Аудан жаңалықтары

829

0

Тазалық тәртібі назарда

Қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ белгіленбеген орынға қоқыс төккендерді тексерді. Тазалық тәртібін бұзғандарға «Қызылорда тазалығы» мекемесі мен учаскелік полиция инспекторлары тарапынан ескерту жасалды. Нәтиже шықпаса, айыппұл төленеді.

Айта кету керек, қала тазалығына 50 арнайы техника жұмылдырылған. 813 көшенің тазалығын қамтамасыз етуге 150 жұмысшы күші біріктірілген.

Әлеуметтік нысандарды аралады

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Сексеуіл кенті мен Қосаман, Мергенсай ауылдық округтерінде болып, әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Сексеуіл кентіндегі «Нұрайжан» ЖШС-нің отын қоймасында болып, көмір жеткізумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесті.

Мұнан соң, Қосаман ауылдық округіндегі №237 және Мергенсай ауылдық округіндегі №58 орта мектептерде болып, білім ұясының қысқы маусымға дайындық барысын бағамдады.

Кент тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентінің тұрғындарымен кездесті. Аудандық Р.Бағланова атындағы мәдениет үйінде өткен жиында жыл басынан бері атқарылып жатқан ауқымды жобалар туралы айтып, алдағы жоспарларын бөлісті.

Тұрғындар жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін көтерді. Аудан басшысы тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Халықпен кездесуден соң бірнеше тұрғынды мәселелері бойынша жеке қабылдады.

Көркемсөз оқушылар байқауы

Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде аудандық көркемсөз оқу шеберлері байқауы өтті. Оған аудан мектептерінен 20 оқушы қатысып, өзара бақ сынасты. Байқауға Халықаралық қазақ тілі қоғамдық қорының аудандық филиалы төрағасы Гүлжаухар Раева бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Сөз сайысында бас жүлдені Ақай ауылынан Ақтілек Әлиев, І орынды Иіркөл ауылынан Жансая Асанова, ІІ орынды Тұрмағамбет ауылынан Гүлсая Жангелдіқызы, ІІІ орынды Ақжар ауылынан Досымжан Сандыбайұлы иемденді. Барлық қатысқан өнерпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Құрылыс жұмыстарымен танысты

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің ауданға қарасты аумағында тазалық жұмыстарын көрді. Сондай-ақ, Жалағаш кенті орталығының абаттандыру барысымен танысты. Мердігер мекемеге жобаны сапалы әрі жылдам аяқтауды тапсырды.

Биыл Ұлттық қор есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 50 тұрғын үй сатып алынады. Аудан әкімі жеке кәсіпкерлер салып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын да көрді.

Ұсыныс-пікірлерін тыңдады

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кенті және А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Есепті жиындарда тұрғындар әлеуметтік, инфрақұрылымдық, денсаулық, білім саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық мәселе тұрақты назарда болатынын айтты. Тереңөзек кентінде өткен кездесуден соң аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Еңбеккерлермен кездесті

Аудан әкімі Нұржан Ахатов жиын-терім науқанына орай бірқатар шаруа қожалықтарды аралады. Бұл жолы аудан басшысы Мақсат Ташматов төрағалық ететін «Мақсат» шаруа қожалығының егін алқабына барып, еңбеккерлермен кездесті.

Кездесуде қожалық төрағасы биыл аймақ және аудан басшысы тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау бағытында дер кезінде жүргізілген шаралардың нәтижесінде егістік алқабы судан қалмай, жиын-терім науқанына шығынсыз жеткенін айтты.

Құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды

Май бекетінде құрылысы жүріп жатқан 300 орындық мектеп құрылысына «AMANAT» партиясының аудандық филиал төрағасы Арман Мәжитов және аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков бақылау жүргізіп, құрылыстың қазіргі жай-күйімен танысты.

Нысанда 35 жұмысшы бар. Депутаттар мердігер мекеме өкіліне өз уақытынан кеш жүріп жатқан құрылыс ерекше бақылауда болатынын жеткізді. Құрылыс қарқынын күшейту керек екенін айтты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<