Заңсыз жарнамаға орын жоқ
ҚЫЗЫЛОРДА. Қала аумағында заңсыз орналастырылған және шаһардың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізетін сыртқы көрнекі жарнамаларға бақылау жүргізілуде.
Мониторинг барысында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары заңсыз ілінген жарнамалық баннерлерді анықтап, кәсіп иелеріне тиісті ескерту берді. Сонымен қатар, қаланың көркін бұзып тұрған жыртылған, ескірген және заңсыз ілінген ақпараттық тақтайшалар да алынып тасталды.
24/7 тамақтану орталығы ашылды
АРАЛ. Ауданда алғаш рет 24/7 қызмет жасайтын «Gurman» тамақтану желісі ашылды. Жаңа орталықты кәсіпкер Мейрамкүл Матаева ашып, аудан тұрғындарына 24/7 қызмет көрсетеді.
Тамақтану орталығында түрлі тағам дайындалады. Кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтыған. Кәсіп ашудағы негізгі мақсат – аудан тұрғындарына тиімді бағада қызмет көрсету.
Инклюзивті білім берудің маңызы зор
ҚАЗАЛЫ. Аудандық білім бөлімі «Ерекше білім беру жүйесін дамыту: ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды қолдау» тақырыбында мектеп мұғалімдеріне арнап семинар ұйымдастырды.
Оған 50-ге жуық мұғалім қатысты. Семинарда білім бөлімінің әдіскері Надира Амангелдіқызы инклюзивті білім беру аясында нормативтік құжаттар мен психологиялық-педагогикалық қолдау мамандарының ерекшеліктеріне және аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Басқосу соңында кері байланыс жүргізіліп, мұғалімдер бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Нақты тапсырмалар жүктелді
ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімінің орынбасары Айдын Әнуар тиісті сала қызметкерлерімен бірге су тасқынының алдын алу мақсатында «Қараөзек» арнасына мониторинг жүргізді.
Сонымен қатар, «Қожатай» су тоспасы арқылы «Жұмағұл» каналымен «Қаракөл» көліне су жеткізу және жоғарыдан келген суды тиімді пайдалану мәселесі бойынша сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Күнделікті мониторинг жүргізіп, бақылауды күшейтуді тапсырды.
Тұрғындар мәселесі тыңдалды
ЖАЛАҒАШ. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан тұрғындарын кезектілік тәртібімен жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Тұрғындар жұмысқа орналасу, тұрғын үй кезегіне тіркелу және баспана алу мәселелерімен жүгінді. Қабылдауда заңға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, тұрғындар аудан әкімінің қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.
Қорғаныс бөгеттері тексерілді
СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың тапсырмасына сәйкес, жұмысшы топ Сырдария өзенінде су көлемінің көбеюіне байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. А.Тоқмағанбетов елді мекеніне қарасты «Домостроитель», «Весна», «Теплоснобженец» және «Бумажник» саяжайларында тұратын тұрғындарға мол су келу кезеңіндегі сақтық шараларын түсіндіріп, ескертпе хаттар таратты.
Сонымен қатар, Сырдария өзенінің бойындағы қорғаныс бөгеттерінің қазіргі жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні өзенде жағдай қалыпты, 332 текше метр су өтуде.
Іскер аналармен кездесті
ШИЕЛІ. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Руханият орталығында» ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан іскер әйелдермен кездесті.
Шараға аудандағы әйелдер кеңесінің төрайымы, әр елді мекеннің белсенділері және мектеп директорлары қатысты. Кездесу барысында аудан әкімі әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы көрсеткіштерімен таныстырып, алдағы жоспарын бөлісті. Сондай-ақ жетістіктерге қол жеткізуде нәзікжандылардың да өз үлесі бар екенін айтты.
Заң талаптары түсіндірілді
ЖАҢАҚОРҒАН.М.Қаратаев атындағы №51 мектеп оқушыларымен құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбында арнайы кездесу өтті. Шараға «Amanat» партиясы мен құқық қорғау органдарының өкілдері, мектеп әкімшілігі және жастар орталығының қызметкерлері қатысты.
Мамандар оқушыларға заң талаптарын түсіндіріп, құқықбұзушылыққа жол бермеу үшін қандай заңдылықтарды сақтау қажет екенін айтты. Сондай-ақ жастар арасында жиі кездесетін тәртіп бұзушылық түрлері мен олардың салдары жөнінде нақты мысалдар келтірілді. Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, мамандардан кеңес алды.
Дайындаған
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<