Кәсіпорын жұмысымен танысты
ҚЫЗЫЛОРДА. Қала әкімі Нұржан Ахатов «Су жүйесі» мекемесіне барып, кәсіпорынның материалдық-техникалық базасының жай-күйімен танысты.
Ол бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің маңызын атап өтті. Қала бойынша ауызсу сапасын арттыру және кәріз жүйелерінің жұмысын жүйелендіру бағытында мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасын табуда. Айта кету керек, бүгінде кәсіпорын теңгерімінде 976,12 шақырым ауызсу жүйесі, 11 ІІ су көтеру насос станциясы, 112 ұңғыма, 6 дана су қысымын көтеру насосты станциясы және «Тасбөгет» кентінде бас су жинау кешені бар. Тұтынушыларға тәулігіне 74-78 мың текше метр ауызсу өндіріліп таратылуда.
Тұрғындармен жүздесті
АРАЛ. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев «Жалғызағым» және «Тастүбек» елді мекеніне барып, ауыл халқының тыныс-тіршілігімен танысты.
Алдымен «Сексеуіл» кентіне қарасты «Жалғызағым» елді мекеніне барды. Ауылдағы бастауыш мектептің ауласында тұрғындармен жүздескен аудан басшысы өзекті мәселелерден хабардар екенін, оларды шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
Бастауыш мектепте бүгінде 21 бала білім алады. Ауылға алдағы уақытта мектеп салу мәселесі оң шешім таппақ.
«Қыс-2024» оқу-жаттығуы өтті
ҚАЗАЛЫ. Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевтың қатысуымен «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.
Республикалық оқу-жаттығу қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау мақсатында ұйымдастырылуда. Аудан аумағында оқу-жаттығу 3 кезеңде өткізілді. Біріншісі – жылу беру орталығында орын алған авариялық жағдайды дер кезінде қалпына келтіру, екіншісі – ауа райының қолайсыздығынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автотрассасында қалған жолаушыларды құтқару, апатқа ұшыраған адамды көлік ішінен шығарып, медициналық көмек беру, үшіншісі – мал бағып жүріп із-түссіз кеткен адамды іздеу. Осы шаралар бойынша азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы пысықталды.
Құрылыс қарқыны қадағаланды
ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімі Жандос Еркінбек елді мекендерге барып, құрылыс нысандарының жай-күйімен танысты.
Алдымен «Ақай» ауылында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын көрді. Нысан басында мердігер мекеменің басшысына құрылыс қарқынын жеделдету және сапаны арттыру жөнінде нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, «ІІІ Интернационал» және «Жаңажол» ауылдарында бой көтеріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің жұмысын бақылап, ауыл әкімдеріне құрылыс барысын тұрақты қадағалауды жүктеді. Одан кейін «Жосалы» кентінде облыс әкімінің бастамасымен салынып жатқан типтік үлгідегі «Руханият орталығының» құрылыс алаңына барды.
Алдағы жылға жоспар көп
ЖАЛАҒАШ. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов кент тұрғындарымен кездесті. Онда атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2025 жылы жоспарланған ауқымды жобалармен таныстырды. Тұрғындар оң пікірлер мен ұсыныстар айтты.
Бүгінде Жалағаш аудандық ауруханасы мен емханасының орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысына жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жоба құны 1 млрд 290 млн теңге, республикалық, облыстық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды.
Бюджеттен қажетті қаржы бөлінсе, орталықтандырылған кәріз жүйесіне жақын орналасқан мекемелерді, тұрғын үйлерді қосуға мүмкіндік болады. Арнайы көліктерімен жеке тұрғын үйлерден шығарылған кәріз суын төгетін орындар аталған жобада қарастырылған.
Қолөнер шеберіне құрмет
СЫРДАРИЯ. Қолөнер шеберлерінің аудандық фестивалі аясында Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, қолөнер шебері Жәнібек Маханбеттің «Аңыз негізі – ақиқат» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шарада аудан әкімі Берік Сәрменбаев өлкетанушының туындысы аудан тарихынан, осы топырақтан шыққан қайраткерлер туралы сыр шертетінін айтты.
Кітапта қайраткер тұлғалардың, батыр бабаларымыздың ел дамуы жолындағы еңбегі, қайраткерлігі баяндалған. Мұның бәрі – келешек ұрпақ білуі тиіс құндылықтар. Өлкетанушы тарихты түгендеп, кейінгі ұрпаққа шежірелі туындыны тарту етті.
Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет саласының ардагері Алма Бақтиярова, еңбек ардагері Бәрзубек Жылқыбаев құттықтау лебіздерін жеткізді.
Жас спортшыларды қабылдады
ШИЕЛІ. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленген аудан спортшыларын қабылдады.
Қабылдауда жас спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Айта кетсек, 10-13 қараша күндері Қазан қаласында өткен жасөспірімдер арасында белбеу күресінен әлем біріншілігінде жерлесіміз Наурызбай Сәдібеков 71 кг салмақта күміс жүлдегер, 50 кг салмақта Бағдаулет Төлепов қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар, 8-11 қараша күндері Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен ересектер арасында аралас ІММА жекпе-жектен Әлем чемпионатында жерлесіміз Абылай Шәкірбеков күміс жүлдегер атанды.
Медициналық нысан ел игілігіне беріледі
ЖАҢАҚОРҒАН. Аудан әкімі Мажит Самитов құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысанды аралады.
Алдымен «Төменарық» ауылдық округіндегі 15 төсектік аурухана мен емхананың құрылыс алаңына барды. Медициналық мекеме құрылысы толығымен аяқталып, жуық арада ел игілігіне беріледі. Одан соң «Саяжай» шағын ауданында бой көтерген 600 орындық «Жайлы мектеп», «Ипподром» шағын ауданындағы 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебіне» барды. Аталған әлеуметтік нысандар да жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Аудан әкімі тиісті сала басшыларына және мердігер мекемелерге жұмысты сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Дайындаған Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<