Аудан жаңалықтары

536

0

Шағын футболдан жарыс өтті

Мешіт жамағаты арасында шағын футболдан жарыс өтті. Дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастырған додаға 13 команда қатысты.

Аяқдоп сайысында «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын «Ерназар мақсұм» мешітіне бұйырды. «Құддыс ишан» мешіті үшінші орынға табан тіреді. Жеңімпаздар кубоктармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Азия чемпиондарын қарсы алды

Қырғызстанда «Унифайттан» өткен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аралдықтар орталық алаңда қарсы алды. Жас өрендерді арнайы күтіп алған аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Б. Махатов спортшыларға ақжарма лебізін білдірді.

Аталған додада №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары қатысып, 7 алтын медаль, 1 қола жүлде иеленді.

Құрылыс нысандарын аралады

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Аудан басшысы «Құмжиек» ауылдық округіндегі Қ.Күлетов атындағы №92 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын, Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан 250 орындық мектепті көрді.

Сондай-ақ, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасындағы халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін тұрғын үйлер құрылысымен де танысты. Аудан басшысы ең әуелі сапаға мән беру қажет екенін ескертіп, салаға жауапты мамандарға жұмыс қарқынын күшейтуді жүктеді.

Тұрғындарды жеке қабылдады

Аудан әкімі Жандос Еркінбек қабылдауға жазылған азаматтарды кезектілік тәртібімен қабылдап, тұрғындардың көкейіндегі мәселелерді, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жеке қабылдауға

16 адам келді.

Тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу мен тұрғын үй кезегіне тұру, жұмысқа орналасу және инфрақұрылым тарту мәселелерін көтерді. Аудан әкімі азаматтардың мәселелері жіті зерттелетінін, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді.

Сенбілік өтті

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов сенбілікте ұйымдастырылған жұмыстармен танысты. Ауданда барлық көшелер күл-қоқыстардан тазартылып, мекемелердің ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, кент және ауылдық округтерге қоқыс жәшіктері орналастырылып, арнайы тасымалдаушы техникалар жұмылдырылды. Аудан бойынша санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Жаңа оқу жылына дайындық

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауданға қарасты Н.Ілиясов, «Шіркейлі» және «Қоғалыкөл» ауылдарындағы мектептерге барып, жаңа оқу жылына дайындық барысын көрді. Елді мекендердегі №№44, 129, 132 орта мектеп қызметкерлері жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Аудан басшысы білім ошақтарындағы шағын орталықтарды, асхана, спортзал, кабинеттерді аралап, мектептерде жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауда еш кедергі болмау керегін айтты.

Ауыл тұрғындарымен кездесу

Аудан әкімі Нұржан Ахатов «Тартоғай» елді мекеніне барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауылда биыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 51,9 млн теңгеге 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды.

Ауылда өткен жылы демеушілер есебінен шағын футбол және балалар ойын алаңдары салынған. Тұрғындар ауылды дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға көңілдері толатынын, әрдайым қолдауға дайын екенін жеткізді.

Аналарды қолдау жобасы

«Тау самалы» тынығу лагерінде «Құрметтеуге лайықты жан» жобасы аясында аудан аналары қатысқан іс-шара өтті. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовке еркін сұхбат алаңында жаңақорғандық іскер әйелдер сауалдарын қойып, кәсібін кеңейтуге қажетті ұсыныстарын жеткізді.

Өз өнімдерін облыс орталығы мен өзге аудандарға жеткізу тетіктерін талқылады. Шарада шағын кәсіп иелері мен ірі сауда нысандарының өкілдері меморандумға қол қойды. Жоба аясында жемісті еңбек еткен 10 көпбалалы ананың шипажайда демалуына жолдама берілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<