Аудан жаңалықтары

163

0

Жас келіндер байқауы

«Qosyl» командасы «Қызылжарма» ауылдық округі әкімшілігімен бірлесіп, келіндер сайысын өткізді.

Іс-шара Аналар күні және Отбасы күні мерекесіне орай жас отбасыларды қолдау, жас келіндердің отбасындағы құндылықтары мен рөлін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.

Сайысқа «Қызылжарма» ауылының келіндері қатысып, бақ сынасты. Бас жүлдені Айым Бекболатқызы иеленді. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар ұсынған үйге қажетті сыйлықтармен марапатталды.

Белгілі бапкерді еске алды

Ауданда бокстан 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, белгілі бапкер Жолдыбай Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнир басталды. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысты.

Онда Тәжікстан Республикасы Худжанд қаласынан, Маңғыстау, Құлсары, Ақтөбе, Тараз және Түркістаннан, сондай-ақ жақын аудандардан келген жасөспірімдер 15 салмақ дәрежесінде бақ сынауда.

Батыр бабаны ұлықтау – ұрпақ парызы

Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығын атап өтуге байланысты жиын өтті. Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш ашып, мерейтой шараларын сапалы ұйымдастыру үшін облыстық және аудандық ұйымдастыру комиссиялары құрылғанын айтты. Оған дейін аяқталуы тиіс жұмыстарға тоқталды.

Басқосуда Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов сөз сөйледі.

Баға бақылауда

Аудан әкімі Жандос Еркінбек ірі сауда орындары мен азық-түлік дүкендерін аралап, халық күнделікті тұтынатын 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасын бағамдады.

Аудан әкімі сауда дүкендерін аралау барысында тиісті сала басшыларына және жеке кәсіпкерлерге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағадан аспауын қадағалап, сапасына баса назар аударуды тапсырды.

Инфрақұрылым жобалары қолдау табуда

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов М.Шәменов ауылына кіреберіс жолдың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудандық маңызы бар 1,3 шақырым жол бойындағы көпірлерді жөндеу аяқталуға жақын.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың инфрақұрылымды дамыту тапсырмасына сәйкес, ауқымды бастамалар Үкімет, облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапты. Аудан әкімі жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтау бақылауда болатынын айтты. Сондай-ақ «Ақсу» және М.Шәменов ауылдарында жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Музей қызметкерлерін құттықтады

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Халықаралық музейлер күніне орай аудандық тарихи-өлкетану музейінің ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдады. Мерекелік іс-шараға қатысушылар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қабылдауда сала ардагерлері, Сырдария ауданының Құрметті азаматтары Алмагүл Бақтиярова, Жәнібек Маханбет, Нұрмағанбет Қуандықов пен өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы сөз сөйлеп, мерекелік лебіздерін білдірді.

Оқу-жаттығу өткізілді

Ауданда «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оның кезеңінде саптық қарау жұмыстары жүргізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов қатысты.

Екінші кезең «Алмалы» ауылдық округі №21 бекет тұсында «Жөлек» орманшылығының 9-айналымы 52-орамында өткізілді. Оқу-жаттығу барысында қызмет басшылары өртке қауіпті кезеңде туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытында тиісті шараларды қабылдады.

Құрылыс барысымен танысты

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында құрылысы жүріп жатқан бірқатар  нысандармен танысты.

олар – Жаңақорған кентіндегі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық және «Жаңарық» елді мекеніндегі 300 орындық мектептің, сондай ақ, аудан орталығындағы 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер орталығының» құрылысы. Аталған білім ордалары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімінің орынбасары «Келінтөбе» магистральді каналының жағасында шаруашылық құрылымдарының басшыларымен кездесті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<