Аудан жаңалықтары

693

0

Стритболдан республикалық турнир

Қызылорда облысының 85 жылдығы мен  Қала күні мерекесі аясында қала әкімінің жүлдесіне арналған стритболдан республикалық турнирдің ашылу рәсімі өтті.

Қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов командаларға сәттілік тілеп, жыл өткен сайын байрақты бәсекенің ауқымы кеңейіп келе жатқанын айтты.

Қызылорда төрінде үшінші мәрте байрағын көтеріп, дәстүрлі сипат алған дүбірлі додаға Өзбекстанның Ташкент қаласынан және Астана, Алматы, Тараз, Шымкент қалалары  мен облыстың барлық аймағынан 40 команда, 200-ге жуық спортшы қатысуда.

Байқаудың аудандық кезеңі

Ауданның барлық білім беру ұйымдарының 8-10 сынып оқушыларына арналған республикалық балалар оқулары байқауының аудандық кезеңі өтті. Жарысқа барлығы  58 оқушы қатысты.

Байқаудың мақсаты – балалардың кітап оқуға құштарлығын арттыру, еліміздің әдебиеті мен жазушылар шығармаларын зерделеуге шақыру және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыру.

Жарысқа қатысушылар сынып ерекшеліктеріне қарай әртүрлі деңгейдегі  қазақ әдебиеті және әлем әдебиетінен тапсырмалар орындады.

Байқау қорытындысы бойынша №73 орта мектептің 8-сынып оқушысы Нұрғали Саламат, Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Нұршат Оразғали және №82 орта мектептің 10-сынып оқушысы Раушан Нұрланқызы қарсыластарынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. Бұл оқушыларға II (облыстық) кезеңге жолдама берілді.

Жол құрылысындағы жүйелі жұмыс

Биыл аудан орталығы Әйтеке би кентінде 14 көше асфальтталып жатыр. Соның бірі – 5-аймақтағы Қ.Сансызбаев көшесі.

Қазіргі күні көшеде қарқынды жұмыс жүруде. Мердігер мекеме – «Нұрас и К» ЖШС қызметкерлері атқарып жатқан шаруаның басына  аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы барып, жұмысты көзбен көрді.

Жауапты мамандар тез арада аяқтап, ел игілігіне тапсыратынын айтып отыр. Ал аудан басшысы ең бірінші сапаға мән беру қажеттігін ескертті.

Жалпы қазіргі кезде аудан орталығы мен ауылдық округтерде жүріп жатқан құрылыстардың барлығы аудан әкімінің тікелей  бақылауында.

Тұрғындармен кездесті

Төребай би ауылы тұрғындарымен кездесуде аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы атқарылған істермен бөлісіп, алдағы міндеттерді баяндады.

Биыл Төребай би ауылындағы Байшораұлы көшесінен №20-ТВ техникалық су ұңғымасын бұрғылауға облыстық бюджеттен, ауылдағы балалар және спорттық алаңның құрылғыларын орналастыру, Жеңіс, Байшораұлы көшелеріне орташа жөндеу мен жарықтандыру жұмыстары аудан бюджетінен қаржыландырылған. Мұнан бөлек, елді мекенді көгалдандыру үшін аяқсу жіберу жұмыстарына бюджеттен қосымша қаржы қарастырылды.

Бірнеше мәселе қаралды

Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте  кәсіпкерлікті дамыту,  құрылыс саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер және  санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, кент және ауылдық округ әкімдеріне жыл аяғына дейін жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларды толық іске қосу қажеттігі айтылды. Аудан әкімі ең алдымен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандардың мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.  Жеке инвестиция есебінен салынуы жоспарланған тұрғын үй немесе нысандардың эскиздік жобасын заңдылыққа сәйкес жүргізу ескертілді.

Тұрғындарды қабылдады

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «AMANAT» партиясы аудандық филиалында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кезекті жеке қабылдауға аудан әкімі аппаратының басшысы, бөлім басшылары мен Тереңөзек кенті әкімі қатысты.

Қабылдауда баспанаға қол жеткізу, тұрақты жұмысқа тұру, кәсіпкерлік мақсатта жер алу мәселелері көтерілді. Аудан басшысы азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жеке-жеке тыңдап, айтылған мәселелер заңдылық тұрғысында шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындар мәселесі бойынша бөлім басшыларына тапсырмалар берді.

Егін алқабындағы кездесу

Аудан әкімінің халықпен кезекті кездесуі «Ақтоған» елді мекенінде жалғасты. Ерекшелігі сол, бұл жолғы кездесу кеңседе емес, егін алқабында өтті.

Тұрғындар ең алдымен, биыл Мемлекет басшысы мен Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен, әрі аудан әкімінің ұйымдастыруымен диқандар үшін табысты жыл болғанын айтты.

Медиаторлар кеңес берді

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы медиаторлар кеңесінің ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданында мектеп психологтары және кәсіби медиаторлармен кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – аймақтағы медиация институттарының қызметін жетілдіру, оның тиімділігі, күш пен уақытты үнемдеу, шиеленістерді шешудің тиімділігін түсіндіру, отбасы, еңбек қатынастары және даулы мәселелердің алдын алу, сонымен қатар тұрғындарға құқықтық, әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру.

Шараға «Әділдік жолы» РҚБ-ның  облыстық филиал басшысы, облыстық ҚХА жанындағы медиаторлар кеңесінің төрағасы, тренер-медиатор Ләззат Бақтыбаева және облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы, медиация кабинетінің үйлестірушісі Шахизат Әбдраманова қатысып, медиация институты жайлы жалпы мағлұмат берді.

Дайындаған: Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<