Полицейлерге көмектескен
Қызылорда. Полиция басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров 5 қаңтар күні орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде азаматтық ұстанымын танытқан тұрғын Мақсат Сейтжапбарұлын марапаттады. Ол қала аумағында болып жатқан дүрбелең уақытында полиция қызметкерлеріне көмек берген.
Ауылдарда су ұңғымалары қазылады
Арал. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Сексеуіл кентінен алты шақырым жердегі «Қаракөл» су ұңғымасына барды. Қазіргі таңда 300 метр тереңдікте қазылған ұңғымаға алдағы уақытта мал су ішуге арналған астау орнатылады. Сондай-ақ, аудан басшысы Аққұм ауылдық округінен қазылған «Шәден» су ұңғымасына да барып, қазіргі жағдайымен танысты. 250 метр тереңдікте қазылған бұл ұңғымадан да кермек су шығуда.
Ұңғыманың басында болған ардагерлер аудан басшылығына ризашылық білдіріп, мұның алдағы уақытта тиімділігі зор болатындығын айтты. Аудан басшысы алдымен аса қажет ауылдық округтерде су ұңғымаларының қазылатынын айтып, кезегімен тиісті жұмыстар жүргізілетінін түсіндірді.
Құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды
Қазалы. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бірқатар құрылыс нысандарына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, Әйтеке би кентінде салынып жатқан 250 орындық мектеп құрылысын, Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешенінің құрылысын көрді.
Аудан әкімі мердігер мекемелер мен сала басшыларына сапаға мән беруді, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Комиссия отырысы өтті
Қармақшы. Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлының төрағалығымен әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, №121 мектеп әкімшілігі, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері онлайн режимде қатысты.
Жиында жасөспірімдер қауіпсіздігі, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігі айтылды.
Зейнет демалысына шығарып салды
Жалағаш. Аудан әкімі Асылбек Шәменов ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Әбдіғани Шадаевты қабылдап, 63 жас мерейтойымен құттықтады.
Аудан басшысы мерейтой иесіне құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында елеулі еңбек етіп, көптеген әлеуметтік нысандар құрылысының жүргізілуіне тікелей атсалысқаны үшін ауданның Құрмет грамотасын табыстап, сый-сыяпат көрсетті.
Қауіпті бағаналар ауыстырылуда
Сырдария. Ауданға қарасты Аманкелді ауылы тұрғындарының өтінішіне байланысты жауапты мамандар ауылішілік көшелерді аралап, толыққанды зерттеп шықты.
Қазіргі таңда елді мекенде 8 электр бағанасының тұрғындар үшін қауіпті екені анықталып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл әкімдері тікелей эфирге шықты
Шиелі. Ауданға қарасты Ақмая, Иіркөл, Жаңатұрмыс, Тұран, Бәйтерек, Керделі, Жиделіарық ауылдық округтерінің әкімдері «facebook» әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында онлайн тікелей эфирге шығуда. Тұрғындардың талап-тілектерін, ұсыныс-пікірлерін білуді мақсат еткен іс-шаралар 28 қаңтарға дейін өткізіледі.
Тұрғындар бүгін Тұран және Бәйтерек ауылдық округтері әкімдерінің, ертең Керделі және Жиделіарық ауылдық округтері әкімдеріне сауалдарын тікелей эфир барысында жолдай алады.
Әк зауытының жұмысымен танысты
Жаңақорған. Аудан әкімі Руслан Рүстемов Жаңақорған кенті аумағында орналасқан «Премиум Класс-Строй» ЖШС-на қарасты әк зауытының жұмысымен танысты.
Айта кетейік, 2018 жылы іске қосылған зауыт бүгінде аудан төңірегінен басқа, облыс, іргелес өңірлер мен аудандарды сапалы өніммен қамтуда. Зауытта күніне 200 тонна әк шығарылса, ал жылына 50 мың тонна өнім өндіріледі.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<