Аудан жаңалықтары

559

0

«Сыр барысымен» әсерлі кездесу

Қызылорда. Қала әкімдігі Илья Ильин атындағы саябақта белгілі спортшылар мен балалар арасында кездесу шарасын ұйымдастырды.  Оған 100-ге жуық бала келді.

Шараға  қазақ күресінен ҚР бірнеше дүркін жеңімпазы, «Сыр барысы» алтын белбеу иегері, Азия чемпионы, дзюдодан халықаралық турнир жеңімпазы Мақсат Исағабылов келді. Қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы балаларға ізгі ниетпен тілегін жеткізіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Жұлдызды қонақтың өмірбаяны мен жетістіктері таныстырылды. Жеткіншектер қонақпен еркін пікір алмасып, сұрақтар берді. Кездесу соңында ең қызықты қойылған сұрақ иелеріне чемпион өз қолымен сыйлықтар табыстады. 

Шешімін табатын мәселе көп

Арал. Аудан әкімі С.Сермағамбетов Қаратерең және Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі жергілікті халықпен кездесіп, шешімін табуды қажет ететін мәселелер жөнінде пікірлесті.

Қаратерең ауылының тұрғындары дария суын тиімді пайдалану үшін «Құйылыс» қорғаныс бөгетіне шлюз орнатып, «Ақбілек» көл тұтынушылар кооперативіне берілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Ауылдық округ аймағы «Барсакелмес» қорығымен шекаралас болғандықтан, мал жайылымы және басқа да мәселелер жөнінен қиындық тудыратынын айтты. Бұдан бөлек, тұрғындар тарапынан аяқсу, жедел жәрдем көлігінің қажеттігі, ұялы байланыс қызметі мен интернет желісі сапасының нашарлығы айтылды.

Өрт уақытылы ауыздықталды

Қазалы. Әйтеке би кентіндегі кәсіпкерлік нысаннан шыққан өрт уақытылы сөндірілді.

Теміржол вокзалдағы «Ақтоты» мейрамханасындағы өрт Қазалы аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерінің күшімен толығымен өшірілді. Адам шығыны жоқ. Қазіргі таңда мамандар өрттің шығу себептерін анықтап жатыр.

Жастар денсаулыққа бей-жай қарамайды

Қармақшы. Өскелең ұрпақтың денсаулығы мықты болуы үшін, олар жан-жақты сауатты, қажетті ақпараттармен таныс болуы керек.                 

Осы мақсатта Алдашбай ахун ауылдық округінде мектеп оқушылары мен арнайы мамандар арасында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» және «Туберкулезбен күресуге инвестиция салыңыз. Өмірлерді сақтаңыз!» тақырыбы аясында кездесу өтті.

Шарада оқушыларға түсіндірме жұмыстары жасалып, сұрақ-жауап арқылы кері байланыс орнатылды.

Амал күні – мерекенің бастауы

Жалағаш. Амал жалағаштықтар үшін тамаша мереке болды. Аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының театрландырылған қойылымы да халықтың назарына ұсынылды.

Жастар қариялардан бата алып, еліміз көгеріп-көктесін деген ниетпен ағаш көшеттерін отырғызды. Шараға аудан әкімі Асылбек Шәменов, аудан ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Игі дәстүр 15-19 наурыз күндері Ақсу, Таң, М.Шәменов, Еңбек, Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет, Жаңадария, Қаракеткен, Далдабай, Аққыр, Жаңаталап ауылдарында жалғасын табады. 

Азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді

Сырдария. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірлесіп, аудандағы ірілі-ұсақты азық-түлік дүкендері мен сауда орындарына мониторинг және азық-түлік өнімдерінің сатып алу бағасынан 15% асырмау жөнінде кезекті түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мониторинг жүргізу барысында аудан орталығындағы кәсіпкерлерге облыс орталығындағы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-дан (Өңірлік тұрақтандыру қорынан) арзан бағада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін (макарон – 195, картоп – 140, сәбіз – 137, жуа – 74 теңгеден) сатып алуға болатыны жөнінде хабарланды.

Тазалыққа үлес қосты

Шиелі. Ауданда санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру сенбілік шарасы ұйымдастырылды.

Тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Соның ішінде, Ыбырай Жақаев атындағы саябақтың айналасындағы қоқыс қалдықтары шығарылып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты.

Жер – халық қазынасы

Жаңақорған. Қожакент ауылдық округінде жер мәселесіне байланысты жиын өтті. Оған аудан әкімі Руслан Рүстемов қатысып, тұрғындардың жер мәселесі жөніндегі талап-тілектерін тыңдады.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе тұрғындардың 1,73 гектардан тиген үлестік жерден қалған, яғни жер қорына қалдырылған 1033 гектар егістік жерді қайта алу жөнінде болды.

Дайындаған

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<