Аудан жұртының талап-тілектерін тыңдады

395

0

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Майлыбас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Басқосуда Мұхтар Әуесұлы алдымен ауданымызда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, қол жеткізген жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттерді тілге тиек етті.

Кезек тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға келгенде ақсуаттық ағайындар көгілдір отын мәселесін сұрады. Бұл жөнінде аудан басшысы толықтай түсіндіріп, сәтін салса округ жұрты үшін ошақ астынан күл алатын күннің де артта қалатынын жеткізді. Сонымен қатар Байқожа елді мекенінен келген тұрғындар күре жолдың бойындағы ауылдың тұсына бірнеше түнгі жарықшам қажет екенін айтып, ауылішілік жолдарды да қозғап өтті. Одан бөлек бұлақ мәселесін де ортаға салды. Тұрғындардың тарапынан айтылған түйткілдерге қатысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауап беріп, көтерілген ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

Жиын соңында ауыл ақсақалдары ауданда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға оң бағасын беріп, ризашылықтарын жеткізді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<