Аудан жаңалықтары

194

0

Жауапкершілікке тартылды

ҚЫЗЫЛОРДА. Қалалық прокуратура мен әкімдіктің ұйымдастыруымен құрылған мобильді топ түнгі рейдтерді жалғастыруда. Рейд барысында 79 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Баласы түнгі уақытта жүргені үшін 71 ата-ана, өз мiндеттерін орындамаған 1 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар 1 ойын-сауық мекемесіне кәмелетке толмағандардың болуына жол бергені үшін шара көрілді. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі.

Белсенді жастармен жүздесті

АРАЛ. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев белсенді жастармен жүздесті. Еркін форматтағы кездесу аудан орталығындағы «Балықшылар» аллеясында өтті. Қатысушылар алдымен аудандағы тауарөндіруші жас кәсіпкерлердің көрмесін тамашалады.

Жүздесу барысында жастар өздерін қызықтырған әрі толғандырған сұрақтарын, ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ой бөлісті.

Еңбек адамының есімін ұлықтады

ҚАЗАЛЫ. Социалистік Еңбек Ері, атақты күрішші Көлжан Оразалиеваның 100 жылдығына орай іс-шара өтті. Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов қатысып, аудан әкімінің құттықтауын табыстады.

Мерейтойлық шаралар аясында жас аналар байқауы, еңбек фестивалі, жүгіру марафоны және ұлттық спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Көлжан Оразалиеваның өмір жолы туралы ұрпақтары жазған «Асыл әжем ардақты» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Шаруашылық басшыларымен кездесті

ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімі Жандос Еркінбек «Оң жағалау» шаруашылықаралық каналының №518 бекетінде шаруашылық басшыларымен кездесіп, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.

Кездесуде егіске бөлінген су лимитінің кестеге сәйкес алынуы және ауыл шаруашылығы дақылдарының талаптарға сай күтіп-бапталуы талқыланды.

Қазіргі таңда су лимиті бойынша кестеге сәйкес тиісті кезеңге 184,39 млн текше метр алынуы қажет болса, нақты 186,11 млн текше метр болып, су артығымен жеткізіліп отыр.

Азия чемпионын қабылдады

ЖАЛАҒАШ.Аудан әкімі Ардақ Ибраимов Тайвань мемлекетінің Тайбэй қаласында өткен гір көтеру спортынан Азия чемпионы Төлеген Қайсарды қабылдады.

Он төрт мемлекеттің спортшылары бақ сынаған бәсекеде жалағаштық спортшы жастар арасында 78 кг салмақ дәрежесінде өткен серпе көтеру жаттығуынан І орынға, ұзын айналым жаттығуында ІІ орынға тұрақтаған.

Жылыжай жұмысымен танысты

СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Қалжан ахун ауылындағы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы салынған жылыжай жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Серік Әбжәлиев 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, қияр егіп, одан мол өнім алуды жоспарлап отыр.

Жылыжайда 3 адам жұмыспен қамтылған. Аудан басшысы «Ауыл аманаты» жобасымен былтыр 23 жоба қолдау тапқанын атап өтіп, жеке кәсіпкердің жаңа бастамасына табыс тіледі.

Кеңес отырысы өтті

ШИЕЛІ. Аудан әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және әріптестік жөніндегі  кеңес отырысы өтті.

Жиында аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, экономика және қаржы бөлімінің маманы Алиахмет Әбдісадықов, спорт және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Беркінбай Ермағанбетов баяндама жасады. Кеңес мүшелері тарапынан өзекті сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Тәжірибе алмасты

ЖАҢАҚОРҒАН. Терроризмге қарсы аудандық комиссиялар аппараттарының жауапты қызметкерлері арасында өзара тәжірибе алмасу мақсатында кездесу өтті. Жиында ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Сондай-ақ комиссиялардың аппараттарын жасақтау және  жанындағы жұмыс топтарының қызметін жүргізу мәселелері талқыланды. Қатысушылар саладағы өзге де түйткілдер бойынша пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісті.

Дайындаған

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<