Аудан жаңалықтары

686

0

Облыстық кезеңге жолдама алды

Қызылорда. Облыс орталығындағы Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік мұғалімі» байқауының қалалық кезеңі өтті. Оған 30-дан астам ұстаз қатысып, білім мен біліктілігін сарапқа салды.

Мұғалімдер екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші «Бір сабақ – бір әлем» кезеңінде ашық сабақ өткізсе, «Сөз шебері» екінші кезеңінде ұсынылған тақырыптардың бірін таңдап сөз сөйлеу, шешендік өнерін ортаға салды.

Байқау нәтижесінде А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақгүл Тұрсынбай облыстық кезеңге жолдама алды.

Бір үйдің балуан балалары

Арал. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында өткен еркін күрестен жастар және жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінен аралдық қос балуан жүлделі оралды.

Жарыс барысында Рамазан Жамсапұлы (44 келі) күміс жүлде иеленсе, әйелдер күресінен салмақ дәрежесінде Раяна Жамсапқызы (39 келі) жарыстың жеңімпазы атанды.  Бір отбасының балалары №19 Арал ауданының мамандандырылған резервтің балалар-жасөспірімдер мектебінде тәрбиеленген. Қазір екеуі де Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алады.     

Тазалық сақтамағандарға айыппұл салынады

Қазалы. Енді белгіленбеген орындарға қоқыс төккен тұрғындарға заңға сәйкес айыппұл салынады.

Жергілікті тұрғындар Әйтеке би кентінің шеткі аймағындағы «Мектепбай» каналы, «Водакачкаға» барар жол, «Тесік көпір», қазақ және орыс қорымдарының аумағында тазалық жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Дегенмен кейбір тұрғындар қоқыс тастаудан тыйылмай отыр.

Осы мақсатта аудандық полиция және қоғамдық даму бөлімдері рейд жүргізді. Аталған аймақта арнайы бейнебақылау камералары орнатылып, учаскелік полиция инспекторлары бекітілді.

Экологиялық акцияға үн қосты

Қармақшы. Ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында  «Жасыл желек» жалпыхалықтық челленджі ұйымдастырылды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың табиғатқа сүйіспеншілігін ояту мақсатында өткізілген іс-шарада 500-ден астам көшет егілді. Барлық елді мекенде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, арықтар тазаланды. Ағаштарды көктемгі қырқу, әктеу, сыртқы қоршауларды бояу, қоқыстарды шығару жұмыстары жүргізілді.

«Көгілдір отын» игілігі

Жалағаш. Биыл ауданда Ақсу, М.Шәменов елді мекендері газ желісіне қосылады. Бұл жөнінде аудан әкімі Ардақ Ибраимов жылу беру маусымының қорытындысына байланысты жиында мәлім етті.

Игілікті істің нәтижесінде екі елді мекенде 400-500 тұрғын үй «көгілдір отын» арқылы үйді жылытуға мүмкіндік алады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға газбен жылыту қондырғысын орнатуды мердігер мекемелер арқылы шешу қарастырылады.

Сондай-ақ жиын барысында коммуналдық төлемдерді уақытылы жасап отырған тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет көрсету жағдайы сарапталды.

Салық түсімін ұлғайту жоспарланды

Сырдария. Ауданда биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша алғашқы тоқсанда бюджетке 2076,8 млн теңге түсім қамтамасыз етіліп, 124,7 пайыз артығымен орындалды. Ал жергілікті бюджет жоспары 123,6 пайызға жетті.

– Бюджет түсімінің өсімі бірінші кезекте жеке бизнес қызметін заңдастыру, инвестиция тарту, нақты салықтық базаны анықтау арқылы ұлғаяды. Сондықтан қосымша кіріс көздерін іздестіріп, межелі түсімдерге қол жеткізу қажет, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.

«Қайсар Шиелі» ел біріншілігіне қатысады

Шиелі. Ауданда құрылған «Қайсар Шиелі» командасы футболдан Қазақстан біріншілігінің екінші лигасында ойнайды.

Жергілікті жастардан жасақталған клуб доп додасында алғашқы ойынын өткізіп үлгерді. Бірінші турда Шымкент қаласының «Оңтүстік Академиясымен» кездесіп, ойын 0:0 есебімен тең аяқталды.

«Қайсар Шиелі» екінші лиганың оңтүстік-батыс конференциясында бақ сынайды.

Күн тәртібінде – жастар мәселесі

Жаңақорған. Аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өткізілді.

Күн тәртібінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, орта және жоғары, кәсіптік білімі бар түлектерді тұрақты жұмысқа орналастыруға ықпал ету, олардың бос уақытын тиімді өткізу мәселелері талқыланды. Айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, алдағы уақытта басты назарға алынады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<