Аудан жаңалықтары

396

0

Сыбайластыққа жол жоқ

Арал. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңейтілген комиссия отырысы өтті.

Онда денсаулық сақтау және білім саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, оның алдын алу мәселелері қаралды. Аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Б.Қуанышбаев ме­дициналық мекемелерге жүргізген ішкі талдау нәтижелерін та­ныстырды.  Аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова сала­дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыстарын баяндады.

Комиссия отырысын қорытындылай келе аудан басшысы әрбір тұрғын сапалы медициналық көмек алып, мемлекет ұсынған игілікті пайдалануы керегін атап өтті. Сондай-ақ білім бөліміне қарасты бар­лық мекемелерде қаржылық бұзушылықтарды анықтау және оларды болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдауды  тапсырды.

Президент тапсырмасының пәрмені

Қазалы. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен Мем­лекет және аймақ басшысының тапсырмасының орындалуы бойынша мәжіліс өтті. Жиында аудандағы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру және абаттандыру, көгалдандыру мәселелері қаралды.

Алдымен аудан басшысы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарға тоқталып, индикаторды артығымен орындауды тапсырды. Жиында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларға заң аясында барынша қолдау көрсетіп нақты нәтиже беретін жұмыстарды қолға алу қажеттігін айтты.

Мәжілісте аудандағы санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру мәселесі қаралды.

«Дәстүрдің бал қаймағы – әжелер»

Қармақшы. Аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының ұйымдас­тыруымен «Дәстүрдің бал қаймағы – әжелер» тақырыбында білім саласында еңбек еткен ардагерлермен кездесу кеші өтті.

Онда аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева ардагер- ұстаздарды мерекесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Кездесу кезінде ардагерлер естелік әңгімелерін бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Кәсіпкер әйелдер ісі үлгі

Жалағаш. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтің төрағалығымен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ко­миссияның отырысы болды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес аудандық «Мансап» орта­лығының директоры Ғ.Телібаевтың аудан бойынша әйелдер қауы­мының жұмыспен қамтылуы туралы және аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Н.Төлегеновтің әйелдер арасында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы туралы хабарламалары тыңдалды. Хабарламашыларға сұрақтар беріліп, комиссия мүшелері мәселелерді талқылады. Жиын «Киелі кимешек» атты аудандық ісмер әйелдер байқауымен жалғасты.

Электрмен жабдықтауда мәселе болмайды

Сырдария. Ауданда электр желілерінің тозығы жетуіне байланысты жаңғырту жұмыстары өткен жылы басталды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 2023 жылы Аманкелді, «Айдарлы», «Жетікөл» және «Қоғалыкөл» елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлары толық жаңартылған.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Электр бағаналары мен желілерін, трансформаторларды толық ауыстырғаннан кейін елді мекенде бұған қатысты мәселе болмайтынын жеткізді. Сондықтан мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде атқаруды ескертті.

Мерекелік кеш

Шиелі. Халықаралық әйелдер күніне орай түрлі салада табысты қызмет етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан аналардың қатысуымен салтанатты кеш өтті.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Нұржан Ахатов қатысып, барша аналарды төл мерекелерімен құттықтап, алғысын жеткізді. Есімі ел есінде сақталған аналарға әрдайым аудан тарапынан құрмет көрсетіліп келе жатқанын, 95 жылдық мерейтой аясында Жадыра Таспамбетова, Фируза Жүсіпова, Ұлбала Алтайбаева сынды аналардың құрметіне кештер өткізілгенін айтты. Жиын мәдениет қызметкерлері ұйымдастырған қойылымдарға жалғасты.

Ұстаз-ана – әлемнің шырақшысы

Жаңақорған. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында №110 мектепте ардагер мұғалімдер мен ұстаз-аналарға арналған мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Шарада сөз алған аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов жылы лебізін білдіріп, мерекелік тартуын табыс етті.

–       Ел тарихының қай кезеңінде болмасын, батыр аналар ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық пен тыныштықтың, өрлеу мен өркендеудің басынан табылды. Бүгінде осы жолда еңбек етіп жатқан аналарымыз жетерлік. Қоғамда нәзік жандылар сан түрлі саланың қыр-сырын меңгерген. Әсіресе, ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Жастардың білімді де білікті, парасатты азамат болып қалыптасуында мұғалімдер қауымының еңбегі зор, – деді аудан басшысы.

Аудандық білім бөлімінде ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан бір топ ұстаз-аналар марапат мінберінен көрінді.

Дайындаған:

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<