Аудан жаңалықтары

562

0

Дария деңгейі бақылауда

Арал. «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 1 340 текше метр су түсуіне байланысты 4 сәуірден бастап Аманөткел ауылдық округі тұсында Сырдария өзені арнасында су деңгейі көтерілді. Аудан әкімі С. Сермағамбетов аталған елді мекенде болып, мол суды қауіпсіз өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен елді мекенге кіреберіс маңдағы облыстық маңызы бар «Қамыстыбас-Бөген» автожолының жиегін нығайту жұмыстарын көрді. Одан соң «Аспай» су ағытқысы мен «Бұрмақұлақ» бөгетінің жағдайына қанықты. Бүгінде «Басықара» су тоспасынан төмен қарай секундына 318 текше метр су түсуде. Аталған судың 140 текше метрі «Бұрмақұлақ» учаскесінен жоғары орналасқан каналдар арқылы шабындық, жайылымдық жерлер мен ұлтаны құрғаған көлдерді суландыруға бағытталса, қалған 178 текше метрі «Аспай» су ағытқысы, «Ырысты» және «Ералы» арналары арқылы төменге қарай, яғни «Ақлақ» су тоспасына жіберілуде. Сонымен бірге Бөген, Қарашалаң және Қаратерең ауылдарында орналасқан көлдер мен жайылымдарға су беріліп, артылған 80 текше метр су Арал теңізіне қарай жіберілуде.

Саябақ салынады

Қазалы. Биыл Аранды ауылдық округінің орталығы – Қожабақы абаттандырылып, саябақ салынады. Оған аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы белгілі болды.

Аудан әкімі М.Оразбаев Қожабақы ауылына арнайы барып, саябақтың орнын көрді. Аудан басшысы жоба-сметалық құжатпен танысқан соң бірқатар түзетулер енгізу қажеттігін айтты. Мәселен, қоршауларды дұрыстап, саябақтың төрт бұрышына жарықшамдар қарастыру қажет. Сондай-ақ, үнемделген қаржының мүмкіндігіне қарай елді мекендегі Т.Емешұлы көшесіне жарықшамдар орнату жөнінде тапсырма берді. Мұнан соң ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Волейболдан ашық біріншілік

Қармақшы.  8-11 сәуірде Жосалы кенті, О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектептің спорт залында өткен Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері», ардагер ұстаз Еркін Атабаевтың жүлдесіне арналған волейболдан қыздар арасындағы аудандық ашық турнир өз мәресіне жетті.

Шараның негізгі мақсаты –  тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ауданда волейбол ойынын кең көлемде дамыту, жастарды дене шынықтыру және спортпен айналысуға тарту.

Ашық біріншілікке Байқоңыр қаласы мен  аудандардан 15 команда 150-ге жуық жасөспірім қатысты. Нәтижесінде І орынды  Шиелі ауданы жеңіп алса, ІІ орынды  Жаңақорған ауданы,  ІІІ орынды  Сырдария ауданының командасы иеленді.

Ақын кітабының тұсаукесері

Жалағаш.  Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, сазгер Айкүміс  Орынбаеваның «Көктемді сендермен қарсы алам» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, алқабилер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері ақындар Ғазиза Әбілда, Қуат Адис және аудан тұрғындары қатысты.

Айкүміс Телғарақызының аудан өнері мен мәдениетінде өзіндік қолтаңбасы бар. Осы уақытқа дейін оның қаламынан туған бірқатар әндерін еліміздегі белгілі әншілер орындап жүр. Темірше Сарыбаевтың сөзіне жазылған «Жалағашым»  әні аудан әнұранына айналған.

Кент көркейіп келеді

Сырдария.  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов, Еңбек Ері Абзал Ералиев аудан орталығында болды.

Аудан әкімі М.Ергешбаев Тереңөзек кентін абаттандыру бойынша жұмыстарға тоқталды. Ол кентте газдандыру жұмыстары 80 процентке жуық аяқталғанын, көшелерге орташа және күрделі жөндеу жұмыстарының  басталғанын, электр желілерін жаңғырту мәселесі мен «Майжарма» каналының жағасын абаттандыру жұмыстарына ұсыныстардың берілгенін жеткізді.

Бұдан кейін  кент орталық алаңына ағаш отырғызылды.

Еңбегі көптің  –  өнбегі көп

Шиелі. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков Ақтоған ауылдық округіне қарасты «Сейтжанов» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Аталған шаруа қожалығы егін және төрт түлік мал өсірумен айналысады. Жыл сайын 200 гектар күріш, 100 гектар жоңышқа, 20 гектар бидай, 60 гектар мақсары егіп, күріштің әр гектарынан 50, жоңышқадан 40-70, бидайдан 15-20, мақсарыдан 10-15 центнер өнім алып отыр. Бүгінде  шаруа қожалығы 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар төрт түлік мал өсіруді де  жолға қойған. Жыл сайын мал басын аман сақтауға жұмыс жүргізіп келеді. Қожалық құрылғаннан бастап ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына  үлес қосуда.

Оразадағы орынды іс

Жаңақорған.  Аудан  әкімдігінің ұйымдастыруымен «Байқоңыр» ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер жәрмеңкесін өткізді.

Орталық алаңда таңертеңнен тұтынушылар қарасы көбейіп, жүк көліктеріне тиелген жалпы көлемі 50 тоннаға жуық азық-түлік легін күтіп алды. Азық-түлік бағасы нарық бағасынан төмен болу себебінен тұтынушылар тарапынан сұраныс көбейіп кезек  қалыптасты. Рамазан айында жасалған бұл игі шараға аудан жұрты  ризашылықтарын білдіріп жатты.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<