Тігін өнеркәсібі – Қазақстанның дамушы секторларының бірі. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжіндегі ерекше маңызға ие мамандықтың бірі де осы – «Тігін өнеркәсібі және киімдерді модельдеу». Дуальды оқыту технологиясына негізделген бұл мамандық бүгінде өз жемісі мен жетістігін беруде.
Колледжде жұмыс жасап келе жатқаныма 20 жылдың жүзі болды. Өндірістік оқыту шеберлерінің басты міндеті – студенттерді өз мамандығының білгірі болуға баулу, кәсіби шыңдау. Сабақ процесінің 40 пайызы теориялық білімге негізделсе, 60 пайызы практикаға бағытталады, яғни, білім ұямызда іскерлік дағдыны қалыптастыруға ерекше мән берілген. Тігін шеберханасы толықтай заманауи қажетті техникамен жабдықталып, оқытушы мен оқушыға ыңғайлы жағдай жасалған. Мәселен, өндірістік сабақтар өтетін шеберханада 19 тігін машинасы, 4 өрнек салуға арналған және 3 компьютерлік машина бар. Мұның барлығы оқу процесінің және студенттердің оңтайлы білім алуына мүмкіндік туғызады.
Биылғы оқу жылында тігінші мамандығына сұраныс артып, 3 топты оқытудамыз. Жалпы саны 80-ге жуық студент білім алуда. Бұл аудан тұрғындарының кәсіптік колледжге, тігін мамандығының келешегіне сенімі деп білеміз. Студенттерге кәсіби тігіншілер, білікті санатты 20 оқытушы дәріс береді. Тек қана колледжішілік емес, аудандық мәдени-тәрбиелік шараларға ұлттық нақыштағы киімдер тігіп, өз үлесімізді қосудамыз.
Айта кетерлігі, пандемия кезінде аудан жұртшылығының, тіпті облыстың қажетіне бетперде тігіп, қызмет қылдық. Кәсіптік колледждің әкімшілік бөлімі мен тігін мамандығының оқытушылары ауызбіршіліктің ерен үлгісін көрсетіп, еңбек қыла білді. Бәрі де елдің қамы үшін. Мамандыққа деген адалдық серті үшін.
Тігінші болу – бұл тек ине ұстап, тігін тігу ғана емес, бойыңдағы өнеріңді замана ағымына сай икемдеу, жан-жақты шыңдау. Мәселен, ауданымызда тігінші көп болғанымен, заманауи киімдерді модельдейтін, жаңа образдар мен дизайн жасайтын кәсіби тігіншілер некен-саяқ. Менің ойымша, қолына ине ұстап, туындыны көркемдейтін тігінші болуды армандайтын әрбір жас киім дизайнері болуды да мақсат ету керек. Өйткені, бұл – ауданда ғана емес, күллі Қазақстанда да тапшы мамандықтың бірі. Ал замана ағымына ілесіп, жаңа процеспен оқытуды қолға алған кәсіби колледждің негізгі мақсаты осы – білімі мен білігі шыңдалған кәсіби тігіншілер даярлап шығару, қоғам сұранысына қызмет ету.
Гүлбану ЖАПБАРОВА,
Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің
өндірістік оқыту шебері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<