Бас жоспар жаңадан әзірленеді
Қызылорда. Қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратовтың төрағалығымен бас жоспарды жаңадан әзірлеу жобасы бойынша жиын өтті.
Келер жылы қолдану мерзімі аяқталуына байланысты Қызылорда қаласының бас жоспарын жаңадан әзірлеу үшін ашық конкурс жарияланып, Алматы қаласының «Казгипроград» 1 жобалау институты ЖШС жеңімпаз атанды.
Жиында осы мекеменің директоры Ілияс Темірбаев республика бойынша көптеген компаниялардың оң пікірін, бай тәжірибесін атап өтіп, қазіргі кезде жоба бойынша бастапқы ақпаратты жинау және қолда бар материалдарды нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Спартакиада үздіктері марапатталды
Арал. Ұстаздар мерекесі мен Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының құрылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған білім қызметкерлері арасындағы дәстүрлі спартакиада өз мәресіне жетті.
Тартысты додада ұстаздар қауымы барын салып, облыстық сайыстың жолдамасын сарапқа салды. Нәтижесінде ең көп ұпай жинап, қарсыластарына дес бермеген №14 мектеп-лицейінің командасы жеңімпаз атанса, Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің командасы екінші орынды қанағат тұтты. Ал №220 орта мектебінің құрамасы үздік үштікті қорытындылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Кезекті сенбілік
Қазалы. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданда кезекті сенбілік өтті.
Онда орталық көшелер мен саябақтар, арықтар тазаланды. Көше бойындағы арамшөптер оталып, қоқыс қалдықтары арнайы орындарға шығарылды. Әйтеке би кентінде ұйымдастырылған тазалық жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аралап көрді. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.
Ұстаздарға арналған салтанатты шара
Қармақшы. 5 қазан – мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы ұстаздар мен білім саласының ардагерлерін құттықтап, білім беру саласындағы жетістіктер мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін атап өтті.
Салтанатты шарада ауданның үлгілі ұстаздарына облыс әкімі және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Республикалық кезеңнен екінші орын алды
Жалағаш. Әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің мұғалімі Раушан Атаулиева «Үздік сынып жетекші – 2024» байқауының республикалық кезеңінде ІІ орын иеленді.
Раушан Бекназарқызы бұған дейін «Үздік сынып жетекші – 2024» республикалық байқауының облыстық кезеңінде бас жүлдені, «Үздік педагог портфолиосы» атты республикалық оқытушылар сайысында І орын иеленген.
Еңбек адамына құрмет
Сырдария. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Алданберген Құлбаевты қабылдап, 75 жас мерейтойымен құттықтады.
Алданберген Бодыбайұлы еңбек жолын Шаған ауылындағы «Тереңөзек» күріш совхозында звено жетекшісі, бөлімше агрономы болып бастап, Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп келеді.
Аудан әкімі мерейтой иесіне Құттықтау хат және облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасын» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Тапсырма орындалуымен құнды
Шиелі. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Шиелі кентін аралау барысында жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берген еді.
Аталған тапсырмалардың басым бөлігі атап айтқанда, мекеме қоршауларын сырлау, арамшөптерді шабу, кәсіпкерлік нысандарының сыртқы көрінісін ретке келтіру, ескіріп қараусыз жатқан ойын алаңдарын қалыпқа келтіру сынды жұмыстар бүгінде орындалып, аудан орталығының ажары кірді.
Әдеп нормаларын сақтауға арналды
Жаңақорған. Аудан әкімдігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтау, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормалары талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша жиын өтті.
Жиында аудан әкімі Мажит Самитов «Еңбек кодексі», «Әдеп кодексі», «Мемлекеттік қызметі туралы» заңнамаларының қатаң сақталуын және заңбұзушылықтарды болдырмау, алдын-алу бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Дайындаған:
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<