Аудан жаңалықтары

547

0

Талдау көрсеткіштері  баяндалды

Қала әкімі Асылбек Шәменовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиында әріптестері бұған дейін Тасбөгет кентінің әкімі болған Семсер Сыздықовты жаңа қызметке  шығарып салды.

Әрі қарай күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша алдымен қала әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Абатов шаһарға қарасты кент және ауылдық округтердегі осы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарға жүргізілген ақпараттық-талдау көрсеткіштері туралы баяндады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің 10 айда атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы бөлім басшысы Абзал Рысбек баяндады.

Адам саудасының алдын алу шаралары

«Адам саудасына байланысты қылмыстардың профилактикасы, және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес облыс бойынша құрылған мобильді топ мүшелері түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов жиынды ашып, адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу, анықтау және ашу мақсатында  «Сенім телефондары» жұмыс істейтінін, Арал қаласы Әбілқайыр хан көшесінде және кент, ауылдық округтерде «Адам саудасына жол жоқ» тақырыбында бильбордтар орналастырылғанын атап өтті.

Ауылдағы көкпар

Бекарыстан би ауылында Қазалы ауданының 95 жылдығына орай көкпар өтті.

Ауыл жастарының ұйытқы болуымен өткен ат спортына Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Ү.Түктібаев, Майдакөл, Ғ.Мұратбаев, Жалаңтөс, Құмжиек және көршілес Арал ауданынан барлығы 50-ге жуық көкпаршы қатысты. Ат үстінде білек күшін сынасқан жігіттердің бәсекесінде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов сәттілік тіледі. Айта кетейік, бұл бәсекеге, 700 мың теңге ақша тігілді.

Оқушыларға арналған олимпиада

Аудан орталығындағы №250 мектеп-лицейінде ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың алғашқы кезеңі басталды. Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан  Ерқосаев білім бәсекесінде бағын сынаушыларға сәттілік тіледі.

Оған  24 білім беру ұйымынан 655 оқушы тіркелді. Олимпиада  22-29 қараша аралығында «бір парта – бір қатысушы – бір камера» қағидасын сақтай отырып, 11 пән бойынша өткізіледі.

Жеке мәселелер бойынша қабылдады

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов  тұрғындарды кезектілікке сәйкес жеке қабылдады.

Қабылдауда тұрғындар тарапынан тұрақты жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек және тұрғын үй салу мақсатында жер алу мәселелері қаралды. Көтерілген  мәселелерге заңға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Есірткінің зияны туралы қойылым

«Есірткісіз аймақ» жобасы аясында ауданда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осыған орай аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен  мәдениет үйінде есірткі сатумен айналысқан күдіктінің ісі қаралған сот отырысынан қойылым қойылды.

Мақсаты – жастар арасында оның зияны мен қауіп-қатерін кеңінен насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыру.

Іс-шара барысында «Есірткі және жасөспірім» тақырыбында дәріс оқылып, адам өміріне қаншалықты зияны жөнінде видеоролик көрсетілді.

Музейге сый

Аудандық тарихи – өлкетану музейінің қоры Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Балтабай Әбдімомыновтың құжат, медаль және ордендерімен толықты.

 Балтабай Әбдімомынов Шиелі ауданына қарасты Ортақшыл ауылында дүниеге келген. 1939 жылы әскер қатарына алынып, елге оралар тұста Ұлы Отан соғысы басталып, Отанын жаудан қорғау үшін майданға атанды. 1945 жылы жеңіспен елге оралды. Ұлы Отан соғысында ерлік жасағаны үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін күрішші, есепші, бригадир қызметтерін атқарды. Ауылдық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге үлес қосқан. Ол 1989 жылы дүниеден озды. Елге еткен еңбегін ұрпақтары мен аудан басшылары бағалап, 100 жылдығында Жаңатұрмыс ауылындағы үлкен көшеге Балтабай Әбдімомынов аты беріліп, көкпар, шахматтан турнир өткізілді.

10 айда 80 дерек

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында күнделікті рейдтік-профилактикалық жұмыстарды жүргізіп келеді. Жылдамдықты асырмау, қарсы бағытқа шықпау, ең бастысы мас күйде көлікке отырмау керектігі жүргізушілерге үнемі ескертіледі. Десек те, заң қатаңдатылғанымен, ішімдік ішіп көлік айдайтындар баршылық.

Аудан бойынша биылғы 10 айда мас күйде көлік жүргізудің 80 дерегі тіркелді. Мәселен,  сақшылар тек 1 тәулік ішінде аудан аумағында масаң күйде көлік басқарған екі жүргізуші анықтаған.

Осы тұста  полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Дайындаған: Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<