Аудан жаңалықтары

258

0

Комиссияның кезекті отырысы

ҚЫЗЫЛОРДА. Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде ата-аналарға әкімшілік шара қолдану, баласынан бөлек тұратын ата-ананың құқықтарын жүзеге асыру және жасөспірімдер тарапынан орын алған құқықбұзушылық мәселелері талқыланды.

Комиссия төрағасы кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиісті шешімдер қабылданды.

Өнер фестивалі өтті

АРАЛ. Аудандық мәдениет үйінде мүгедектігі бар ерекше балалардың қатысуымен «Екі жұлдыз» атты өнер фестивалі өтті. Іс-шара балалар әзірлеген қолөнер бұйымдары көрмесінен басталды.

Фестивальге аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов қатысып, ерекше жандардың өмірге деген талпынысына өнерге деген құштарлығына ризашылығын білдірді. Қатысушыларға аудан әкімінің Алғыс хаты, түрлі номинациялар және сый-сыяпат табысталды.

Түнгі рейд жалғасуда

ҚАЗАЛЫ. Ауданда жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы топ аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, күшейтілген түрде рейд жұмыстарын жүргізуде.

Рейдтік топ әр аумақты, оның ішінде саябақтарды, бірнеше шағын аудан мен ойын-сауық мекемелерін, көңіл көтеретін орындарды аралап, жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кәсіби мерекемен құттықтады

ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімі Жандос Еркінбек мәдениет және өнер қызметкерлері мен сала ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады.

Жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлерге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатын, «Еңбек даңқы» төсбелгісін, облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

Сондай-ақ мәдениет саласының ардагері Үрзахия Махамбетованы 70 жас мерейтойымен құттықтап, сый-сияпат жасады.

Бала тәрбиесіне бағытталған мәжіліс

ЖАЛАҒАШ. Жалағаш кенті мен барлық ауылдық округте мәжіліс өтті.

Кәмелетке толмағандардың қатысуымен және білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті жою мақсатындағы мәжіліске жауапты сала басшылары, ауыл ардагерлері және ата-аналар қатысты.

Білім беру ұйымдарындағы құқықбұзушылық профилактикасын жүргізу бойынша үшжақты келісім жасай отырып, бала тәрбиесіне тұрақты көңіл бөлу бағытында ұсыныстар тыңдалды.

Санақ жөніндегі семинар

СЫРДАРИЯ. А.Тоқмағанбетов атындағы ауылдық округте ауыл шаруашылығы санағын онлайн-оффлайн форматта өткізу жөнінде семинар ұйымдастырылды. Оған шаруа қожалықтары өкілдері мен тұрғындар қатысты.

Семинарда аудан әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, аудандық статистика департаменті басшысы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, шаруа және фермер қожалықтарына, дара кәсіпкерлерге түсіндірме жүргізді.

Жеке қабылдау

ШИЕЛІ. Ауданға жасаған арнайы іссапары аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысы Ерлеген Мендалиев «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Қабылдау барысында азаматтардың сауалдарына қолданыстағы заңнама аясында түсіндірмелер берілді. Сондай-ақ ұсыныстары жазбаша түрде алынып, ескерілетіндігі жеткізілді.

Жеңімпаздарды жерлестері күтіп алды

ЖАҢАҚОРҒАН. Аудан орталығында Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан пара-армрестлингтен ХХІ Азия чемпионатында жүлдегер атанған қос жеңімпаз Абусейт Реметов пен Бауыржан Оразбаевты жерлестері күтіп алды.

Спортшылар мен тұрғындарды аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, гір спортынан ардагерлер арасында Азия, Әлем, Еуропа чемпионы Серік Ауханұлы құттықтап, жаттықтырушысы Ш.Азнабаевқа алғыстарын жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<