсын өмірін арашалап қалуға қолдау танытқан еріктілерге аудан әкімі алғыс айтты.

«ТҰЛҒА БОЛ!» ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЖАСТАР ЖӘРМЕҢКЕСІ

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жастарды қолдауға бағытталған «Тұлға бол!» жобасы әр өңірде іске асырылуда. Аталған іс-шара аудан орталығында өткізіліп, одан әрі ауылдарда жалғасты.

Айталық, «Сүттіқұдық» ауылдық округінде өткізілген жәрмеңкеге кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, қаржы және экономика бөлімі, аудандық «Мансап» орталығы, аудандық аурухана, жастар денсаулық орталығының мамандары қатысып, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес берді. Кездесуде жастар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, сұрақтарына жауап алды.

Дайындаған

Ғазиза ӘБІЛДА

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<