Аудан жаңалықтары

257

0

Мәртебелі ұстаз – ұлт мерейі

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне орай «Мәртебелі ұстаз – ұлт мерейі» атты салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шарада қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған сала ардагерлері мен барша ұстаздар қауымын құттықтады. Мерейлі жасқа толған ұстаздарға арнайы сый-құрмет көрсетілді. Жыл сайын мұғалімдерге «Үздік педагог» аталымы бойынша 150 мың теңге қаржылай сыйақы тағайындалады. Бұл жолы да бірқатар ұстаз марапат төрінен көрініп, қомақты қаржыға ие болды. Салтанатты жиын мұғалімдерге мерекелік көңіл-күй сыйлаған қала өнерпаздарының концертіне ұласты.

Шығармашылық кеш

Аудандық мәдениет үйінде Сыр елінің тумасы, әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Бақтияр Тайлақбаевтың шығармашылық қызметіне 40 жыл толуына орай ән кеші өтті.

Кешке сонымен бірге елімізге белгілі әншілер Өктем Алтаев, Абай Бегей, Тахмина Әшімбекова қатысты.

Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов қалың бұқараның ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнер иесінің айдынды өлкеге арнайы келгеніне алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Түнгі рейд

Ауданда жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев бастаған арнайы топ түнгі рейдке шықты.

Рейд барысында аудан орталығындағы кафелер, компьютерлік клубтар, орталық стадион, саябақ, спорт алаңдары, тойханалар мен мейрамханаларда кәмелетке толмағандарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жұмысшы топ Әйтеке би кентінің шет аймақтарын да аралап, белгіленбеген жерге қоқыс тастаған тұрғындарды бақылады.

Жол жайымен танысты

Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы «Жосалы-Жалағаш» автожолының 3242-3341 шақырымы аралығында өткен жылы су шайып кеткен аумақтарының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аяқталып қалған жұмыстардың бірқатар кемшіліктерін атап өтті.

Сонымен қатар, «Қызылтамға» кіреберіс жолдың жайын көрген аудан әкімінің тапсырмасы негізінде алдағы жылдары бұл ауылға да асфальт төселетін болады.

Дәрігерлік амбулатория бой көтереді

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов Дәуімбай елді мекенінен  дәрігерлік амбулатория құрылысын салуға ниет білдірген жеке кәсіпкер Бағжан Тайбасаровпен және инженерлік инфрақұрылым нысандарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлейтін «МарСам»  серіктестігімен Жалағаш ауданы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

«Туған жерді бірге түлетейік!» үндеуі аясында аудан кәсіпкерлері де елді мекендерден бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асырып, өз үлестерін қосуда. Мәселен, былтыр демеушілер есебінен құны 492,7 млн теңгені құрайтын 17 жоба, ал биыл жалпы құны 585 млн теңгенің 18 жобасы жүзеге асырылуда.

Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов қоғамдық кеңес мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру және қоғам мүддесін қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асырып, халық пен атқарушы билік арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету мақсатында қызмет етіп келе жатқанын айтты.

Кездесу барысында қоғамдық кеңес мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектерін ортаға салды.

Денсаулық сақшыларымен жүздесу

Аудан әкімі Нұржан Ахатов аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбековпен бірге денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті.

Аудан әкімі жылдар бойы Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігері қызметін атқарған Нұрлан Әмірұлының облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігері лауазымына тағайындалғанымен құттықтап, жаңадан тағайындалған аудандық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігері Алмас Әбдіғаппарұлына сәттілік тіледі.  Медицина саласына көптеген қолдаулар көрсетіліп жатқанын, солардың өтеуі ретінде дәрігер қауымы науқастарға сапалы қызмет көрсетіп, әрбірінің көңілін табуға тырысу керегін айтты.

Жаңа спорт кешені ашылды

Бұқаралық спортты дамыту, спорт саласының жандануына тұрақты жағдай жасау  – Мемлекет басшысы жүктеген маңызды тапсырмалардың бірі.

Осы орайда М.Нәлібаев елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған №7 олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі филиалының ашылу салтанаты өтті.

Еңселі ғимарат Қызылорда облысының 85 жылдығы және Жаңақорған ауданының құрылғанына 95 жыл толуы қарсаңында ауыл тұрғындарына тарту етілді.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<