Аудан жаңалықтары

255

0

Ыстық су: Түсіндірме жұмыстары жалғасуда

ҚЫЗЫЛОРДА. Қала әкімдігі жанындағы жұмысшы топ көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға пәтерішілік ыстық су құбыры тартылатыны жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Жұмысшы топ өкілдері  «Астана-1», «Сырдария», «Шұғыла» шағын аудандары, «Сол жағалау», «Сәулет» тұрғын аударында және Абай, Тәуелсіздік даңғылы, Панфилов, Скатков, Жеңіс, Амангелді, Бөкейхан, Түлкібаев, Мұратбаев, Бектұрғанов, Әйтеке би, Бейбарыс сұлтан көшелерінде орналасқан тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарды  қолдау білдіруге әрі түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізуге мүмкіндік беруге шақырды.

Тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдады

АРАЛ. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады.

Аудан басшысы барлық сауалды сала мамандары мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді. Көтерілген мәселелердің оңтайлы шешілуін қадағалау үшін жауапты бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Құрылыс қарқыны талқыланды

ҚАЗАЛЫ, Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудандағы құрылыс саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде мәжіліс өтті.

Аудан әкімі құрылысы жүріп жатқан әрбір нысанның сапалы әрі өз мерзімінде аяқталуы қажет екенін атап өтті. Бұған байланысты тиісті бөлім басшысы мен әрбір кент, қала және ауыл әкімдері өз аймақтарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын ұдайы бақылауда ұстап, ешқандай кемшілік орын алмау қажеттігін ескертті.

Зияткерлік сайыс

ҚАРМАҚШЫ. 23 маусым – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында «BastimeQuiz» интеллектуалдар сайысы өтті.

Білім додасына кент, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары және қызметкерлері, медицина мамандары, жалпы 29 мемлекеттік мекемеден 10 команда қатысты.

Қармақшы ауданынан  бастау алған ойын мәресі облыстық ақтық сайысқа ұласады.

Шағын футболдан жарыс өтті

ЖАЛАҒАШ. Ауданның 85 жылдығына орай және мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан полициясы күні қарсаңында мекемелер арасында шағын футболдан  сайыс өтті.

Тартысты бәсекеге Жалағаш кенті және ауылдық округтерден, бөлімдер мен мекемелерден  8 команда қатысты.

Еуроқоршау өндіруде

СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі еуроқоршау материалдарын өндіретін шағын цех жұмысымен танысты.

Жеке кәсіпкер Шакизат Байділдаев өткен жылдан бастап өз қаражаты есебінен шағын цех ашып, әртүрлі еуроқоршау материалдарын өндіруді қолға алған. Бүгінде ол аудан халқының сұранысын қамтамасыз етуде. Цехта  тәулігіне 15-20 метр түрлі қоршаулар өндіріледі.

Аудан басшысы мұндай инновациялық жобаларға қолдау көрсету керегін атап өтіп, кәсіпкерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін кеңейтуге мүмкіндік мол екенін жеткізді.

Жасыл желекке айналған жастар орталығы

ШИЕЛІ. Жастар орталығының жасыл желекке айналуына қолы қалт етсе гүл егіп, түрлі ағаш көшетін отырғызып, оны суарып, бабын жасайтын, су саласының үздігі Әлияр Сейітов ақсақалдың үлесі зор.

Себебі, мұндағы жастар былтыр  ақсақалды  орталыққа арнайы шақырып, мекеменің айналасын қалай көгалдандырудың тәсілдерін үйретуге қолқа салған.  Бүгінде  «Көкшоқы» шағын ауданы Ә.Палымбетов көшесінің бойында орналасқан Жастар орталығының ауласында 480 түп ағаш, 10-нан астам гүлдің түрі жайқалып өсіп тұр.

Аппарат басшысы тағайындалды

ЖАҢАҚОРҒАН. Аудан әкімінің  өкімімен  аппарат басшысы лауазымына Рүстем Рәбілұлы Ибрагим тағайындалды. Рүстем Ибрагим 1975 жылы Жаңақорған ауданы «Қызыл жұлдыз» ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары.

Еңбек жолын 1992 жылы «Билібай» кіші кәсіпорнында жұмысшы болып бастаған. 2021 жылдың 18 маусымынан Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып келеді.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<