ҚЫЗЫЛОРДА
Жаңа прокурор таныстырылды
Қала әкімі Серік Қожаниязов жаңадан тағайындалған қала прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлын құттықтап, қала активіне таныстырды.
Жоғары жауапкершілікті талап ететін тегеурінді қызметте білімі мен тәжірибесін ел игілігіне арнап, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге зор үлес қосады деп сенім білдірді.
Жиында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев жаңа басшыны құттықтап, қызметіне сәттілік тіледі.
АРАЛ
Қор атқаратын жұмыс ауқымы кең
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев «Халықаралық Аралды құтқару қорының» Қазақстандағы атқарушы дирекциясы директорының міндетін атқарушы Зәуреш Әлімбетованы қабылдады. Қор басшысы мекеме тарапынан алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар барысын баяндады.
Қазір қор теңіз табанынан ұңғыма қазып, жабайы жануарлар үшін суат салған. Сондай-ақ теңіз ұлтанына сексеуіл егуге септігін тигізуде. Бұдан бөлек, теңіздің ғана емес, ауданның кейбір қордаланған мәселелерін шешу бойынша да тиісті шаралар қабылдауда.
ҚАЗАЛЫ
Тұрғындарды қабылдады
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Тұрғындар аудан басшысына үй кезегі, тұрақты жұмысқа орналасу, басқа да мәселелер бойынша өздерінің талап-тілектерін айтып, оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.
Аудан әкімі әрбір тұрғынның мәселесіне жеке тоқталып, заңдылыққа сәйкес түсіндіріп өтті. Тиісті бөлім басшысына тапсырмалар жүктеді.
ҚАРМАҚШЫ
Аудан кәсіпкерлерімен кездесу
Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов пен кәсіпкерлердің қатысуымен арнайы жиын өтті. Аудан прокуроры кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде түсіндірме берді.
Сондай-ақ аудандық мемлекеттік кірістер, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары, төтенше жағдайлар, полиция бөлімдері ақпарат берді. Кәсіпкерлер қадағалаушы органдар өкілдеріне өз сауалдарын қойып, жауап алды.
ЖАЛАҒАШ
Кеңейтілген мәжіліс өтті
Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған аудандық мәслихат төрағасы, прокурор, полиция бөлімі бастығының орынбасары, кент және ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Жиын барысында білім саласының негізгі мәселелері қаралып, кемшін тұстары айтылды. Аудан басшысы білім сапасын арттыру, әр бала үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі атқаруды тапсырды.
СЫРДАРИЯ
Дарынды жасты қабылдады
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектептің 11-сынып оқушысы Асылжан Абдуллаевты қабылдады. Дарынды жастың ІТ саласындағы жетістігі облыс, аудан мерейін үстем еткенін атап өтті.
Аудан әкімі жас дарынның анасы Мөлдір Тоқберішованы Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ Асылжан Абдуллаевқа сыйға ноутбук табыс етті. Жас талапкер өзінің алдағы жоспарларын айтып, алғысын жеткізді.
ШИЕЛІ
Қауіпсіздік шаралары түсіндірілді
Аудандық мәдениет үйінде террористік актілердің алдын алу, қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында түсіндірме жүргізілді. Оқу семинарына облыстық ҰҚК департаментінің қызметкері Береке Айбосын келіп, лаңкестік оқиғалардың алдын алу жолдары туралы айтты.
Сондай-ақ ҰҚК аудан бойынша бөлімше қызметкері Мақсат Баярыстанов осал объектілердің дайындығын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Жиын барысында бейнежазбалар мен фотосуреттер көрсетіліп, тәжірибе алмасылды.
ЖАҢАҚОРҒАН
«Тәрбие талқы» алаңы
«Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының» ұйымдастыруымен «Тәрбие талқы» атты 9-11 сынып оқушыларымен кездесу өтті. Жиынға аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Шахизатұлы қатысты.
Кездесуде отбасы құндылықтары, қазақ халқының салт-дәстүрлерінің мәні, қыз бала мен ер бала тәрбиесіндегі негізгі өзекті мәселелер тақырыбында орталық мамандары баяндама жасады. Жиын соңында әлеуметтік бейнеролик көрсетіліп, оқушылардың ой-пікірлері тыңдалды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<