Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы қалалық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева жыл қорытындысымен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және кедергісіз орта қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Кеңес отырысында аталған бағытта тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Аудан бюджеті нақтыланды
АРАЛ. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың қатысуымен аудандық мәслихаттың кезекті ХХVII сессиясы өтті.
Сессияда «2024-2026 жылдарға арналған Жетес би ауылдық округінің бюджеті туралы» аудандық мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде аталған ауылдық округ әкімі Р.Жолмырзаев, 2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т.Рашев, аудандық мәслихаттың биыл атқарған жұмысы туралы мәслихат төрағасы Б.Төрахметов хабарлама жасады.
Алтынайдың күміс жүлдесі
ҚАЗАЛЫ. Желтоқсан айының 17-26 күндері Катар астанасы Доха қаласында ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтуде. Чемпионатта 19 елден 200-ден астам спортшы бақ сынап жатыр.
Жарыстың кешегі күнінің нәтижесі бойынша Қазалы ауданындағы №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің ауыр атлетика бөлімшесінің спортшысы Алтынай Тәңірбергенова 64 келі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдегер атанды.
Ауыл тұрғындарымен кездесті
ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімі Жандос Еркінбек «Иіркөл» және Төребай би елді мекендерінің халқымен кездесті.
Кездесулерде аудан басшысы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларын бөлісті.
Жиын соңында елді мекен тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын және барлық мәселенің жіті қадағалауда екенін жеткізді.
Қауіпсіздік назарда
ЖАЛАҒАШ. Аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов жауапты сала басшыларымен бірге төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жалағаш кентіндегі қоғамдық орындарда, мейрамханаларда, сауда орталықтарында, базар маңында өрт қауіпсіздігі шаралары туралы ақпарат беріліп, кәсіптік нысан иелеріне ескертулер айтылды.
Жағдай жіті бақылауда
СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан аумағындағы Сырдария өзенінің бойындағы қорғаныс бөгеттерінің жағдайымен танысты.
Бүгінде елді мекендер мен стратегиялық маңызы бар нысандардың айналасындағы ахуал тұрақты. Жағдай қатаң бақылауға алынған. Қазіргі кезде Тереңөзек кентінің тұсынан 300 текше метр су өтуде.
Аудан әкімі тиісті сала басшыларына дария бойындағы жағдайды күнделікті қатаң бақылауға алу үшін арнайы бекітілген кестеге сәйкес кезекшілік қоюды тапсырды.
Құрылыс нысандарын аралады
ШИЕЛІ. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құрылыс нысандарындағы жұмыс барысымен танысты.
Алдымен «Ақ орда» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің құрылысын көрді. Онан соң «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысы бірінші кезекте сапаға мән беру керегін айтып, тиісті тапсырмалар берді.
«Алтын тұғырды» иеленді
ЖАҢАҚОРҒАН. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен үздік спортшылар анықталатын «Алтын тұғыр – 2024» мерекелік іс-шарасында жамбы атудан Қазақстан Республикасының 3 дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Әбдіғаппар ауылының тумасы, №7 спорт мектебінің спортшысы Пернебай Ақәділ жылдың үздік спортшысы ретінде «Алтын тұғыр» сыйлығына ие болды.
Айта кетейік, Пернебай Ақәділ – Сыр өңірінде ең алғашқы «Алтын тұғыр» сыйлығын әкелген жас спортшы.
Жаттықтырушысы Өміртай Ғалымжан болса, команда жетекшісі Боранбаев Сламхан.
Дайындаған Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<