Аудан жаңалықтары

204

0

Байқау жеңімпаздары марапатталды

ҚЫЗЫЛОРДА. «Абай аллеясында» Абай күніне орай «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ…» атты облыстық байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға арналған іс-шара өтті.

Байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардан көркемсөз оқу және ән айту шеберлігін қатар меңгерген 16-35 жас аралығындағы талапкерлер қатысты. Олар Абай шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа айту, Абай әндерін орындау бойынша сынға түсті.

Тұрғындар мәселесі назарда

АРАЛ. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады. Олар қозғаған мәселелердің дені – жұмыссыздық және тұрғын үй алу жайы.

Аудан басшысы барлық сауал мұқият зерделеніп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді. Қабылдауда айтылған өтініштердің оңтайлы шешілуін қадағалау үшін жауапты бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

150 отбасы баспана қуанышына кенеледі

ҚАЗАЛЫ. Биыл  ауданда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пайдалануға берілетін 150 пәтерлі 75 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын көріп, оны жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен кездесті. Кәсіпкерлерге тұрғындардың игілігі үшін берілетін баспаналарды мерзімінен кешіктірмей  сапалы етіп аяқтау керектігі айтылды.

Волейболдан  турнир өтті

ҚАРАҚШЫ. Аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешенінде Мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл толуына орай волейболдан ересектер арасында аудандық турнир өтті.

Салауаты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткен дүбірлі додаға 10 команда, 150-ге жуық спортшы қатысты. Тартысты өткен турнирде «Қорқыт елі» командасы топ жарса, екінші орынға «Төретам кенті», үшінші орынға «Дүр Оңғар» командасы тұрақтады.

Жеңімпаздар анықталды

ЖАЛАҒАШ. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық іріктеу кезеңі қорытындыланды.

Бұқарбай батыр ауылынан Әлиевтер әулеті ІІІ орынды, «Ақсу» ауылынан қатысушы Ижановтар әулеті ІІ орынды, «Аққұм» ауылынан Әзмахановтар әулеті  І орынды иеленсе, Т.Жүргенов ауылынан Бектаевтар әулеті бас жүлдеге лайық деп танылып, аудан әкімінің дипломымен марапатталды. Сондай-ақ байқауға белсенді қатысып, ұлттық құндылық пен отбасы мерейін жоғарылатуда үлгі  көрсеткен отбасылар арнайы номинацияларға ие болды.

Кемеңгер тұлғаның мұрасы

СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Абай күніне орай лирикалық танымдық іс-шара өтіп, жұртшылыққа кемеңгер тұлғаның мұрасы дәріптелді.

Іс-шарада дана ақынның өмірінен жазылған «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклінен үзінді қойылды. Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдері оқылып, шығармашылығы насихатталды. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері шырқалды.

Бос жұмыс орындары ұсынылды

ШИЕЛІ. 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай  аудандық Мансап және Жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен жастарды әлеуметтендіруге бағытталған «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы аясында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өтті.

Аудан әкімінің аппарат басшысы Ғалымжан Кәрімов   жәрмеңкеде аудандағы және аудан көлемінен тыс жерде орналасқан 19 жұмыс берушіден 75 бос жұмыс орны және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 6 жұмыс беруші 38 уақытша бос жұмыс орнын ұсынғанын айтты.

«Дәстүрге жол» жалғасуда

ЖАҢАҚОРҒАН. «Түгіскен» ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Дәстүрге жол – Аққорған» атты аналар қоғамдық бірлестігінің ашылу  салтанаты өтті.

Онда қазақтың ұлттық қолөнер және әшекей бұйымдары, ұлттық киімдерден жасалған көрме және ауыл келіндерінің күбі пісу, табаға нан жабу, бауырсақ пісіру және т.б. көріністері ұйымдастырылып, ауыл әжелерінің ұршық иіру, жүн түту көріністері көпшілік назарына ұсынылды.

Дайындаған: Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<