Аудан жаңалықтары

474

0

«Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылы кеңейтілуде

ҚЫЗЫЛОРДА. Аймақ басшысының қолдауымен қаладағы басты жолдар мен көшелердің аясы кеңейіп жатыр. Соның бірі – «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылы. Қайта жаңғырту жұмыстары  тамыз айының аяғында басталды.

Ұзындығы 6 711 метр жол екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыстырылуда. Жұмысты атқарушы – «УАД» ЖШС.

Комиссияның кезекті отырысы

АРАЛ. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиында  топтасқан бұзақылықтың және қоғамдық орындардағы  қылмыстың, ұрлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы  аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Әлтай хабарлама жасады.

Тұрғындар мәселесі назарда

ҚАЗАЛЫ. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет кезектілік тәртібімен азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасу, тұрғын үй кезегі, жол салу, жарық орнату, қызметтік үйді жекешелендіру  мәселелерін көтерді.

Мамандар келушілердің ұсыныс-пікірлері мен сауалдарының    заң аясында шешілу жолдарын айтып, кейбір сұрақтар бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы

ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен «Есірткі қылмыстарының алдын алу» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті.

Күн тәртібінде қылмыстың алдын алуда мүдделі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен іс-шаралары нақтыланды.

Аудан басшысы Бас прокуратураның бастамасымен облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясындағы  бірқатар нәтижелі жұмыстарды атап өтті.

Қоршаған орта  жанашырларына құрмет

ЖАЛАҒАШ. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш кентіндегі қоғамдық қызметте жүрген азаматтармен кездесті.

Кездесу барысында  ауданның 85 жылдық мерейтойына арналған төсбелгі және Алғыс хаттар табысталды.

Туған жердің гүлденуіне зор үлес қосып жүрген жандарға алдымен аймақ басшысының алғысын жеткізген аудан әкімі еселі еңбек әркез қолдауға лайықты екенін айтты.

«Руханият орталығының» құрылысымен танысты

СЫРДАРИЯ. Аудандағы «Руханият орталығының» құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекеме өкілімен сөйлесті.

Айта кетейік, жалпы құны 1,5 млрд  теңгені құрайтын  орталық құрылысын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС атқаруда. Мұнда 50 адам, 3 техника жұмылдырылған. Қазіргі кезде  ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тұрғындар қауіпсіздігі маңызды

ШИЕЛІ. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Жөлек» ауылдық округі «Жуантөбе» елді мекеніне баратын аумақтағы бөгет салу жұмыстарымен танысты.

Су тасқынына қауіпті аймақ саналатын «Жөлек-Жуантөбе» тас жолының оң жақ беті, Сырдария өзені жағалауының бойында бөгет салынды. Оны салуға «Шопан ата» шаруа қожалығы демеушілік жасады. Бөгеттің ұзындығы 700 метр, ені 6 метр, биіктігі 4 метрді құрайды.

Көмір қоры бақылауда

ЖАҢАҚОРҒАН. Аудан әкімі Мажит Самитов жылу маусымында көмір  тапшылығын болдырмау үшін  көмір қоймасында болып, жағдаймен танысты.

Жылу маусымында тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігі мен «BEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында меморандум жасалған. Ауданға қажетті қатты отын көлемі шамамен 19300 тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта  16746 тонна көмір тасымалданған.

Дайындаған:

 Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<