Суретшілер байқауы
ҚЫЗЫЛОРДА. Жасөспірімдер арасында «Сыбайлас жемқорлықсыз әлем» атты суретшілер байқауы өтті. Байқауға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының суретшісі Дархан Ерленұлы, М.Қалауов атындағы қалалық өнер мектебінің суретшісі Эльза Смағұлова төрелік жасады.
Жарыс жеңімпаздарына қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев диплом және қаржылай сыйлық табыс етті. Барлық қатысушылар жарысқа белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
«Халық заңгері» акциясы
АРАЛ. Аудандық оқушылар үйінде «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.
Оған аудан прокуроры, әділет, кірістер басқармаларының, кәсіпкерлер палатасының, адвокаттар алқасының мүшелері мен аудан әкімдігіне қарасты барлық дербес бөлімдердің өкілдері қатысты.
Тегін құқықтық кеңес беруге арналған акцияға шалғай елді мекен тұрғындары онлайн түрде қатысты.
Барлығы 20-дан аса азамат білікті заңгерлер мен тәжірибелі мамандардан тегін құқықтық көмек алды.
Мұғалімдер арасындағы ашық турнир
ҚАЗАЛЫ. Философия ғылымдарының кандидаты, профессор Мұстафа Матаев атындағы мұғалімдер арасында волейболдан аудандық ашық турнир өтті. Әйтеке би кентіндегі
М.Матаев атындағы №170 орта мектепте өткен шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет қатысты.
Турнирге ауданның №№249, 70, 92, 266, 288 және М.Матаев атындағы №170 мектептерден 6 команда бақ сынады. Жеңімпаз командалар дипломдармен, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Су астын зерттеу жұмыстары жүргізілді
ҚАРМАҚШЫ. Жосалы кенті Мұратбаев демалыс аймағында су астын зерттеу және тазалау жұмыстары жүргізілді. Шара аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.
Суға шомылу маусымы басталуына орай жүргізілген тазалау жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрамында 5 адамы бар жедел құтқару жасағы, 1 техника, 1 маторлы-үрлемелі қайық жұмылдырылды.
Реквием сағаты
ЖАЛАҒАШ. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Реквием сағаты» өтті.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев және зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, тарихшылар мен жастар қатысты.
Шарада тарихшылар, жазушы-қаламгерлер мен репрессия құрбандарының ұрпақтары сөз сөйлеп, нәубет жылдардағы оқиғаларға тоқталды.
Музыкалық-лирикалық қойылым
СЫРДАРИЯ. Ауданға алғаш рет гастрольдік сапармен келген Қызылорда қалалық «Жастар театры» «Сезімді қайтейін?» музыкалық-лирикалық қойылымын сахналады. Қойылымнан соң аудан әкімі Берік Сәрменбаев театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Театр директоры Нұрмат Мансұрға Алғыс хат табыс етті.
Өз кезегінде Н.Мансұр дербес ұжым ретінде өнер көрсете бастаған театрға қолдау көрсеткен сырдариялықтарға ризашылығын жеткізді.
Ауыл тұрғындарымен кездесті
ШИЕЛІ. Аудан әкімі Нұржан Ахатов «Сұлутөбе», «Майлытоғай», «Тартоғай», «Қоғалы» ауылдық округтері тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар «көгілдір отын», ұялы байланыс қызметтерінің сапасын арттыру, жедел жәрдем көліктерін жаңарту сынды көкейде жүрген өзекті мәселелер бойынша сауалдарын қойды.
Жиын қорытындысында тұрғындар ауданда атқарылған жұмыстарға жоғары баға, ақсақалдар ақ батасын берді.
Балаларға базарлық
ЖАҢАҚОРҒАН. «Арман» мәдениет үйінде «Балаларға базарлық» атты салтанатты іс-шара өтті. Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған жиынға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде есепте тұратын мүгедектігі бар балалар қатысты.
Қызылорда қалалық мәдениет үйінің жанындағы «Сиқырлы айна» халықтық қуыршақ театры «Құпия кілт» атты қойылымын қойды. Соңында балалардың ойлау қабілетін арттыратын сыйлықтар табысталды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<