Аудан жаңалықтары

490

0

Субұрқақтар іске қосылды

Қызылорда. Қалада 46 шақырымнан асатын 35 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Күн сайын көркейіп келе жатқан Сыр елінің бас шаһарында 17 субұрқақ іске қосылды.

Қазір Б.Майлин көшесі жөнделуде. Мердігер мекеме «Қыран» ЖШС-ның учаске бастығы Ерсұлтан Бақберген жол жөндеу  жұмыстарының барлық талаптарға сәйкес сапалы жүргізіліп жатқанын айтты.

Тапсырма тиянақты орындалуы керек

Арал. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте бірқатар өзекті мәселе қаралып, жауаптыларға тапсырмалар жүктелді.

Онда су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жөнелту, құрылысы аяқталмай тұрған әлеуметтік нысандардың жағдайы, көктемгі әскерге шақыру жұмыстарын, мамыр айында өтетін іс-шараларды ұйымдастыру жайы талқыланды.

Аудан басшысы жауаптыларға гуманитарлық көмек мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Қазір Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында ауданнан барған 42 адам, 8 техника жұмыс жасауда.

Алдын алған жөн

Қазалы. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.

Онда бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде мал ұрлығының алдын алу бағытында атқарылған шаралардың нәтижелері талқыланды. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Болатхан Мұқанов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов баяндама жасады.

Аудан әкімі мал ұрлығының алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Би сұлтаны» кім?

Қармақшы. Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Би сұлтаны» облыстық жұптық би байқауы өтті.

Оған 6 жұп қатысып, өзара бақ сынасты. Жастардың бойындағы өнерге деген талпынысты арттыру, олардың дамуына қолдау көрсету, әрі қарай шығармашылық белсенділікке ынталандыру мақсатында өткізілген байқауға педагог-хореограф Бекзат Абсатова, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің әдіскері Күміс Бекмаханова, «Жадыра» би тобының жетекшісі Жадыра Алпысбаева қазылық етті.

Мың бұралған бишілер арасынан суырылып шыққан Айбек Әзберген мен Алтыншаш Қуандық бас жүлдегер атанды. Ал І орынды Қармақшы ауданынан Берік Аитов пен Жазира Сәтбергенова, ІІ орынды Арал ауданынан Нұртаза Ордағұлов пен Жұлдызай Азнабаева  иеленді. Жалағаш ауданынан келген Бекжан Иман мен Құндызай Әлиакбар ІІІ орын алды.

Акцияға 70 адам қатысты

Жалағаш. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығына аудан тұрғындары мен ерікті жастар да атсалысуда. Олар «Тағзым» аллеясына тал егіп, санитарлық тазарту жұмыстарына қатысты.

Аллеядағы Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткерлері және Ауған соғысына, Семей, Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысушылардың құрметіне арналған ескерткіш аумағындағы талдар әктелді. Көркейту-көгалдандыру бағытында 100 түп Сыр талы мен терек көшеттері отырғызылды. Сонымен бірге кент көшелеріндегі аяқсу арналары тазартылды. Акцияға барлығы 70 адам қатысты.

Балалардың жазғы демалысы талқыланды

Сырдария. И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейде «Жазғы маусымда балалардың демалысын, сауықтыруды тиімді ұйымдастыру» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

Шарада аудандық білім бөлімі басшысы Берік Жәнібеков алдағы тынығу маусымында «Жалын» сауықтыру лагерін және мектеп жанындағы жазғы тынығу лагерлерінің жұмысын сапалы ұйымдастырудың маңыздылығын айтты.

Сонымен қатар семинар-кеңесте шығармашыл ұстаздар түрлі тақырыпта сыныптан тыс жұмыстар мен шеберлік сағатын, қызықты коучинг және оқушылардың танымдық қабілеттерін ашу сабақтарын көрсетті. Қолөнер үйірмесі мүшелері «Жүннен сурет салу», «Тігіссіз құрақ» өнері, өру техникасын, «Мозайка» техникасы арқылы жасаған өнімдерін таныстырса, денешынықтыру пәнінің мұғалімдері «Жазғы лагерь көңілді» тақырыбында спорттық эстафеталық ойын ұйымдастырды.

«Салтанат» ауданға келді

Шиелі. «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі Шиелі ауданына гастрольдік сапармен келіп, жаңа би қойылымдарын ұсынды.

Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов ансамбль ұжымына сәттілік тілеп, аудан әкімінің атынан ықылас гүлін табыстады.

Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген қорытынды сөз сөйлеп, туған жері Шиелі ауданының тұрғындарына, ата-анасы мен білім берген ұстаздарына алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Мал жаю ережесін есте сақтаңыз

Жаңақорған. Аудандық полиция бөлімі мал жаю ережелерін бұзғаны үшін қолданыстағы заңнамада әкімшілік жауапкершілік көзделгенін және жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оның иесі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертеді.

Ауыл маңында иесіз жүрген малға автокөліктердің соқтығысу жағдайы жиі кездеседі. Мал иелерінің өз мүлкіне немқұрайлы қарауы қайғылы салдарға әкеліп соғуы мүмкін. Бақылаусыз жайылып жүрген мал – ұрылар үшін оңай олжа. Сонымен қатар қараусыз жануар жол-көлік оқиғаларына әкеліп соғуы мүмкін.

Мал ұрлығын, аудан аумағында қараусыз жүрген малдың кесірінен жол-көлік оқиғаларын болдырмаудың алдын алу үшін полицейлер автожолда рейд жүргізуде.

Дайындаған

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<