Аудан жаңалықтары

310

0

Электр желілері жөнделуде

ҚЫЗЫЛОРДА. Қала тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін биыл инвестициялық бағдарлама аясында 21,5 шақырым әуе желісі мен 3 қосалқы станция жаңғыртылуда. Электр желілерінен бөлек, 1,2 шақырым кабельдік электр желілері де жөнделмек.

Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қаланың «Южный», «Жаңа базар» аумағы, «Достық үйі» маңы, Шымбай көшелерінде жүргізілуде.  Сонымен қатар, бағдарлама аясында 1777 заманауи талапқа сай электр энергиясын есепке алу аспабы орнатылады және АСКУЭ жүйесіне қосылады.

«One Water» саммитіне ұсынылады

АРАЛ. Облысқа арнайы іссапармен келген Франция Президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили бастаған делегация өкілдері және Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова ауданда болды.

Алдымен «Балықшылар аллеясы» мен «Балықшылар музейін» аралап, жергілікті тұрғындардың атакәсібіне қатысты тарихи деректерге қанықты. Делегация өкілдерімен бірге аудан әкімі А.Оңғарбаев болды. Одан соң «АralSeaFood» балық өңдеу зауытында болып, теңіз маржанын өңдеу жұмыстарының барысын көрді. Мұнда шетелдік қонақтарға ауланған балықтардың өңделіп, қатырылып, шет мемлекеттерге экспортталу жолдары түсіндірілді.

Делегация мүшелері теңіздің тартылуы әсерінен болған экологиялық ахуалмен танысып, оны жақсарту мәселелерін талқылауды «One Water» саммитіне ұсынатын болады.

Жем өндірісі қолға алынды

ҚАЗАЛЫ. Кәсіпкер Сайран Оразымбетова мал және құс шаруашылығына қажетті азық өндіруді қолға алды. Бұл өнім бұған дейін өзге өңірлерден тасымалданып келген болатын.

Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында алған несиеге қажетті құрал-жабдықтарын түгендеді. Жем шығару үшін кәсіпкер 6 түрлі дән мен жоңышқа қосады. Бұл – мал бордақылаудағы және құнарлы сүт өндірісіне басты қажеттілік.

Бәсекеде топ жарғандар

ҚАРМАҚШЫ. «Ақтөбе» ауылдық округінде  Мемлекеттік қызметшілер және Полиция қызметкерлері күні қарсаңында аудан әкімінің кубогі үшін шағын футболдан турнир өтті.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы сөз сөйледі.

Спорт додасына 29 мемлекеттік мекемеден 10 команда, 100-ден аса спортшы қатысып, ала доп бәсекесінде сайысқа түсті. Тартысты өткен турнирде «Полиция бөлімі» командасы топ жарса, екінші орынға Жосалы кенті әкімі аппараты, үшінші орынға «Қорқыт елі» (аудандық қоғамдық даму, білім, мәдениет және тілдерді дамыту, дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімдерінен құралған) командасы тұрақтады.

Жеңімпаздарға аудан әкімінің кубогі мен дипломдар, қаржылай сыйлық табысталды.

11 тонна қоқыс шығарылды

ЖАЛАҒАШ. Жалағаш кенті және ауылдық округтерде жаппай сенбілік ұйымдастырылды.

Оған аудан бойынша 125 мекемеден 1150-ге жуық адам қатысып, 16 техника жұмылдырылды. Сенбілікте көшелер мен саябақтардағы қоқыс тазартылып, 11 тоннаға жуық күл-қоқыс белгіленген орындарға шығарылды. Сондай-ақ сенбілікте көшелер, аллеялар мен саябақтар тазартылды.

7 көше күрделі жөндеуден өтеді

СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентінің және А.Тоқмағанбетов ауылының тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12300 орындық 21 мектеп салынуда. Оның 1-уі аудан орталығында бой көтереді. Жалпы барлық сала бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылып, елді мекендерді газдандыру, электр желілерін қайта жаңарту, су құбырларын жаңғырту, жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Биыл А.Тоқмағанбетов елді мекені табиғи газға қосылады. Ал Тереңөзек кентінде «Тағзым» алаңы мен А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулалары жаңғыртылуда. Сондай-ақ кентке кіреберісте «Жастар аллеясы» құрылысы басталды. Бірқатар көшенің су құбырлары жаңартылуда және биыл аудан орталығында 7 көше күрделі жөндеуден өткізіледі.

Әкелер күні

ШИЕЛІ. «Арман» мәдениет үйінде «Әке – асқар тау» атты мерекелік салтанатты шара өтті. Шараны аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов ашып, құттықтау сөз сөйледі.

Ол атам заманнан қазақ қоғамында әкенің орны ерекше болғандығын, ата-бабамыз көздің қарашығындай қорғап қалған ұлан-ғайыр даланы «атажұрт, атамекен» деп атауының мәні осында екенін айтты. Мұнан соң, азаматтарға Алғыс хат табысталып, шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Шеге өзімізде шығады

ЖАҢАҚОРҒАН. Аудан тұрғыны Азамат Құтыбаев шеге, тікен сым және қоршауға арналған тор секілді құрылысқа және ауыл шаруашылығына қажетті материалдар шығаруды қолға алған.

Кәсіпкер алдымен «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген.  Сосын қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Бұл қаражатқа өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, алғашқы өнімдерін шығара бастады.

–    Кәсіпкерлік палатасының тегін оқуының арқасында білімімді шыңдап, жобамды сәтті қорғап грантқа ие болдым. Бір ғана шегемен шектелмей, қоршауға арналған тор мен тікен сым шығаруды мақсат етіп отырмын. Қондырғы минутына 260 дана шеге, бір сағатта тікен сымның 60-70 метрін шығарады, тор сетканы да сол уақытта 60-70 метр етіп дайын күйінде шығарып береді, – дейді ол.

Дайындаған

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<