Аудан жаңалықтары

859

0

Мәдениет қайраткерлеріне құрмет

Қызылорда. Мәдениет саласының ыстық-суығына төзген, саланың дамуына бар білім-білігі мен талант-дарынын арнаған мәдениет қайраткерлеріне құрмет қашанда бөлек.
Қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова сала ардагерлері мен қызметкерлерін мерейлі мерекемен құттықтап, қала әкімінің арнайы алғыс хаты мен естелік сыйлықтарын табыстады.
Шара барысында қала өнерпаздары әннен шашу шашып, кеш көрігін қыздырды.

Тұрғындар тілегі жерде қалмайды

Арал. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Арал қаласының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.
Ол жиында өткен жылы атқарылған жұмыстар негізінен пандемиямен күреске және қуаңшылықты еңсеруге бағытталғанын айтты. Сондай-ақ, жасалған жұмыстарды тізбектеп, оң өзгерістерді саралап шықты. Сонымен бірге қала аумағын арнайы 8 секторға бөлу арқылы жұмыс жүргізудің негізгі мақсаты – жалпы ахуалды біліп, сол арқылы өзекті мәселелердің шұғыл шешімін табуы үшін тиісті шаралар қабылдау екенін жеткізді.

Жол мәселесі алаңдатады

Қазалы. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев шалғайдағы Шәкен ауы­лының тұрғындарымен кездесіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Басқосуда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзілхан Үмбетов халықтың айтылған ұсыныс-пікірлері ескеріліп келе жатқанын атап өтті. Шәкен ауылына ауызсу көршілес Арал ауданының Тоқабай елді мекенінен тартылғалы отыр. Енді Қарақұм беткейіндегі шалғай ауылда орналасқан шәкендіктерді аудан орталығына қатынайтын жол мәселесі алаңдатады. Осыған орай Арал ауданының Ақбай елді мекенінен Шәкенге дейінгі 66 шақырым жолды асфальттап беруді сұрады.

Тарихтан тағылым

Қармақшы. Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қыз­меткерлері Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің оқу­шы­ларына «Қазақ елі» аллеясына танымдық экскурсия ұйым­дастырды.
Оқушылар экскурсия барысында тарихи-мәдени ескерткіштер туралы жан-жақты мәлімет алып, Қазақ хандығы тарихымен танысты. Бұл шара батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету, ата тарихтан тағылым алу, өскелең ұрпақтың жадында өткенімізді жаңғыртуды мақсат етеді.

Жылу беру маусымы пысықталды

Жалағаш. Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті.
Күн тәртібінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымының қорытындысы мен алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы және мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру, суға шомылу маусымында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы мәселелер қаралды.

Мәдениет мәйегі

Сырдария. Сырдария аудандық Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында кездесу өткізді.
Кездесуде жастардың санасына ізгілік пен инабаттылықтың дәнін сеуіп, ибалы келін, көреген ана, өнегелі әже атанған ауданның нәзік­жандылары «Ел анасы» номинациясын иеленді. Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, облыстық мәслихат депутаты, облыстық іскер әйелдері ассоциациясының төрайымы Манат Алмашева, «Сырдария аудандық әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева сөз сөйлеп, отбасы құндылығы, қоғам мен отбасы байланысы, әке мен ана рөлі төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жеңімпаздарды қабылдады

Шиелі. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков «Балалар жылы» аясында және биылғы оқу жылының аяқталуына орай аудан мерейін асқақтатқан дарынды оқушыларды қабылдады.
Кездесу барысында аудан әкімі үздік оқушылардың жетістіктерімен танысып, жастардың бастамаларын әрдайым қолдайтынын, білім саласындағы мамандардың ғылымға бет бұруын, мамандыққа бағыттау бойынша мазмұнды әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, аудандағы кадрлар қатарын жергілікті жастармен қамту үшін оларды ерте жастан бағыттау керектігін де жеткізді.

Жасыл желек – жанға дауа

Жаңақорған. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов «Сыр Табиғаты» ЖШС директоры Амантай Сарбасов жетекшілік ететін тұқым (питомник) шаруашылығының жұмысымен танысты.
Питомникте жеміс ағаштарының бірнеше түрлері дәннен отырғы­зылып, бүгінде 90 мың түп жеміс көшеті (алма, алмұрт, алхоры, өрік, шабдалы, шие) сатылымда. Павлония, емен тағы басқа әсем саялы ағаштар мен аула гүлдерінің көптеген түрі бар.
– Жаңақорған кенті орталығында жалпы көлемі 2,6 гектар жерге үлкен саябақтың құрылысы басталды. Саябақтың ішіне тек саялы ағаш­тар ғана емес, осы жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызсақ, демалу­шыларға қолайлы болмақ, – деді аудан әкімі.

Дайындаған
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<