Аудан жаңалықтары

240

0

«Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам»

ҚЫЗЫЛОРДА. Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен І.Қабылов атындағы №12 ІТ мектеп-лицей базасында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар республикалық байқауының қалалық кезеңі өтті.

Дәстүрлі байқауға қатысушы мектеп оқушылары 7 номинация бойынша жобаларын қорғап,  шығармашылық идеяларын  көрсетті.

Қорытындысында номинациялар бойынша үздіктер анықталды.

Құрылыс алаңдарында болды

АРАЛ. Облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов жұмыс сапарымен Арал  ауданында болды. Алдымен «Сексеуіл» кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысымен және газ жүргізу жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі А.Оңғарбаев кенттің құрылыс нысандарындағы жұмыс барысына тоқталды.

 Б.Жаханов аудан орталығындағы салынып жатқан 124 тұрғын үйді, аспалы көпір  және   «Руханият орталығының»  құрылысын көрді. Мұнан соң «Жіңішкеқұм» ауылдық округіне барып, Тоқабай, Абай елді мекендерін сумен қамту жобасының және 100 орындық мектеп пен медициналық амбулаторияның құрылыс алаңында болды.

Егін жинау қарқын алды

ҚАЗАЛЫ. Ауданда биыл 17,3 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл  – күріштің көлемі 6200 гектар.

Қазіргі кезде   42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егін алқаптарында жұмыс істеуде.

Байқоңырдағы берекелі жәрмеңке

ҚАРМАҚШЫ. айқоңыр қаласында Қармақшы ауданы тауарөндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 75 тоннадан астам өнім, оның ішінде ақ күріш, балық, картоп, сүт және бақша өнімдері жеткізілді.

Өнімдер нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатылды, бұл қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік болды. Іс-шараның мақсаты – халықты қолжетімді бағадағы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету және жергілікті өндірушілерді қолдау.

Сауда орталығы ашылды

ЖАЛАҒАШ. Кентте «Далида» сауда орталығының ашылу рәсімі өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов қатысып, ел игілігіне берілген жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі.

Жалағаш ауданында 8 айда 3011 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі  тіркелген. Оның  2878-і   жұмыс істеп тұр.

Жеңімпазға құрмет көрсетілді

СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бексұлтан Бостандықовты және жаттықтырушысы Хакімжан Елеусіновті  қабылдап, жеңісімен құттықтады.

Жеңімпазды Алғыс хатпен марапаттап,  анасы А.Әлиеваға да құрмет көрсетті.

Б.Бостандықов 2005 жылдан бері тоғызқұмалақпен шұғылданып келеді. Спорттық мансабында көптеген жетістікке жеткен. Еуропа, Азия чемпионы болса, жыл басында ел чемпионы атанды. Түркия мемлекетінде өткен Әлем біріншілігіне қатысты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бүгінде  шәкірт тәрбиелеп жүр.

Тұрғын үй құрылысымен танысты

ШИЕЛІ. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков кент әкімімен бірге жаңадан бой көтеріп жатқан 123 үйдің құрылысымен танысты.

Аралау барысында  мердігер мекеме өкілдеріне тұрғын үйлердің сапасына, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға баса назар аудару керектігін айтып, кем-кетіктерді түзетуді тапсырды. Сондай-ақ жауапты орынбасарлары мен бөлім басшысына тұрғын үйлердің ауласын ретке келтіруді міндеттеп, құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуына бақылау жасауды жүктеді.

Республикалық турнир өтті

ЖАҢАҚОРҒАН. 20-22 қыркүйек күндері  Жаңақорған кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде еңбек ардагері Есалы Тұрсынбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.

Турнирді  аудан әкімі Мажит Самитұлы ашып, спортшыларға сәттілік тіледі. Жарысқа еліміздің 6 облысынан 250 спортшы қатысты. Жеңімпаздарға  дипломдар мен   сыйлықтар табысталды.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<