Аудан жаңалықтары

384

0

Автокөліксіз күн

ҚЫЗЫЛОРДА. Кеше «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Автокөліксіз күн» челленджі ұйымдастырылды. Мақсаты – ауаның ластануын азайту.

Челленджге қатысушылар күні бойы көліктен бас тартып, қоғамдық көлікпен, велосипедпен, скутермен немесе жаяу жүруі керек.

Сондай-ақ өткен сенбіде қалада жаппай сенбілік өтті. Оған 216 мекемеден 2 мыңнан астам адам қатысты. Қоқыс жинайтын 18 арнайы техника жұмылдырылып, орталық полигонға 200 м3 қоқыс шығарылды.

Жол апатының алдын алу талқыланды

АРАЛ. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен үй жануарларымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жиын өтті.

Онда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында, Арал қаласы аумағында малдың жолға шығып кетуінен жол апаттары орын алып жатқаны айтылды.

Жиында аудандық полиция бөліміне, жауапты сала басшыларына жол-көлік оқиғаларының алдын алу, малды бақылаусыз жол бойына жібермеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Алаң абаттандырылуда

ҚАЗАЛЫ. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аудан орталығындағы Әйтеке би алаңына барып, абаттандыру жұмыстарын көрді. Мамырда басталған жұмыстарға мердігер мекеме – «Сенім-Табиғат» ЖШС.

Бүгінде алаңда жаяу жүргіншілер жолы салынып, гүл мен көгал егілуде. Аудан басшысы Әйтеке би кенті әкімі мен мердігер мекеме қызметкеріне жұмыстың өте баяу жүріп жатқанын айтып, жеделдетуді тапсырды.

Комиссия отырысы өтті

ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұловтың төрағалығымен кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған құқық қорғау органдары өкілдері, бөлім басшылары қатысты.

Жиында жыл басынан бері кәмелетке толмағандармен, оларға қарсы жасалған қылмыстардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтылды. Жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы, спорт және туризм, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшыларының баяндамалары тыңдалды. Комиссия төрағасы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Қатты отын жеткізілуде

ЖАЛАҒАШ. Жеке кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық меморандум нәтижесінде көмір қоймаларына қатты отын жеткізілуде. Осыған орай аудан әкімдігі тұрғындарды алдағы жылу беру маусымына дер кезінде  қамдануға шақырды.

Қазіргі таңда аудан орталығындағы көмір қоймасына 200 тоннадан астам «Шұбаркөл» көмірі жеткізілді. Тоннасы 21 000 теңгеден сатылуда. Қатты отын алдағы уақытта да тұрақты жеткізіліп тұрады.

Байқаудың аудандық кезеңі

СЫРДАРИЯ. Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевтің төрағалығымен «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің комиссия  отырысы өтті.

Байқауға ауданнан 11 отбасы өтінім берген. Оның ішінен ережеге сәйкес келетін 2 отбасы іріктеліп, облыстық кезеңге құжаттары жолданды.

Аудандық кезеңде комиссия мүшелері отбасы құндылықтарымен ерекшеленген басқа да отбасыларға номинациялар тағайындады.

Мәдениет саласының өкілдерімен кездесті

ШИЕЛІ. Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесу өтті.

Оған ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері – ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Сарсенбайұлы, «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы Сағындық Досмаханұлы, қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет, ауданның мәдениет саласы қызметкерлері қатысты.

Кездесуде Мемлекет басшысының «Адал адам, Адал табыс, Адал еңбек» тұжырымдамасы талқыланды.

Сенат депутаттары ауданда болды

ЖАҢАҚОРҒАН. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов жұмыс сапарымен ауданда болды. Сапар барысында қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым және жастар өкілдерімен кездесу өткізді.

Жиынды аудан әкімі Мажит Самитов жүргізді. Кездесуде Парламент Сенатының VIII шақырылымының 2 сессиясында қабылданған заңдар туралы түсіндірме ақпараттар берілді. Жиын соңында қабылданған заңдарға байланысты ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<