Аудан жаңалықтары

127

0

«Aparu» қосымшасы іске қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. Қалада жолаушылар мен көлік жүргізушілер үшін «Aparu» такси қосымшасы жұмысын бастады. Отандық бағдарлама тұтынушыларға жасырын комиссиясыз қызмет көрсетеді.

Қосымшаны іске қосу рәсімі «Достық» аллеясында өтті.

Айта кету керек, «APARU»  – Өскемен қаласында жасалған қазақстандық энтузиасттар тобы құрған стартап. Қызылордада іске қосылғаннан кейін сервисті еліміздің басқа өңірлерінде де масштабтау жоспарлануда дейді өкілдік. Қосымшаны App Store және GooglePlay онлайн дүкендерінен жүктеуге болады.

Үздік үштіктен көрінді

АРАЛ. Елордада 8-11 сынып оқушылары арасында республикалық ғылыми жобалар байқауы өтті.

Онда «Шижаға» елді мекеніндегі №57 орта мектептің 10-сынып оқушысы Данагүл Нұралы «Өлкетану» секциясы бойынша үздік үштікті қорытындылады.

Аймақ мерейін асырған жүлдегер шәкірттің  жетекшісі – Жанар Жұмашова.

Антиядролық қозғалыстың маңызды белесі

ҚАЗАЛЫ. Биыл  «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 36 жыл толып отыр.

Осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында Семей сынақ алаңында әскери борышын өтеген қазалылық ардагерлермен кездесу өтті. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев ардагерлерді құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады және  арнайы сыйлықтар табыстады.

Дәстүрлі аудандық спартакиада

ҚАРМАҚШЫ. Аудандық білім бөлімінің  ұйымдастырумен №26 мектеп базасында мектеп оқушылары арасында «Ұлттық ойындар – рухани байлығымыз» атты аудандық спартакиада өтті.

Оған 30 мектеп 6 аймаққа бөлініп, әр мектептен ең мықтылары бақ сынасты.  Жарысқа жалпы 1050 оқушы қатысты.

Спорттық ойынның  11 түрінен өткен доданың қорытындысында жүлделі орындарды иеленген командалар аудандық білім бөлімінің дипломдарымен марапатталды.

Тазалық қызметкерлеріне құрмет

ЖАЛАҒАШ. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш кентінің тазалық қызметкерлерімен кездесті.

Кездесуде аудан басшысы кенттің көркейіп, таза болуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.

– Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз ауданымыздың көркеюіне үлкен үлес қосуда. Алдағы уақытта да  жұмыла еңбек ете береміз деп сенемін. Сіздерге табыс, зор денсаулық тілеймін, – деді Ардақ Ибраимов.

«Шіркейлі» ауылдық округінің әкімі сайланды

СЫРДАРИЯ. Өткен жексенбіде «Шіркейлі» ауылдық округінде ауыл  әкімін сайлау өтті.

Дауыс беру нәтижесінде сайлаушылардың басым дауысына ие болған Талғат Ізтайұлы Құламқадіров   ауылдық округ  әкімі болып сайланды.

Тазалық акциясы

ШИЕЛІ. Ауданда «Таза Қазақстан» акциясы аясында  сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке аудан тұрғындары мен ұйымдар белсене қатысып, табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау үшін аумақтарды тазартты.

Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы қатысып,  тазалық жұмыстарына  атсалысты. Сенбілікке қатысушыларға алғысын білдіріп, бұл бастаманың ауданның тазалығын сақтау мен экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосатынын атап өтті.

Кітап көрмесі

ЖАҢАҚОРҒАН. «Руханият орталығындағы» А.Сопыбеков атындағы аудандық кітапханада  Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – азаматтың асыл қасиеті» және Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналып «Татулық пен бірліктің кепілі – Ассамблея» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мақсаты – достық пен ынтымақтастықты дәріптеу, салт-дәстүрін, мәдениетін, өзіндік үлгі-өнегесін оқырмандарға насихаттау.

Көрмеде достық пен келісімде салтанат құрған Қазақстан мен этностар туралы кітаптар ұсынылды.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<