Қамыстыбас ауылдық округіне барды
Қамыстыбас ауылдық округінде болған аудан әкімі С.Сермағамбетов құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардағы жұмыс барысын көрді.
Ауылдық округке жасаған сапарын ол жеке кәсіпкер Жанболат Үмбетовтің полистиролбетон өндірісімен танысудан бастады. Кәсіпкер өткен жылдан бері қолға алған кәсібінің жұмыс барысымен таныстырды. Ол осы жоба аясында 4 адамды жұмыспен қамтуда. Шығарылған өнімге сұраныс жоғары болғандықтан, кәсібін кеңейтуге ниетті екендігін де жеткізді. Аудан әкімі өндірісін ұлғайту үшін қолдау көрсетілетіндігін айтып, кәсібіне табыс тіледі.
Одан соң «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Қазір нысанның ішкі жұмыстары жүргізілуде.
Су жайы алаңдатады
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Сырдария өзенінің арғы бетіндегі бірқатар шаруашылық басшыларымен кездесіп, егістікті суландыру жайын талқылады.
«Сол жаға» арнасының аяқ жағында орналасқан каналдар арқылы «Ақмаржан», «Рза-Агро» ЖШС күріштіктері мен жеке тұрғындардың бақшалық жерлеріне су жіберіледі. Қазір Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты егістік танаптары кеуіп, егілген күріштің күйіп кету қаупі төніп тұр. Ақжона ауылдық округіне қарасты «Қостам» учаскесінде шаруашылық басшылары қолда бар суды тиісті каналдар арқылы бөліп пайдалану ғана тығырықтан шығаратынын айтты.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай алдағы уақытта жоғары жақтан қосымша су келе жатқанын да айтты.
Бидайға алғашқы орақ түсті
Дауылкөл ауылдық округіндегі «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында бидайға алғашқы орақ түсті.
Алғашқы орақ салу рәсіміне Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов, аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және ауыл ақсақалдары мен диқан қауымы қатысты. Аудан әкімі жыл сайын егіннен мол өнім жинап, ауданның мерейін тасытып жүрген «Тұрмағамбет» ЖШС диқандарына алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Тұрмағамбет» ЖШС бойынша биыл 1700 гектар күріш, 50 гектар жаздық бидай, 267 гектар жоңышқа, 301 гектар ескі жоңышқа, 237 гектар мақсары дақылын орналастырылды.
Ән салдырған «Zhastar keshi»
«Amanat» партиясы аудандық филиалының «Жастар» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен М.Шәменов ауылдық округінде «Zhastar keshi» өтті.
Өнерлі жастар кешінде ауыл әкімінің және қайырымды азаматтардың демеушілігімен тегін балмұздақ таратылды. Халық арасынан белсенді өнер көрсеткен тұрғындарға ынталандыру сыйлықтары үлестірілді. Әнге жаны құмар жастар түрлі ән салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, кешкі серуенге шыққан ата-аналар мен жастар жанды дауыста ән тыңдап, жылы лебіздерін білдірді.
Меже мерзімінен бұрын аяқталмақ
Н.Ілиясов ауылында көшелерді жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба бойынша 10 көше қайта жаңғыртудан өтетін болады. Атап айтқанда асфальт жабындыларын төсеу, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу, жаяу жүргіншілер жолын салу, аяқсу жүйесін реттеу іс-шаралары атқарылады.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Сәрменбаев және тиісті сала мамандары құрылыс басталған аумаққа барып, құрылыс жүргізіп жатқан мердігер мекеме «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС-ның жауапты басшылары мен мамандарының жұмысына сәттілік тілеп, құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін жүктеді. Құрылыс 4 айға жоспарланған, дегенмен мердігер мекеме мерзімінен бұрын аяқтауды межелеп отыр.
Үздік келін анықталды
Ауданда ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды дәріптейтін шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Айталық, Шиелі кентінде аудандық «Үздік келіндер» байқауы өтті.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайысқа аудан бойынша 13 жас келін қатысып, 4 кезең бойынша өнер көрсетті. Әділқазылар шешімі бойынша Бала би ауылынан қатысқан жас келін Толқын Наурызбаева І орынды иеленді. Ал ІІ орын Бәйгеқұм ауылының жас келіні Назерке Бауыржанқызына бұйырды. ІІІ орынды майлытоғайлық Тоғжан Мұратқызы мен Ханым Ағыбайқызы бөлісті.
Мереке мерейі – мерейлі отбасы
Отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келеді.
Биыл да бұл жобаға кент, ауылдық округтерден келіп түскен 20 отбасының құжаттары қаралды. Құжаттар аудандық ішкі саясат бөлімімен сараланып, 20 маусым күні комиссия отырысына қарауға ұсынылды. Нәтижесінде аудандық комиссия мүшелері Зейдалиевтер, Төлегеновтер отбасыларын жеңімпаз деп таныды. Олар облыстық деңгейде бақ сынайтын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<