Аудан жаңалықтары

644

0

Апатты үйлердің ахуалымен танысты

Қалада апатты деп танылған көпқабатты 51 үй болса, ондағы 628 тұрғын пәтер кезегінде тұр. Осындай апатты үйлердің 22-сі Тасбөгет кентінде орналасқан.

Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов Тасбөгет кентіндегі апатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады. Қалада жыл сайын 100-ден астам пәтер табысталады. Осылайша алдағы 5-6 жылдың көлемінде апатты тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу жоспарлануда.

Ашық сабақтар шеруі

«Жас маман – болашақ үміті» атауымен жас педагогтер арасында ашық сабақтар шеруі өтті. Арал ауданы бойынша білім бөлімі әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен шараға 1-3 жыл аралығында еңбек өтілі бар жас мамандар қатысты.

Оқытуда жаңа инновациялық идеяларды іске асыруға ниеттенген жастар сабақ берудің озық әрі тиімді әдістерін бөлісті. Өзара тәжірибе алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ ойы озық, жұмысы ширақ ұстаздар алғыс хаттармен марапатталды.

Екі күнге созылған ашық сабақтар шеруінде  облыстық байқаулардан олжалы оралып жүрген шығармашыл педагогтер сабақ берудің тың тәсілдерін үйретті. Жас мамандар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер де назардан тыс қалмады.

«Жанкент» футбол командасы жасақталды

Өркендеу ауылдық округі жастарының бастамасымен «Жанкент» футбол командасы жасақталып, аудандық лигада өнер көрсетіп келеді.

Жанкент жастар ұйымының төрағасы Талап Мұрзалиев ауыл жастарынан жасақталған құрамаға демеушілік жасаған азаматтарға алғыс айтып,  команда мүшелеріне сәттілік тіледі. Ұйым мүшелері Сырым Бигелдинов, Мұстафа Бөлекбаев, Берікбол Мінсізбаев, Нұрдан Бегімсал, Нұрдәулет Әсен, Санжар Бақытжан, Әлішер Алтынбек, Әрсен Салмырза, Бекзат Нағидулла, Бексұлтан Әбдіразақ, Қуаныш Мұратбекұлы сынды тағы басқа ауыл жастары командада өз өнерін көрсетіп келеді.

Жеке мәселемен қабылдады

Аудан әкімі Жандос Еркінбек тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Жеке қабылдауда азаматтар тұрғын үй, жұмыспен қамту салаларына қатысты түйткілдерді айтты.

Аудан әкімі қабылдауға келген азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдай келе, әрқайсысына жеке-жеке жауап беріп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Азаматтық қорғауға бағытталған меморандум

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Еркін Назарқұлов және Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық азаматтық қорғау саласында профилактикалық іс-шараларды қамтамасыз ету және жүргізу мақсатында меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында профилактикалық іс-шаралар жүргізілмек. Сондай-ақ жұмыс тұрғын секторында аула аралауға, көпқабатты үйлерде жиындар өткізуге, тұрмысы төмен аз қамтылған отбасылар арасында рейдтер жүргізуге, халыққа өрт және судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау жөнінде жадынамалар таратуға, профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруға, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде өзара көмек көрсетуге бағытталмақ.

«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы»

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті.

Бала тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатындағы мәжіліске облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Асқар Кемалов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдары қызметкерлері қатысты.

Басқосудың маңызына тоқталған аудан басшысы бала тәрбиесіне қоғам жауапты екенін айтты. Оқушылар арасында электронды темекіге әуестену, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік, ойынқұмарлық, топтық төбелестер мен әлімжеттік жағдайлары жиі көрініс беріп жатқаны, ұрпақ тәрбиесіне гаджеттердің кері ықпалы айтылды.

Құжат дайындауға көмек көрсетіледі

Аудан әкімі Нұржан Ахатов жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ түрді. Қабылдауға келген тұрғындар жұмысқа орналасу, тұрғын үй, жер кезегі және әлеуметтік көмек мәселелерімен жүгінді.

Мәселен, қабылдауға жазылған қоқыс өңдеу ісімен айналысатын кәсіпкерге «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несиелендіру туралы түсіндіріліп, қажетті құжаттарды дайындауға көмек беру тапсырылды. Басқа мәселелер бойынша да тиісті заңдылықтарға сәйкес жұмыстар сөз болды. Әсіресе, үй кезегінде тұрған азаматтар тек заң бойынша өз кезегі келгенде ғана баспаналы бола алатыны баса айтылды.

Жолда абай болыңыз!

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмау үшін ауданның тәртіп сақшылары күнделікті шұғыл шаралар атқарып жатыр. Нәтижесінде түрлі құқық бұзушылық жасағандар анықталып, оларға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Оның ішінде жол жүру ережесін елемейтін жүгенсіз жүргізушілер, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтетін жаяу жүргіншілер, төрт түлігін қараусыз жіберетін тұрғындар жауапқа тартылып, жұртшылыққа барынша түсіндірме жасалуда.

Дайындаған

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<