Аудан жаңалықтары

70

0

Дайындық пысықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. Қала әкімі Нұржан Ахатов алдағы жылу беру маусымына дайындықты әлі де ширату қажеттігін айтып, сала басшыларына тапсырма берді.

Қазір қаладағы 1022 көпқабатты тұрғын үйдің 808-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалғаны автономды-модульді бу қазандықтары арқылы жылытылады. Жылу беру орталықтарына қажетті 4761 тонна резервтік мазут отыны дайын, ал газ желісіне қосылмаған жеке сектор мен ауылдарға қатты отын алынуда. Бүгінде 5,1 шақырым кварталаралық жылу құбырларына жөндеу жүргізіліп, 67 пайызы орындалды.

Тоқабайда құрылыс қарқынды

АРАЛ. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Тоқабай елді мекеніне барып, құрылысы жүріп жатқан бірнеше әлеуметтік нысанда болды.

Алдымен демеушілік есебінен салынып жатқан мектеп ғимаратына аялдады. Құрылысты «Промстройсервис» ЖШС мердігер мекемесі өз жауапкершілігіне алған. Білім ордасының А блогының ішкі жұмыстары 90 пайызға аяқталып, әрленіп, сырлануда.

Мұнан соң жаңадан бой көтеріп жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын көрді. Дәрігерлік амбулатория осы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«Мектепке жол» акциясы

ҚАЗАЛЫ. «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық науқаны аясында Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр атындағы орталық мешітте 100 балаға оқуға қажетті құралдар үлестірілді.

Шарада мешіттің бас имамы Нұрдәулет Нәби балаларға тілектестігін білдірді.

Жалпы қайырымдылық науқаны кезінде Қазалы ауданы бойынша 250-ден астам оқушыға мектепке қажетті оқу жабдықтары беріледі деп жоспарланған.

Ауруға қарсы шаралар басталды

ҚАРМАҚШЫ. Аудан бойынша кенеге қарсы күзгі залалсыздандыру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес тамыз айының 16-нан басталды. Залалсыздандыруды «Сәтті Түлік» ЖШС жүргізеді.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша ауданның 16 елді мекені қолайсыз болып танылған. Олар − Жосалы, Төретам кенттері, Қармақшы, Ақай, Төребай би, Иіркөл, Дүр Оңғар, Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун, Көмекбаев ауылдық округтері мен Қызылтам, Ордазы, Қорқыт ата, Диірментөбе бекеттері.

Апаттың алдын алған тиімді

ЖАЛАҒАШ. Ауданда облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ердәулет Жаукеев кездесу өткізді.

Кездесуде ауыл әкімдері, аудандық ветеринариялық станциясы және ветеринария инспекциясымен бірлесіп, үй жануарларының жолға шығуы салдарынан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, пада, кезекшілік ұйымдастыру, жарық шағылыстыратын бояу жағу, мойындық тағу мәселелері талқыланды. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Емделушілерге кеңес берді

СЫРДАРИЯ. Аудандық ауруханада «Қант диабеті мектебі» жұмыс жасайды. СӨСҚ маманы Лилия Ауминова қант диабетімен ауыратын науқастарына арналған өзін-өзі бақылау жөнінде кезекті  сабақ өткізді.

Арнайы ұйымдастырылған сабақ барысында дәрігер-эндокринолог Айжан Ибраева терінің температурасына сезімталдық үшін диабеттік диагностикалық сынаушы «TIP THERM» аппаратымен термоэстезиометрия жасады. Зерттеу әдіс-тәсілі бойынша сала маманы емделушілерге түсіндірме жұмысын жүргізді. Науқастар мамандарға сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды.

Бірлік − береке бастауы

ШИЕЛІ. «Ұлттық мұра» жобасы аясында Шиелі кентінде түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылармен кездесу кеші өткізілді.

Онда отбасы мүшелерінің өнегелі өмір жолы баяндалды. Әсерлі әңгіме айтылып, ән мен күйден шашу шашылды. Халқымыздың ұлттық мұрасы, тілі, мәдениеті, өнері дәріптелді. Қатысушыларға «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова жылы лебізін білдіріп, Алғыс хат табыстады.

Жаңа мектеп пайдалануға беріледі

ЖАҢАҚОРҒАН. Биыл Жаңақорғанда 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі – Байкенже ауылындағы 150 орындық білім ошағы.

Қазір құрылыс аяқталуға жақын. Осы орайда аудан басшысы Мажит Самитов жаңа нысанды аралап көрді.

Бүгінде жылу қазандықтары тексеріліп, абаттандырылып, ішкі жабдықтары орнатылуда. Құрылысты «Абу-Сер» ЖШС жүргізуде.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<