Бюджеттің игерілуі пысықталды
Қала әкімі Нұржан Ахатов бюджет қаражатының игерілуін және негізгі макрокөрсеткіштердің уақытылы орындалуы мен алдағы міндеттерді пысықтады.
– Экономикалық өсімнің, бюджеттік түсімдердің, инвестициялық және әлеуметтік көрсеткіштердің орындалу деңгейі – қала дамуының айнасы. Сондықтан бүгінгі отырыста негізгі салалар бойынша қол жеткен нәтижелерді, кемшіліктерді саралап, жыл соңына дейін орындалуы тиіс шараларды айқындауымыз қажет, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Бюджет қаражатын игеру – күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. Жиында қаржы игеруде төмен көрсеткіштерге жол бермеу керегі айтылып, жауаптыларға талдау жасау тапсырылды.
Сыбайластыққа жол жоқ
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, Сексеуіл және Жақсықылыш кенті әкімі аппараттарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарған жұмыстары қаралды.
Көтерілген мәселеге сәйкес кент әкімдері хабарлама жасады. Олар 9 айдың қорытындысы бойынша жергілікті әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады.
Аудан әкімі халықтың талап-тілегін тыңдау және арыз-шағымдармен жұмыс істеу барысында жол берілген кемшіліктерге тоқталып, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты жандандырудың маңызын атап өтті.
Тұрғындар өтінішіне құлақ түрді
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, ондағы мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды.
Алдымен тиісті сала басшыларымен бірге «Мелиоратор» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерді көрді. Әйтеке би кентінің әкімі мен жауапты сала басшыларына тұрғын үйлердің шатырын ауыстыру, ішкі көшелерге асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер жолын салуға арнайы жоба әзірлеп, үйлестіруді тапсырды. Сонымен қатар кент әкіміне шағын ауданның тазалығына қатысты тапсырмалар берді.
Спортшыларды қабылдады
Аудан әкімі Жандос Еркінбек жауынгерлік самбо және қазақ күресі бойынша халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарған жеңімпаздарды қабылдады.
Спортшылар Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында өткен ересектер арасындағы жауынгерлік самбодан Әлем кубогында және Алматы облысы Үшқоңыр ауылында ұйымдастырылған «Ақ бидай» республикалық турнирінде қазақ күресінен жеңіс тұғырынан көрініп, аудан мерейін асқақтатқан болатын.
– Сіздер өз еңбектеріңізбен жастарға үлгі болып, спорттың ел ішіндегі мәртебесін көтеріп, ұлттық рухты нығайтуға сүбелі үлес қосып келесіздер. Спорттағы әрбір жетістіктеріңіз – ауданымыздағы жүйелі жұмыстың айқын дәлелі. Біз бұдан әрі де спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жұмыстарды күшейтеміз, – деді аудан әкімі.
Ардагер-ұстаздар «Руханият орталығында»
«Руханият орталығында» аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов «Тәрбие негізі – ұлттық құндылықта» атты облыстық семинарға қатысушы ардагер-ұстаздарды күтіп алды.
Облыстың әр ауданынан жиналған ардагер-ұстаздар «Руханият орталығын» аралап, оның ішінде өлкетану музейін, ардагерлер кеңесі, үкіметтік емес ұйымдар қызметі, қоғамдық келісім мен әйелдер кеңесінің жұмыстарымен танысты.
Кездесу барысында ардагер-ұстаздар орталықтағы тарихи жәдігерлерді, тарихтан сыр шертетін мұраларды көріп, рухани құндылықтардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы пікір бөлісіп, атқарылып жатқан игі істерге оң бағасын берді.
Қауіпсіздік басты орында
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары коммуналдық базар және «Серікбол» сауда үйі басшыларымен кездесті.
Оларға нысандарды арнайы күзет агенттіктерімен келісімшартқа отырып күзетшімен қамтамасыз ету, дабыл қондырғысын орнату, есік-терезелерді темір тормен қаптау және бейнебақылау камераларын орнату жөнінде түсіндірме жүргізді.
Жеке мәселелер қаралды
Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Онда тұрғын үй, жер алу, тұрақты жұмысқа орналасу және өзге де әлеуметтік мәселелер көтерілді. Аудан басшысы әр келушінің өтінішін мұқият тыңдап, заң аясында түсіндіріп, шешу жолдарын қарастырды.
Жұмыс сұраған азаматтарға аудандағы мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардағы бос жұмыс орындары ұсынылды. Қоғамдық жұмыстар мен қайта даярлау курстарына қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.
Заң талаптары түсіндірілді
Аудан әкімдігі, полиция бөлімі, білім бөлімі және білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен түнгі рейд ұйымдастырылды.
Рейд барысында халық көп шоғырланатын орындарда нысан иелері мен тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жүргізілді. Негізгі мақсат – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу.
Дайындаған
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





