Аукциондар электронды форматта өтеді

777

0

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті іске асыру үшін Энергетика министрлігі 4 заңға тәуелді актіні қабылдады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова айтты.

Оның ішінде операторды анық­тау талаптары, аукцион өт­кізу ережелері және жер қой­науын пайдалану құқығын беру жөнін­дегі комиссия туралы ереже қамтылған.

Вице-министрдің айтуынша, ведомство көмірсутектер бо­йын­ша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электронды аукциондар операторының интернет-ресурсын пайдалана отырып, электронды нысанда аукцион өткізу қағидаларын бекітті. Бюджет қаражатын үнемдеу мақ­сатында қажетті қызметі бар қол­даныстағы ақпараттық нысандарды (платформаларды) пайдалану мәсе­лесі шешілді.

Талапқа сәйкес, электронды аукцион операторы ретінде – жар­ғы­лық капиталына мемлекет 100% қатысатын «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ айқындалды.

«Қатысушы, инвестор, әлеует­ті өтінім беруші электронды аукционға қатысу үшін аукцион­ды өткізуге өтініш беруі тиіс. Өті­ніш электронды түрде бері­леді. Бұл биылғы цифрлы қолтаң­баның көмегімен енгізілген жаңалық­тардың бірі. Өтініш жер қойнауын пайдаланудың мемлекеттік қо­рын басқару бағдарламасына енгізіл­ген учас­келер бойынша беріледі. Бұл бағдар­лама Индустрия жә­не ин­фра­құрылымдық даму ми­нистр­лігінің бұйрығымен бекі­тіледі. Қазір онда жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін 82 учаске көрсетілген. Өті­ніш ке­ліп түскеннен кейін Энер­ге­тика министрлігі 20 жұмыс күні ішінде осы өтініштердің барлы­ғын қарайды және оң шешім қа­был­­данған жағдайда интернет-ресурс­та хабарлама жарияланады», деді Ж.Жахметова.

Міндетті шарттарға қазақ­стандық кадрларды оқыту, ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындар, олар­­мен жүргізілетін жұмыстар және жергілікті қамту жатады. Хабарлама жарияланғаннан кейін әлеуетті өтініш беруші сауда-сат­тыққа қатысуға электронды түр­де өтініш беріп, жарна тө­лейді. Бүгінде оның мөлшері 100 АЕК құрайды, бұл – шамамен 277 мың теңге.

«Қатысушылар сайтта тірке­ліп, нөмір алады және аукцион за­лына электронды аукциондар өткізілгенге дейін бір сағат бұрын кіреді. Бұл өте маңызды. Өйткені аукцион кезінде кірмесе, ол өтпеуі мүмкін. Аукцион бағаны арттыру арқылы өтеді. Біз бастапқы жазылым бонусын ұсынамыз және содан кейін баға өсіп отырады. Қатысушылар өз бағаларын ұсы­нады. Ережелерде аукцион қадамының қалай өсетінін си­паттадық. Мысалы, ағымдағы жа­зылу бонусы 20 мың АЕК-ке тең немесе одан аз болса, онда аукционның келесі қадамы 25%-ға, одан әрі 20, 15, 10 және 5%-ға ұлғаяды. Ал аукцион жеңімпазы анықталған кезде, ол келіскен қол қою бонусын төлейді, содан кейін онымен келісімшарт жасалады», деді ведомствоның өкілі.

Жаңа ережеге сәйкес, алғашқы аукцион 23 желтоқсанда Нұр-Сұл­тан уақытымен сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін өтеді. Сауда-сат­тыққа 400 млн теңгеге қол қою бонус­тарының жалпы бастапқы мөлшері бар 10 мұнай-газ учас­кесі шығарылады. Олардың тұ­тастай ауданы – 29 мың шаршы шақырымды құрайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<