Денсаулық сағаты
Қызылорда. А.Пушкин атындағы орталық кітапханада 7 сәуір –Дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Денсаулық – бар байлықтан да қымбат» атты денсаулық сағаты өтті.
Шарада кітапханашы Данагүл Төлендиева оқырмандарға саулықтың қадірі, оған мән берудің маңызы туралы айтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Шара барысында түрлі ойындар ойналды. Келушілерге «Денсаулық – өмір негізі» атты кітап көрмесі таныстырылды. пайдалы кеңестер беріліп, салауатты өмір салтын ұстануға байланысты, спорт, дұрыс тамақтану туралы кітаптарға шолу жасалды.
Дайындық жұмыстары пысықталды
Арал. Аудан әкімі С.Сермағамбетовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, көктемгі егінге дайындық жұмыстары және мерзімді әскерге шақыру мәселелері қаралды.
Аудан бойынша 2022-2024 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамытудың жол картасы бекітілген. Оның екінші бағыты – егін шаруашылығын дамыту, қажетті азық-түлік өнімдерімен және мал азығымен қамтамасыз ету. Биыл Сыр беткейде орналасқан 11 ауылдық округте жалпы көлемі 800 гектар жерге егін егу жоспарлануда. Жиында суды үнемдеп пайдалану үшін жаңа технологиялардың тиімділігі түсіндірілді.
Екінші мәселе бойынша ауданда былтыр мерзімді әскерге шақыру жұмыстары белгіленген межеден артығымен орындалған.
Жол жөндеу жұмыстары қарқынды
Қазалы. Жақында Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендері аралығындағы автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталғаны мәлім.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бекарыстан би ауылынан басталған жол құрылысы жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар автомобиль жолының бойындағы көне темір көпір орнына жаңадан салынып жатқан су өткізгіш құбыр құрылысын көрді. Қазір ұзындығы 12 метр, диаметрі 1,5 метрді құрайтын су өткізгіш құбыр құрылысы аяқталуға жақын.
Өзекті мәселелер талқыланды
Қармақшы. Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, белсенді жастармен еркін форматта кездесті.
Онда аудан әкімі атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы айтып, ауданды өркендету жолында азаматтық қоғам өкілдерінің орны ерекше екенін жеткізді. Қатысушылар азаматтық қоғамды дамыту, Жосалы кентінде балаларға арналған спорт алаңдарын салу, жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жастарға арналған бизнес стартап жобалар байқауын ұйымдастыру және оған инвесторлар тарту, мектеп бітіруші оқушыларға мамандық таңдауда кәсіби бағыт-бағдар беру, тағы басқа ұсыныс-пікірлерін айтты.
Ақпараттық түсіндірме жұмыстары
Жалағаш. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандары кент орталығында орналасқан халыққа қызмет көрсету ұйымдарына, атап айтқанда, сауда орталықтары , сұлулық салондары, асхана, кеңсе тауарлары дүкеніне кезекті рейдке шықты.
Мамандар кәсіпкерлік субъектілеріне «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңының 21-бабына сәйкес маңдайша жазуларды ілу, жарнамалар орналастыру бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ауылдарды аралады
Сырдария. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тиісті сала басшыларымен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен Тереңөзек кенті И.Тоқтыбаев көшесіндегі жол жөндеу жұмысын назарға алды. Нақты кезеңде көшенің 680 метріне тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан соң Бесарық ауылында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары мен спорт кешенінің құрылысын көрді.
Ауылдағы 6 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 246,5 млн теңге бөлінген. Ақжарма ауылында да аталған бағдарлама аясында республикалық және облыстық бюджеттен 186,7 млн теңге қаржы қаралып, көшелер жөнделуде. Сонымен қатар, биыл жергілікті маңыздағы «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолының 6 шақырымын орташа жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 146,5 млн теңге бөлінді.
Білім бөлімінің басшысы тағайындалды
Шиелі. Облыстық білім басқармасының бұйрығы негізінде Әмзеев Қанат Алтынсарыұлы аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. Ол 1977 жылдың 26 шілдесінде Өзбекстан Республикасы Ташкент облысында дүниеге келген. 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1998-2004 жылдары Шиелі ауданындағы №181 орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2004-2007 жылдары Шиелі кентіндегі №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында педагог-психолог, 2007-2018 жылдары сол мектеп-гимназияда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары, Тартоғай ауылындағы Ш.Есенов атындағы №153 мектеп-лицейінің директоры қызметін атқарған.
Жаңа талаптар түсіндірілді
Жаңақорған. Мемлекеттік қызметшілерге онлайн форматта құқықтық оқыту өткізілді.
Онда аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Бақтияр Ахметов Әдеп кодексінің жаңа редакциясының нормалары және мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына енгізілген өзгерістерді түсіндірді.
Дайындаған
А. СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<