«AMANAT» партиясы республикалық мобильді қабылдау тобы өкілдерінің өңірлерге сапары жалғасып жатыр.
Олар осы аптада Жалағаш, Сырдария аудандарына қарасты Бұқарбай батыр және Қалжан ахун ауылдарында болып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Мобильді қоғамдық қабылдау шарасына партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты А.Әбенов, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Л.Төрешова, облыстық мәслихаттағы партия фракциясы мүшелері Ә.Шаймағамбетов пен Ж.Ембергенов және тиісті басқарма басшылары мен орынбасарлары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және заңгерлер қатысты.
КӘСІБИ ЗАҢГЕРЛЕР КЕҢЕС БЕРДІ
«AMANAT» партиясы республикалық мобильді қабылдау тобының өңірге сапары аясында партияның Қызылорда қалалық филиалында «Құқықтық көмек» жобасы аясында қала тұрғындары тәжірибелі заңгерлер мен білікті мамандардан заң аясындағы сұрақтарына жауап алды.
Қабылдауға «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты А.Әбенов, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары А.Жарылқасынов және кәсіби заңгерлер қатысты.
Кеңес алуға келуші тұрғындар негізінен қаржылық мәселелер, банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдындағы берешекті реттеу, жеке сот орындаушылардың іс-әрекеттері, алимент өндіру, жер даулары және тұрғын үй-коммуналдық қатынастар бойынша мәселелерін ортаға салды.
ЖОЛ КАРТАСЫ ЖӘНЕ БЕС БАҒЫТ
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен арнайы брифинг өтті. Онда БАҚ өкілдеріне партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындауға бағытталған облыстық Жол картасы таныстырылды.
Жол карта бағдарламаны іс жүзінде тиімді іске асыру үшін «Аймақ экономикасын дамыту», «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту», «Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қолжетімділігін арттыру», «Әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау» және «Экологиялық жағдайды жақсарту» секілді 5 бағытқа топтастырылған.
ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов бастаған филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері сайлауалды бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан Қызылорда қаласындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарына мониторинг жүргізді.
Комиссия мүшелері зерделеу барысында анықталған кемшіліктерге қатысты әрбір нысанға тапсырыс беруші, мердігер, техникалық бақылаушы, жобалаушы, мемлекеттік сараптамашы да жоғары жауапкершілікпен қарау керектігін жеткізді.
БЕЛСЕНДІ МҮШЕЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ
Партияның облыстық филиалы төрағасы Наурызбай Байқадамов аймақтық кеңестер мүшелерімен бас қосты.
атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді пысықтады. Шара барысында белсенді кеңес мүшелері партияның Алғыс хатымен марапатталды.
САУДА НЫСАНДАРЫНДА БОЛДЫ
Партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы «магнум», «анвар» ірі сауда нысандарында болды.
әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы мен сапасына және қамтамасыз етілуі бойынша бақылау жүргізді. Мұнан бөлек «Зерде» дәріханасындағы дәрі-дәрмектердің бағасы, қолжетімділік мәселелері назарға алынды.
Бағаны бақылау жұмыстарын аудандық, қалалық филиалдар да апта сайын тұрақты түрде жүргізуде.
«ЖАСТАРҒА – ЖҰМЫС!»
«Жастар Рухы» жастар қанатының және «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бітіруші түлектер мен жұмыссыз жастар үшін арнайы қала аумағындағы тұрақты және маусымдық негіздегі жұмыс орындары бойынша бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Сонымен қатар, жастарға құқықтық көмек ұсынылып, тұрғын үй алу, мемлекеттік және жергілікті жастар бағдарламаларына қатысу, кәсіпкерлік жобаларға қаржы алу немесе жүзеге асыру, жеңілдетілген 2,5% несие алу, міндетті зейнетақы қорын ашу немесе жинақталған қаржыны игеру туралы сұрақтары бойынша кеңестер берілді.
ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ
Облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелері А.Рахметов, Е.Искендер, А.Әбибуллаева партияның облыстық филиалында, Д.Жұмбеков Шиелі аудандық филиалында жеке қабылдаулар өткізіп, тұрғындар тілектерін тыңдады.
Жалпы апта ішінде аймақтық және аумақтық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарында түрлі форматтағы қоғамдық-саяси 73 іс-шара ұйымдастырылды.





