Ауғанның от-жалыны шарпыған жалағаштықтар

1065

0

Азамат соғысының өрті лаулаған Ауғанстан демократиялық республикасына «Кеңестер Одағының оңтүстік шекарасын американдық империалистердің агрессиясынан қорғау мақсатында» деген желеумен Кеңес армиясының шектеулі контингентін (ОКСВА) енгізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының отырысында қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілді.

Сөйтіп, бұл оқиғаға дейін ұзақ жылдарға созылған Кеңестер Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы әскери және саяси бәсекенің ақыры мыңдаған кеңес әскерлерінің Ауғанстанға кіргізілуіне әкеліп соқты.

1979 жылдың 27 желтоқсан күні Ауғанстан мемлекетіне басып кірген Түркістан әскери округының 40-шы армиясының түрлі әскери бөлімдері он жыл бойы бейбіт ауған халқына көмек көрсетіп, алпауыт шет елдері қаржыландыратын ауған моджахедтеріне қарсы соғыс қимылдарын жүргізді.

Осылайша, бір мемлекет ішіндегі азамат соғысы өңірлік соғысқа ұласып, халықаралық сипат алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының 1980 жылғы 14-қаңтардағы Қарары тәуелсіз Ауғанстан Демократиялық Республикасына Кеңес әскерлерінің басып кіруі «шетелдік әскери басқыншылық» деп ресми жариялады. Осыған байланысты халықаралық ұйымдар Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына өздерінің жаппай наразылықтарын білдірді.

1986 жылдан бастап Кеңестер Одағының басшылығы бүкіләлем қауымдастығының алдында саяси қате жібергенін мойындап, оны түзету жолдарын қарастыра бастады. 1986 жылдың ақпанында болған Кеңестер Одағы Коммунистік Партиясының ХХVІІ-съезінде Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачев кеңес әскерлерін кезең-кезеңге бөліп, ауған жерінен шығару керектігін мәлімдеді.

Сөйтіп, 1989 жылы ақпанның 4-і күні КСРО-ның соңғы әскери бөлімі ел астанасы Кабул қаласын тастап шықты. Осылайша, өpic алған «жұмбақ соғыс» 10 жылға созылып барып тоқтады. 1989 жылдың 13-ақпанында Өзбекстан Республикасының Термез қаласы маңындағы шекаралық көпірді шекарашылармен бірге ең соңғы болып кесіп өткен он жыл бойы Ауғанстан мемлекетінде соғыс қимылдарын жүргізген 40-шы армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Борис Громов кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан толық әкетілгенін бүкіл әлемге ресми түрде жариялады.

Осылайша, кеңес әскерлерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті елге оралды. Ресми статистика деректеріне сүйенсек, 2238 күнге созылған Кеңес-Ауған соғысына жалпы 22 мыңнан аса қазақстандық қатысып, оның ішінде 924 жауынгер мерт болып, 1015 отандасымыз түрлі деңгейде жарақат алып, мүгедек болып елге оралды, 21 адам сол бойы хабар-ошарсыз кетті. Өткен 34 жыл ішінде тәнге түскен әскери жарақат пен түрлі дерттің салдары мен «ауған синдромынан» республика көлемінде 3 мыңға жуық интернационалист- жауынгерлер қайтыс болды.

Осы соғысқа қатысқан 821 қызылордалықтардың майдан даласында 20-сы қаза тауып, 31-і елге мүгедек болып қайтты. Жалағаш аудандық әскери комиссариатынан алынған мәліметке сүйенсек, Ауғанстан жерінде жалпы 41 жалағаштық жігіт өзінің интернационалдық борышын өтеген. Қазіргі таңда жалағаштық 8 «ауғандық» жауынгер жарақат пен түрлі дерттердің салдарынан елге оралғаннан кейін қайтыс болады. Жерлестеріміз Қызыл Жұлдыз орденінің кавалері Айтбай Күзембаев, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарының иегерлері Рашид Ниязов, Асқар Бітіков, Зауал-Махан Баймұратов, Аман Жүгінісов, Байманбек Қаңлыбаев, Махамбет Ешмаханов, Қозыбай Рахметов сынды боздақтардың есімдері мәңгі ел есінде.

Қазіргі таңда аудан көлемінде 20 жауынгер-интернационалист тұрып жатыр. Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 34 жыл өтсе де сол кездегі жауынгерлер – бүгінгі бейбіт өмірдің еңбеккерлері соғыс салған жан жарасынан айығып, қасіреті мен елесінен арыла алмай келеді.

1979–1989 жылдардағы Кеңес-Ауған соғысы Кеңес дәуірі тарихының ең қаралы әрі «ақтаңдақ» беттерінің бірі болып қалды. Отан алдындағы интернационалдық борышын адал атқарған мыңдаған жас ұрпақ саяси ойынның құрбанына айналды. Ұлынан айырылған ана да, әкесінен жетім қалған бала да Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған асылдарының неліктен оққа ұшқанын біле алмай дал болды. Он жылға созылған бұл соғыстың кімге, не үшін қажет болғаны – бүгінгі күннің басты сұрағы. Cодан бері міне зымырап 34 жыл өтіпті, соншама уақыт өтсе де сол қып-қызыл от-жалын шарпыған жылдар кешегі бозбала, бүгінгі аға буынның көз алдында. Қаншама қыршын жасты шалғыдай жапырып, баудай түсірген жарияланбаған соғыстың салған лаңы мен қасіретіне әлі де лағынет айтылуда.

Сондықтан, бұл соғыстың қасіреті мен естелігі әлі талай ұрпаққа сабақ болары сөзсіз. Мынадай мамыражай бейбіт заманда өмір сүріп жүрген біздер білуге тиіс бір қағида – соғыста жауынгер өлсе де, естелік мәңгі өлмек емес. Міне, сол естеліктің жасампаздығы болар, 2018 жылдың күзінде аудан орталығында ерлікке тағзым етудің азаматтық үлгісі ретінде Семей атом сынақ полигонында әскери қызметте болған, 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясында орын алған техногендік апаттың салдарын жоюға қатысқан және 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстан жерінде өздерінің интернационалистік борышын өтеген жалағаштықтардың құрметіне арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Бұл ескерткіш биік азаматтық ар-ожданның, әскери антқа адалдықтың, Отанға қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен барлық жалағаштық ардагер жауынгерлердің абыройын асқақтатып, құрметін арттырды.

Айгүл Піржанова,

Бұқарбай батыр тарихи музейінің ғылыми қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<