Ауған асуында от кешкендер

1385

0

Биыл Кеңес әскерлерінің отты Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл. Тарихтан белгілі, 1979 жылдан бастап он жылға созылған сұрапыл соғысқа қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Ауғанстан Республикасы жерінде интернационалдық борышын өтеп, отансүйгіштік пен патриотизмнің ерен үлгісін көрсеткен батырлардың арасында қармақшылық ардагерлер де бар.

Солардың бірі – 1986 жылы 18 жасында әскер қатарына шақырылып, Ауғанстан аумағында әскери қызметін атқарған Бахтияр Исаханов. Ол 1968 жылы Қармақшы пуданының орталығы Жосалы қыстағында дүниеге келген. Осындағы №105 қазақ орта мектебін бітірген соң 1985 жылы Жезқазған құрылыс техникумына оқуға түседі. Техникумның бірінші курсында білім алып жүрген бозбала әскер қатарына шақырту алады. Алайда ол Отан алдындағы борышын өтеу үшін отты ауған жерінен бір-ақ шығамын  деп ойламаған еді.

– Ауғанстанның Полихумра жерінде әуе атқыштар әскери құрамында болдым. Әрине, бұл соғыс адамзат өміріне қасірет алып келді. Қаншама жас жігіттер қыршын кетті. Оның арасында менің де достарым бар еді. Туған жерге мүгедек болып оралғаны да қаншама? Соғысты көзбен көріп, адамға қару кезену өте ауыр екенін түсіндік. Лайымда соғыс деген суық сөзді ұрпақтарымыз естімесе екен. Төткүл әлемде тек бейбітшілік болсын деп тілеймін, – деді Ауған соғысының ардагері Бахтияр Исаханов.

Отанына аман-есен ораламын деп ойламаған бозбала 1988 жылы елге қайтады. Одан соң 1990 жылы аяқталмаған оқуын тәмамдап әр салада бағын сынайды. Бүгінде ол Қармақшы аудандық «Октябрь топтық су құбырында» қызмет істейді. Зайыбы Зәмзагүлмен бірге отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<