Ауған соғысының ақиқаты мен тарихи тағылымы

1563

0

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 34 жыл. Осыған орай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттер сарайында «Ауған соғысының ақиқаты мен тарихи тағылымы» атты дөңгелек үстел өтті.

Тағылымы мол басқосуға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, «Аманат» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары, зиялы қауым өкілдері мен Ауған соғысының ардагерлері қатысты.

Жиында Ауған соғысының ауыр зардаптары мен оған қатысқан батырлардың өшпес ерлігі айтылып, тарихта таңбаланған оқиғалар еске алынды. Өз кезегінде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан батырлар ешқашан ұмытылмайтынын айтып, жауынгерлердің өжеттігін жас буынға насихаттау керектігін жеткізді.

Екінші жаһан соғысына пара–пар, зардабы мен залалы ауыр Ауған соғысының тарих қоржынына кеткенімен оның жарасы жазылған жоқ. Ауған соғысы – батырлардың ерең ерлігімен есте қалған алтын тарих. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Сондықтан да жас буынға Ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу әрқайсымыздың қасиетті борышымыз, – деді басқарма басшысы Алмасбек Есмаханов.

Одан кейін сөз алған «Аманат» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов Ауған соғысына қатысқан батырлардың ерлігі ерең екенін тілге тиек етті.

-Жастық шағын туған жерден тыс жерде, майдан даласында өткізген азаматтардың ерлік істерін ұрпаққа дәріптеу – біздің бүгінгі басты парызымыз. Осы ретте, жыл сайын 15 ақпанды Ауған жерінде интернационалдық борыштарын өтеу барысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу күні ретінде атап өтіп жүрміз. Қазақ қашанда «Ер – елдің қорғаны» деп, ер-азаматтың қоғам алдында бағасын асырып, мерейін тасыта білген халық. Осы ретте, шейіт болған сарбаздарымыз, Ауған соғысы ардагерлері, азаматтық пен батырлықтың биік үлгісін көрсетті, Отан алдындағы парызын адал ақтады, – деді Наурызбай Байқадамов.

Айта кетейік, Сыр өңірінен Ауған соғысына 827 адам қатысып, 18 адам қаза тапты. Қазіргі кезде, облыс көлемінде 667 ауған соғысының ардагерлері бар.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<