Аудан жаңалықтары

541

0

Электр желілері жаңғыртылуда

Қазір «Қызылорда қаласындағы 10/0,4кВ электр желілерін қайта жаңғырту» бағдарламасы бойынша 10кВ 21 шақырым және 0,4кВ 10 шақырым кабель желісі ауыстырылуда.

Бұдан бөлек, Қызылорда қаласының орталық аймақтары, «Шұғыла», «Арай», «Сәулет», Әл Фараби, КБИ шағын аудандары мен «Қызылжарма» ауылдық округінде 35 заманауи қосалқы станция орнатылып, іске қосылды. Қызылорда қаласының орталық аймақтары, ДЭУ, «Универсам», «Южный», «Ақмешіт», «Ипподром», «Шанхай» шағын аудандары мен Гагарин, Титов қыстақтарында 10/0,4кВ кірпіштен қаланған 25 қосалқы станцияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Астанадан келген ансамбль

Арал ауданына Астана қаласынан  ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ән-би ансамблі іссапармен келіп аудан халқының ыстық ықыласына бөленді.

 Ауыл халқына арналған концертте қазақ, шетел композиторларының шығармалары, патриоттық әндер мен күйлер орындалды. Өнерлі жастардан құралған ансамбль көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.

Жаңа дүкен – ел игілігіне

Бекарыстан би ауылында «Сыр-Сұлтан»атты азық-түлік және тұрмысқа қажетті тауарлар дүкені ашылды.

Енді ауыл тұрғындары алысқа бармай-ақ, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауардың барлығын осы жерден таба алады. Кәсіпкерлік саласында 25 жылдық тәжірибесі бар Ертай Тоқболатов «жаңа ғимарат – Қазалы ауданының 95 жылдығына тартуым» дейді.

Нысанның лента қию рәсіміне жиналған жұртшылық кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.

Тұрғындарды қабылдады

Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы  аудан тұрғындарын кезектілік тәртібімен қабылдап, оларды толғандырған мәселелерін тыңдады.

Жеке қабылдауға келген 11 тұрғынның басым бөлігі тұрғын үй алу, жас мамандарды жұмыспен қамту, асфальт салу және инфрақұрылым тарту мәселелерін көтерді.  Аудан басшысы азаматтар көтерген мәселелерді сала мамандарымен бірге талдап, заң шеңберінде шешу қарастырылатынын жеткізді.

Жандос Еркінбекұлы алдағы уақытта кент орталығындағы иесіз тұрған үйлерді мемлекетке қайтарып, жөндеу жүргізу және оны заң талаптарына сәйкес мұқтаж отбасыларына табыстау туралы тапсырмалар берді.

Көмірмен қамтылады

Жалағаш ауданы тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімі Асқарбек Есжанов бірқатар қоймаларды аралады.

Қазір аудан орталығындағы «Әжібеков» ЖК көмір қоймасына 10 вагон, яғни 700 тонна «Шұбаркөл» және 2 вагон, яғни 140 тонна «Қаражыра» көмірі жеткізілді. Одан бөлек, автокөлікпен 920 тонна «Шұбаркөл» көмірі әкелінді. Қоймада 870 тонна көмір қоры бар. «Шұбаркөл» көмірінің тоннасы 22 000 теңгеден, «Қаражыра» көмірінің тоннасы 21 000 теңгеден сатылуда.

«Кітап сыйла!» акциясы

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық орталық кітапханада өткен «Кітап сыйла» акциясына қатысты.

Танымдық іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, тыл және еңбек ардагері Рақымжан қажы Бәйменов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, оқырмандар мен жастар атсалысты.

Ауданда «Кітап сыйла!» акциясы тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Кітап мәртебесін көтеру, жастарға көркем әдебиет оқуды насихаттау мақсатындағы іс-шарада оқырмандар құнды кітаптармен танысуда.

Жалпыхалықтық сенбілік өтті

Шиелі ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды.

Санитарлық тазалық жұмыстарына 9 техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, 2 газель, 2 трактор, 2 ауыр жүк көлігі, 2 қоқыс жинайтын көлік, 1 «Зил» автокөліктері кент орталығындағы біршама орындардан шыққан қоқыс, қатты қалдық, шабылған шөптің үйінділерін тазалауға атсалысты. Нәтижесінде шамамен 76 тонна қоқыс қалдығы арнайы полигонға жеткізілді.

Ауыл азаматтарын еске алды

Жаңақорған ауданы Байкенже ауылында Байкенже ауылының құрметті азаматтары Сағынбай Мұрсаұлы мен Рауза Құдіретіллақызын еске алуға арналған волейболдан ерлер арасында аудандық ашық біріншілік өткізілді. Жарысқа қала, кент және ауылдық округтерден 5 команда қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды  Байкенже ауылы жеңіп алса, қалған орындарды «Қыркеңсе» ауылы  және Кентау қаласының командасы өзара бөлісті.

Жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер аудандық мәдениет және спорт бөлімінің грамоталарымен марапатталып, оларға демеушілер тағайындаған медальдар мен кубоктар табысталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<