Ауқымды мәселелер ақылдастықпен шешіледі

655

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барып, Ақжарма ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ақсақалдар ауылға қатынайтын жедел жәрдем көлігінің тозығы жеткенін және мектепке күрделі жөндеу жүргізу мәселесін көтерді. Облыс әкімі әрбір ауылдың әлеуметтік мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әрбір ұсыныстың ескерілетінін жеткізді.

Одан кейін аймақ басшысы Тереңөзек кентіндегі «Мансұр» жеке спорт клубы мен «Бақнұр-Бөбек-3» бөбекжай-балабақшасының жұмысымен танысты. Мұнда спортпен шұғылданып жатқан жастармен пікірлесті. Спорт клубы 2020 жылы пайдалануға берілген. Жаттығушылар шахмат, дзюдо, қазақ күресі, таеквондомен айналысады. 8 тұрғын жұмыспен қамтылған. Ал, «Бақнұр-Бөбек-3» балабақшасының жұмысы 2015 жылы басталған.

 150 орындық мектепке дейінгі ұйымда кітапхана, әдіскерлер мен оқыту бөлмесі бар. Облыс әкімі білім саласына инвестиция құюға мүдделі жеке кәсіпкерлердің қатары артқанын айтып, балалардың лайықты білім алуына қатысты шараларды жалғастыру қажеттігін жеткізді. 

Сапар аясында облыс әкімі Қалжан ахун ауылдық округінде медициналық пункттің жұмысымен танысып, ауыл халқының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ел азаматтары медициналық пунктке күрделі жөндеу жұмысы қажет екенін айтып, аяқсу мәселесін шешіп беруді сұрады. Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалар арқылы медициналық бекет ғимаратын қайта жөндеуге тиісті қаржы бөлу мәселесі қаралғанын айтып, аяқсуға қатысты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Сонымен қатар аймақ басшысы 1600-ден астам тұрғыны бар С.Сейфуллин ауылының азаматтарымен пікірлесіп, толғандырып жүрген сауалдарын тыңдады.

Кездесу барысында мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу, «көгілдір отынға» қосылу, жол салу, тұрғын үй құрылысы, бизнесті «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы төмен процентпен несиелендіру мәселелері айтылды.

Өңір басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы аймақта бірнеше ауылдың инфрақұрылымы жақсарғанын назарға салып, бизнес жасауға ынталы азаматтарды қолдау қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімі А.Тоқмағамбетов ауылдық округіндегі тұрғындармен кездесуінде бірқатар әлеуметтік мәселелерді талқылады. Оның ішінде елді мекенді газға қосу, жол салу, амбулаторияны жөндеуге қатысты сұрақтар бар. Сонымен қатар, азаматтар жер үлесі мәселесін көтерді. Аймақ басшысы жер дауының түйіні заң аясында екі тараптың бірлескен шешімі негізінде тарқатылатынын еске салды.

Айту керек, осы кезге дейін облыс әкімі 120-ға жуық елді мекенді аралап, түйткілді мәселелерді саралай келе, түпкілікті шешім қабылдауға ықпал етуде.

Облыс әкімі Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған арнайы жиын өткізді. Оған салалық басқарма басшылары мен шаруалар қатысып, көктемгі егін науқанына дайындық, эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру, субсидияны бөлу тәртібі мен белгіленген лимит бойынша суды пайдалану мәселелерін талқылады.

Жиында өңір басшысы биыл да су деңгейінің төмен болатынын қаперге салып, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру, бекітілген лимитке байланысты суды тиімді пайдалану керектігіне тоқталды. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, канал арналарын тазалау, насос қондырғыларын орнату мен вегетациялық кезеңдегі әрекет ету жұмыс жоспарын айтты.

– Бүгінге дейін барлық аудандағы шаруалармен кездесіп, ортақ мәселелерді талқыладық. Оның ішінде су лимитін дұрыс пайдалану, егілетін егін көлемін нақтылауға тиіспіз. Облыстағы су тапшылығының алдын алу мақсатында Жол картасына енгізілген бірінші кезектегі 65 жобаға ҚР Үкіметі резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Оған барлығы 22 каналды тазалау, 52 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алу жоспарда бар. Соның ішінде, Сырдария ауданы ауылдық елді мекендерінің экологиялық жағдайын жақсарту және егістікті суландыру үшін биыл 429 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаржыдан аяқсуға 19 насос және егістікті суландыруға 15 насос, облыстық бюджеттен 3 насос қондырғысы сатып алынады, – деді аймақ басшысы.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев су тапшылығының алдын алу бойынша атқарылатын жұмыстар туралы айтса, бірқатар басқарма басшылары вегетация кезеңінде аймақта іске асырылатын жұмыстар жайын баяндады.

Жиында «Ақжарма-2», «Қызылдиқан» шаруа қожалықтарының төрағалары мен «Мәді Қажы» серіктестігінің директоры субсидия алу, тыңайтқыштарды сатып алу, мал азығын дайындау мен оны тасымалдау, көктемгі егінге қажетті су қорына қатысты өзекті мәселелерін жеткізді. 

Отырыста өңір басшысы су лимиті белгіленсе, егін көлемін нақтылау керектігін қаперге салды. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен қоғамдық жұмыстарға бөлінетін қаржыға егін науқаны кезінде қызмет ететін мамандарды қолдау тетіктерін қарастыру керектігін айтты.

Айтылған ұсыныстарды ескере отырып, өңір басшысы аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді. Оның ішінде, егіске қажетті суармалы судың лимитін нақтылап, он күн сайын су жеткізу кестесін белгілеуді, каналдарды тазалау жұмыстарын жүргізуді және қажетті су насостарын алуды жеделдетуді  жүктеді.

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<