Аудан жаңалықтары

157

0

«Қарауылтөбеде» қарқынды жобалар бар

ҚЫЗЫЛОРДА. «Қарауылтөбе» ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қойшыбай Жүсіпов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы ауылдық округ көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспары жайлы баспасөз конференциясын өткізді.

–    Өткен жылы ауылдық округтің жаңа қоныс аумағындағы 7 көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, Абай көшесінің бойы жарықтандырылды. Ал биыл 4 жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, электр желілерін реконструкциялау, дәрігерлік амбулатория құрылысы, С.Байсейітов көшесіне балалар ойын алаңын салу, жаңадан қоныстанушы аумақтағы 5 көшені жарықтандыру жұмыстары бар, – деді ол.

Азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді

АРАЛ. Ауданның кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі азық-түлік өнімдерін сататын сауда орындарында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі өнім бағасына мониторинг жүргізді.

Олар кәсіпкерлермен кездесіп, азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсірмеу, белгіленген шекті бағадан асырмау бағытында түсіндірме жұмыстарын  жасады. Аудан әкімдігі тарапынан баға тұрақтылығын сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да ұдайы жүргізіледі. 

Республикалық оқу-жаттығу

ҚАЗАЛЫ. Ауданда «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Онда ықтимал су тасқынында төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі басқару органдарының, күш-құралдарының дайындығы пысықталды.

Оқу-жаттығу барысында инженерлік, өртке қарсы қызметтер мен барлау тобының құрамалары қорғаныс бөгетін нығайту үшін құмды қапқа салып, бөгеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейіндегі №22 эвакуациялық жинау пункті мен Қазалы аграрлы-техникалық колледжіндегі №23 эвакуациялық қабылдау пункті тексерілді. 

Жалпы жаттығу жұмысына 127 техника, 441 адам жұмылдырылды.

«Ыстық ықылас» акциясы

ҚАРМАҚШЫ. «AMANAT» партиясының аудандық филиалы және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері бірлесіп, «Ыстық ықылас» дәстүрлі акциясын ұйымдастырды.

Шарада ауданды көркейту, көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысып жүрген жұмысшы мамандарға ерекше көңіл бөлініп, олар суық күнде ыстық шай мен тәттілерден дәм татты.  «Ыстық ықылас» акциясы бірлікті нығайтуға бағытталып, игі дәстүрге айналған. Мұндай шаралар қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықты арттыруға өз үлесін қосары сөзсіз.

Әдістемелік кеңес өтті

ЖАЛАҒАШ. Аудан бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинеті №202 орта мектепте «Білім сапасын арттыру: Жоспар. Тәжірибе. Нәтиже» тақырыбында кеңес өткізді. Әдістемелік кеңеске мектеп директорының бастауыш сыныптар және оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Кеңестің алғысөзін білім бөлімінің басшысы Талғат Құрақбайұлы алып, білім саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар қазіргі заманғы педагогтің кәсіби дамуы, ең алдымен, өзінің әдістемелік жұмысын үнемі жетілдіруге негізделген тұтас кәсіби қызметті игеруге бағытталғанын, әдістемелік жұмыс мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамытудың және білім беру процесінің сапасын жақсартудың қозғаушы күші екенін атап өтті.

Мобильдік топ жұмысы

СЫРДАРИЯ. Ауданда өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және жан-жақты қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топ құрылған.

Топ мүшелері Тереңөзек кентіндегі бақылауға алынған отбасының әлеуметтік жағдайын көрді.

Алдағы уақытта атқарылатын шаралар жөнінде хаттамалық тапсырмалар берілді.

Жәрмеңке ұйымдастырылды

ШИЕЛІ. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Шиелі кентінің орталық стадион аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Аудан әкімдігінің қолдауымен жеке кәсіпкер Қуаныш Стиев «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен келісім-шартқа отырып, облыстық тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін әкеліп, тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынды.

Жұртшылық ұйымдастырушы әкімшілік пен жеке кәсіпкерге алғыс білдірді.

Рейд жалғасады

ЖАҢАҚОРҒАН. Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру үшін құқық қорғау органдары және жастар ресурстық орталығының мамандары түнгі рейд ұйымдастырды.

Онда қоғамдық тәртіпті бұзу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі сынды құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілді. Тәртіп сақшылары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырып, заң талаптарының сақталуын қадағалады.

Рейд одан әрі жалғасады.

Дайындаған Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<